Сұхбат • 02 Қыркүйек, 2023

Сәуле Рахметуллина: Қуатты университет – қуатты өңір

369 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстандағы маңдайалды оқу орындардың бірі – Дәулет Серікбаев атындағы техникалық университет екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. Олай дейтініміз, цифрландыру заманында оқу орнындағы ұстаздар мен студенттер уақыт көшінен қалыспай, ғылым саласын дамытуға зор үлес қосып келеді. Университеттің қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Атқарылған жұмыстар мен алдағы оқу жылына жоспар төңірегінде оқу орнының басқарма төрағасы-ректор Сәуле РАХМЕТУЛЛИНАмен әңгімелескен едік.

Сәуле Рахметуллина: Қуатты университет – қуатты өңір

– Сәуле Жәдігерқызы, сіз жоғары бәсекеге сай оқу орындардың қажетті­лігі туралы айтудай-ақ айтып келесіз. Ол туралы тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі­ңізде де айттыңыз...

– Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деп саяси бағытты нақты белгіледі. Осы орайда айта кетсем, Шығыс Қазақстан –өндірісті өңір. Мұнда тау-кен металлургия өнеркәсібі, энергетика, машина жасау сынды өндіріс орындары жетерлік. Соған қарай 65 жыл ішіндегі оқу орнының бас­ты міндеті – өндіріске қажетті маман­дарды ­даярлау болды. Кеңес үкіметі кезін­де жоғары оқу орындарының түлекте­рін аймақтарға жіберіп, кәсіпорындар­дағы кадр мәселесін шешіп отырған. Қазір ол жүйе жоқ. Талапкерлер Алматы мен Астананың жоғары оқу орындарына түседі, сонда оқиды, жұмысқа қа­лады. Соның салдарынан мегаполис­тер­де жатақхана тапшылығы туындап, тү­лектер мамандығы бойынша жұмысқа ор­наласа алмай жатады. Мәселен, мемле­кет инженер-металлургтерді даярлауға қаражат жұмсап, келешекте Шығыс Қа­зақ­станда жұмыс істейді деп сенім арт­қанымен, олар басқа жақтарға кетіп қа­лады. Сондықтан ірі өндіріс ошақтары орналасқан жерлерде техник мамандар даярлауды күшейте түсу керек. Бұл тә­сіл Батыста қолданылады. Сонымен қатар жергілікті жері бойынша оқуға түскен түлек университетке табыс әкеліп, оқу ор­нының инфрақұрылымын жаңартуға, ғылымға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Мысалы, біздің оқу орнымызға шетелдік білікті мамандар, ғалымдар тартылған. Идеялары тың студенттер де баршылық. Оның бәрі облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосады.

– Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінен қандай қолдау көріп отырсыздар?

– Көрсетіліп отырған қолдау өте үлкен. Ведомство бір жыл бұрын ғана құрылса да, қыруар шаруа тындырды. Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Оны әзірлеуге еліміздегі университеттердің өкілдері түгелдей дерлік қатысып, өз пікірлерін білдірген. Айта кетерлігі, ол тұжырымдамада аймақ­тар­ға баса назар аударылды. Сонымен қатар ғылымды қаржыландыру көлемі өс­ті. Техникалық бағыттар бойынша мем­лекеттік тапсырыс 60 пайызға дейін ұл­ғайды. Биыл алғаш рет квоталау енгізіліп, инженерлік мамандықтарға гранттардың 10 пайызы бөлінді. Біздің университет квота бойынша 102 студентті қабылдады. Ғылымның бюджеті үш есе өсіп, біздің университетте оның үлесі 28 пайызға жет­ті. Бұл – әлемдік деңгей. Сөйтіп, жал­пы сомасы 4,5 млрд теңгеге өтінім бер­дік. Яғни біздің ғылымда нақты эконо­ми­калық пайда әкелетіндей көптеген қол­данбалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ тау-кен металлургиялық ком­панияларымен бірге 20 ғылыми-зерт­теу, конструкторлық жұмыстарды жос­парладық. Кәсіпорындарға көмектесу үшін «Smart Engineering» құзыреттілік орталығы жұмыс істеп тұр. Өткен оқу жылы университет үшін серпінді жыл болды. Университет QS агенттігінің ең көп келтірілген академиялық рейтингінде әлемдегі ең үздік 950 университеттің қатарына кірді. Үздік 50 көрсеткіш бойын­ша жетістіктерді ескеретін «QS Stars» халықаралық рейтингінде университет ­«4 жұлдыз», ал дайындық, жұмысқа орналасу және тұрақты даму санаттарында «5 жұлдыз» бағасына ие болды. Ал тұрақты даму қағидаттарын ұстанушы ретінде оқу орнымыз «The Times Higher Education Impact» рейтингіне алғаш рет кірді. Энергия үнемдеу, көміртегі бейтараптығы және газдар шығарындыларын азайту саласындағы жобалар жоғары бағаға ие болды: университет әлемдегі ТОП-850 және еліміздегі ТОП-2 қатарына енді. Әлемдегі ең «жасыл университеттер» клубында біз республикада абсолютті көшбасшы бола отырып, 105-ші орынды иелендік. Тағы бір жетістік, ШҚТУ Орталық Азияда бірінші болып CDIO (conceive, design, implement, operate) бас­тамасына толыққанды мүше болды. Бұл әзірлеген инженерлік кадрларды тәжірибеге бағытталған оқыту стандарттары. Олардың негізінде қазір инженерлік білім берудің ұлттық моделі құрылып жатыр. Егер осы бағытта жұмысты әрі қарай жалғастырсақ, өңірлік жоғары оқу орындарын нығайту, материалдық-тех­никалық базаны жаңартуға көмектесу, олар­ды ғылыми орталықтарға айналдыру­ға болар еді. Нәтижесінде, елімізде ғылым саласы келесі белестерді бағындырады. 

