Пікір • 01 Қыркүйек, 2023

Ел игілігі еселенсін десек...

235 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын ден қойып, мұқият тыңдадық. Жолдауда айтылған келелі мәселелер жалпы жұртшылықтың көкейінде жүрген дүние.

Ел игілігі еселенсін десек...

Мемлекет басшысының Жолдауында ауыл шаруашылығын өркендетудің оңтайлы жолдары көрсетілген. Ендігі арада салаға серпін  беретін өзгерістер қажет. Осы орайда Мемлекет басшысы «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Бір агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор, бірақ, қолда бар мүмкіндікті әлі де толық пайдаланбай отырмыз» деп атап көрсетті. Шынында да, ақық дән аялап, ақтылы мал өсірген елде азық-түлік молшылығын жасаудың зор мүмкіндігі бар екені белгілі. Тек соның орайын таба алмай отырмыз. Ойдағы іс жүзеге асса, азық-түліктің де молшылығы болар еді, мал сүмесімен күн көретін ауыл тұрғындарының да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып қалар еді.

Айталық, шалғайдағы шағын ауыл тұрғындары ауыр еңбекпен бағып отырған мал өнімдерін ұқсатып сата алмай отыр. Сүт өнімдерін жинап өңдеу кемшін. Есесіне облыс орталығындағы азық-түлік дүкендерінде шеттен тасымалданатын құрғақ сүт толып тұр. Тығырықтан шығу үшін менің ойымша қанаттас қоныстанған төрт-бес ауылдың ортасында сүт жинайтын тоңазытқышы бар орын ашса. Онда жиналған сүтті таңғы, кешкі сайынын бір-ақ қосып сүт зауытына тасымалдаса, өзіндік құны қымбаттамас еді. Есесіне мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары сауған сүттеріне орай ақысын алып, қор жинайды. Әйтпесе, қысы алты айға созылатын солтүстік өңірде малдың төлімен пайда табу өте қиын шаруа. Екіншіден, ауыл адамдарының бағымындағы етті өткізу көлденеңнен кезігер қиындығы көп мәселе болып тұр. Олар қалалық жердегі базарларға жеткізіп, бордақылаған малдарын толымды бағаға өткізе алмай отыр. Демек, аудан орталықтарында, ірі елді мекендерде мал өнімдерін өңдейтін шағын ет комбинаттары салынса. Міне, сол кезде адал еңбек иелері оңайдан пайда табатын алыпсатарларға жем болмас еді.

Мемлекет басшысы да өнім өткізетін үлкен нарықтар бар екендігі туралы айтып отыр. Біз қашанғы күйбең тірлікпен күнелтпекпіз?! Ел игілігі еселенуі үшін азық-түлік сапасын арттырып, бар өнімді ұқсату міндеті өте дұрыс қойылып отыр. Ендігі арада өнімді жоғары деңгейде өңдей білуіміз керек. Ол үшін әрине, жергілікті жердегі әкімдер халыққа да пайдалы, мемлекетке де пайдалы шаруаны ұйымдастыруы қажет деп есептеймін.

Солтүстік өңір әсіресе көктемде көкөніске зәру. Себеп, көкөніс сақтайтын қоймалардың аздығы. Сондықтан, сырттан тасымалданатын өнімнің осы түріне сұраныс жоғары. Сұраныс болғаннан кейін баға да өсіп кетеді. Азық-түлік белдеуіндегі аудандарда көкөніс қоймалары көбірек салынса, бәсекелестік пайда болып, бағаны тежеуге де септігін тигізер еді. Мемлекет  басшысының сапалы өнімді қажетті көлемде, тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет деген ойына зер салсаңыз, осы тараптағы ахуалды тамыршыдай тап басып отырғандығын аңғарар едіңіз. Шағын шаруаның мүмкіндігі аз. Өнімді өңдеу үшін іріленген, қуатты кәсіпорындар керек. Сонда ғана ауыл шаруашылығының осы бағыты алға жылжиды. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізе алатын болсақ, ел игілігі артады. Бұл жаңа жұмыс орындары,  тұрақты еңбекақы деген сөз. Тоқшылық бар жерде тыныштық болатындығын естен шығармаған абзал.

 

Талғат ЖҮНІСОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты