Фото: ашық дереккөз
1 қыркүйектен бастап мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың яғни дәрігерлер мен балабақша тәрбиешілерінің жалақысы артады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсті. Биыл 30 пайызға ұлғаяды. Еліміздегі жалпы білім беретін мектептердегі бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Тегін тамақтандыруда Алматы қаласы бойынша әр балаға 800 теңге бөлінсе, басқа өңірлерде 577 теңге. Қыркүйек айынан студенттердің, магистранттардың және докторанттардың шәкіртақысы да артады. Бакалавриат дәрежесі бойынша білім алушы студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттарға 15 пайыз, техникалық және кәсіптік білім алушы студенттерге 50 пайыз қосылады. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларының да еңбекақысы 20 пайызға өседі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік аз қамтылған отбасы студенттерінің жатақханаға жұмсайтын шығыны субсидия есебінен төленеді. Жаңартылған «Білім туралы» заң күшіне енеді. Соған сәйкес жоғары оқу орындары студенттерді жатақханаға орналастыруға міндетті болады. Заң талабы орындалмаса, айыппұл салынады.
Сонымент қатар осы айдан бастап «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» туралы заң қолданысқа енгізіледі. Бұл заңда «онлайн-платформа пайдаланушысы» және «инфлюенсер (блогер)» деген ұғымдардың анықтамасы айқындалып, инфлюенсердің құқықтары мен міндеттері нақты жазылған. Бұдан былай ғаламтор арқылы ақша табушы блогер біткен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табыс салығын төлейтін болады.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның 11-бабына сай ит пен мысық асыраушылар үй жануарын есепке қойып, чип салдыруға міндетті болады, орындамаса айыппұл арқалайды. Бірақ бұл қызмет ақылы негізде жүзеге асырылады. Ветеринарлар ит, мысыққа чип салғаны үшін 3,5-8 мың теңге аралығында ақша алады. Халықтың әлеуметтік осал топтары асырап отырған үй жануарына чип салдыру ақысы бюджет есебінен өтеледі.