– Тамыз форумында сіз бейінді ми­нистрліктің жұмысындағы жүйе­лі­лік­ті атап өттіңіз. Соған кеңірек тоқ­талсаңыз...

– Жыл бойы басқа елдердің акаде­­мия­лық қауымдастығымен бірқатар кезде­су өтіп, министр Саясат Нұрбек еліміз­­дің жоғары оқу орындарының әлеуеті туралы егжей-тегжей айтып берді. Бүгінгі таңда олар бізбен ынтымақтаса жұ­мыс істеуге ниет білдіріп отыр. Шетелдік же­текші университеттердің төрт филиалы ашылды. Бұрын филиал ашу үшін қағаз жұмысы көп еді. Сондықтан басталған жұмыс соңына дейін жетпей қалып жа­татын. Қазір көптеген нормативтік құ­­жат жеңілдетіліп, министрліктің құ­зы­реті­не берілді. Бір сөзбен айтсақ, да­му үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Айта кетейін, аз уақыттағы үлкен еңбектің нә­тижесінде Қытайдан келген серік­тес­термен бірге Лу Бан шеберханасын ашу­ға дайындалып жатырмыз. Өздері­ңіз біле­сіздер, әлемде электромобильге көшу жү­ріп жатыр. Шығарылатын әрбір алтын­шы көліктің электр қозғалтқышы бар. Біздің көз алдымызда жаңа сала пай­­да болып отыр. Одан еліміз шет қал­мауға тиіс. Қытайлық серіктестер бізге жалпы құны 1 млн доллардан асатын ма­ман­дандырылған оқу жабдықтарын жет­кізеді. 15 оқытушымыз Тяньзинь уни­верситетінде оқыды. Биылғы оқу жылынан бастап жаңа жабдықтарда, соның ішінде елордалық компаниялар үшін мамандар даярлауды бастаймыз. Жоспар бойынша аккумуляторлық батареяларға арналған жаңа буын материалдарын әзірлеу жө­ніндегі ғылыми орталық құруымыз керек. Ынтымақтастық болған кезде сапа да артады.

– Қомақты бюджеті бар министрлік өкілдері мега жобалар туралы жиі айтып жүр. Оның маңыздылығы қандай?

