Қазір елімізде 20 млн халық бар, енді 40 млн болады делік. Бірақ су өспейді. Осы мәселені шешетін су мамандары. Мысалы, қазір елімізде бір адамның бір күнде тұтынатын суы орта есеппен – 200 литр су болса, кейбір елдерде бұл 2 не 3 литр ғана. Енді есептеп көрелік, бір күнде 2 литр сумен шай ішіңіз, сорпа ішіңіз және жуыныңыз. Қалай болады? Міне, сондықтан судың бағасы теңдессіз.
Сумен ойнауға болмайды. Сумен ойнау – адамның өмірімен ойнаумен бірдей. Бүгін көптен айтылып жүрген Су министрлігі құрылатын болды. Бірақ оны басқартуға бос жүрген бұрынғы әкімдер мен депутаттарды әкеліп қоя салуға болмайды. Жаңа министр ең бірінші сол саланың кәнігі маманы болуға тиіс. Біреу стаканмен су ішеді де «мен суды білемін» деуі мүмкін. Олай болмайды. Кезінде мен 25 жыл осы салада жұмыс істедім. Бес жыл судың оқуын оқыдым, 30 жылда министр болдым.
Енді су мәселесін дұрыс жолға қоймасақ, бір сөзбен айтқанда, онда ел болмаймыз. Біз Сырдарияның бойында отырған елміз. Сырдария суының заңы осыдан 550 жыл бұрын жазылған. Ол 200 баптан тұрады. Сырдария мен Амударияның, яғни екі өзеннің заңы. Сол кездегі ғалымдардың білім көкжиегіне қайран қаласың. Тіпті кейбір баптар бүгінгі күннің талабына сәйкес келеді. Жаңа Су министрі әуелі осыны білуге тиіс. Бірінші кезекте су жүйесін тәртіпке келтіру тұр. Ол үшін қолынан іс келетін адамды қою қажет. Су – деген тазалық пен адалдықтың белгісі. Су – киелі зат. Арам ойлайтын адамды судың басына жолатуға болмайды. Мысалы, мен институтты бітірген соң 2 жылдан кейін 1960 жылы Су шаруашылығы министрлігі құрылды. Ол кезде Дүйсенқұл Сарықұлов деген кісі министр еді. Мені шақырып алды. Сонда мен істеген ортада 17-20 жыл су шаруашылығымен айналысқан майталман мамандар болды. Сол үлкен кісілер мені үнемі бақылап отырады екен. Себебі су маманы таза әрі адал болу керек дейді.
Бала кезімізде «суды лайлама, суға лас нәрсе тастама» деп үйрететін. Сөйтсек бұл 550 жыл бұрынғы су туралы жазылған заңда айтылған баптар екен. Тағы бір ерекше ескеретін нәрсе бар: «Судың бас жағында кім отыр, төменгі жағында кім отыр дегенді ұмытпа», дейді. Су деген – тазалықтың көзі емес пе?! Жаңа министрлік осының бәрімен күресу керек. Күресетін адам өзі де таза болуы міндетті.
Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ,
Су шаруашылығы
экс-министрі, гидротехник