– Бұрын әр университет өз қа­за­нында қайнап жатқан. Барлығы өзде­рінің жергілікті жобалары үшін шағын жабдықтар сатып алып жатты. Ал заманауи құрылғылар, машиналар, жаб­дық­тар өте қымбат. Демек мега жобалар университеттерді бірлесе жұмыс істеуге бағыттайды. Саясат Нұрбек ұсын­ған мега жобалар идеясы жоғары оқу орындарына консорциумдар құруға мүм­кіндік береді. Біз қазір Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен бірлесіп, «Smart Cities» немесе «ақылды қалалардың» үлкен жобасын жасап жатырмыз. Ол қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Гумилев атындағы Еуразия университетімен бірге құрылыс саласындағы инновациялық технология­лар жобасына өтінім бердік. Сонымен қатар ШҚТУ «Эразмус» конкурсының қорытындысы бойынша «Дөңгелек экономика және тұрақты даму саласындағы инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу» жобасымен грантұстаушы болды. ШҚТУ алғашқы қазақстандық университет­тер қатарында өз еліміз бен Испания, Ита­лия, Германия, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген 14 жоғары оқу ор­ны өкілдерінің қатысуымен ірі жоба­ның үйлестірушісі ретінде де танылды. Бұл да – Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің жүйелі тәсілінің нә­ти­жесі. Яғни еуропалық серіктестер бізге се­нетін­де­рін көрсетті. Қазір университет командасы медициналық технопарк құруды да ойластырып жатыр.

– Медицина саласы аса өзекті. Сон­дықтан да көпшілік қызығушылық та­­нытуы мүмкін. Медициналық техно­парк туралы тарқатып айтып бере аласыз ба?

– ШҚТУ медициналық импланттар жобасы бойынша бірнеше жыл жұмыс істеді. Әрине, біз идеяның толықтай жү­зеге асуын қалаймыз. Медицина – стра­тегиялық бағыт. Адам кез келген жағдай­да өз елінде қажетті медициналық көмек ала алатынына сенімді болуы керек. Ал еліміздегі тірек-қимыл аппаратының аурулары жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейінгі екінші орында екен. Жыл сайын ортопедия мен травматология­дағы импланттардың қажеттілігі 250 млн долларға бағаланады. Мұндай өнім­дер импортының үлесі бүгін­де 94 па­йызға тең. Демек мемлекет бюдже­тіне қым­батқа соғады. Ол үшін қаншама пациент кезекте тұр. Біз Ұлттық нейрохи­рур­гия орталығымен, Травматология және ортопедия ғылыми орталығымен, Семей медицина университетімен бір­ге 20-дан астам қолданбалы жобаны жүзеге асырдық. Медициналық имплант­тарды өндіру үшін толық циклді тәжі­рибелік-өнеркәсіптік учаске жұмыс іс­тейді. Бүгінде «Медициналық инжини­ринг, медициналық техника» білім беру бағдарламасы әзірленді. Жоғары білік­ті ғалымдар мен инженерлер тобы құ­рыл­ды. Университет ғылымы технология­ны ұсы­нуға, қажетті құжаттаманы, бағ­дар­ла­малық қамтамасыз етуді әзірлеуге арналған. Өндірісті жолға қоюды кез кел­ген компанияға дайын өнім түрінде береміз. Яғни жағдай жасауға әзірміз. Біз медициналық технопаркті іске асырудың тұжырымдамасы мен жоспарын әзірлеп қойдық. Алдын ала болжағанымыз­дай, оның ауданы 5 мың шаршы метрді құрайды. Негізгі міндет – травматология, ортопедия және нейрохирургия саласында медициналық бұйымдар мен технологияларды әзірлеу, оларды қолданысқа енгізу. Университет импланттарды одан әрі экспорттауды да көздеп отыр.

– Иә, ғылым саласында дамудың барын байқап отырмыз. Жұмыс жалғаса беретіні анық. Ал университеттің бола­шағын қалай елестетесіз?

– Заман талабына қарай академия­­лық білім беру университеттерінің уақы­ты өтті. Бүгінгі таңда техникалық университеттер өңір экономикасын да­мы­туда маңызды рөл атқарады. Олар кәсіпорындарды білікті кадрлармен қам­­­тамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар технологиялар, материалдар, бағ­дарламалар, әртараптандыру әдістері бойынша оң шешімдер ұсына алады. Біз ақпараттық технологиялар саласындағы жобалар үшін арнайы «Oskemen it hub» аштық. Біздің ғылыми кадрлар жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп, коммунал­дық шаруашылық, инфрақұрылымды ­жоспарлау және басқа салаларда ше­шім­­дер­ді табуға көмектеседі. Біз өз мис­сиямыз­ды еліміздің шығысындағы ға­лымдар мен жастарды тартатын орынға айналу, ғылыми әзірлемелер жасау деп санаймыз. Ол үшін барлық жағдай бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»