«Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын», деді Президент.
Су мәселесі, ауыз су, оны үнемдеп пайдаланудың өзектілігі артқанын кейінгі кезде көріп отырмыз. Ендеше бұл басты мәселе екені түсінікті. Соған байланысты Су министрлігі құрылып, мұны реттеудің тетіктері аталған ведомствоға жүктелмек. Бұл біз үшін өте үлкен жетістік. Еліміз трансшекралық өзендерге тәуелді. Сол себепті су жетіспейді. Осы мәселені «Байтақ» партиясы үнемі көтеріп келдік.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу жөнінде пікір білдіріп, оны халықтық референдумға шығаратынын мәлімдеді. Егер көпшілік қолдау білдірсе, онда АЭС салынады. Меніңше, атом электр стансасы елімізге керек. Бұл – ғылымның жетістігі. «Байтақ» партиясының ұстанымы осындай. Бірақ технологияны дұрыс таңдағанымыз жөн. Дамыған, әлемдегі ең қауіпсіз АЭС салу күн тәртібіне шығады. Өйткені келешекте энергетикалық дағдарыс орнайтыны түсінікті.
Қазіргі таңда қоғамда АЭС салуға қатысты даудан гөрі, оның құрылысын кім жүргізетіні жиі талқыланып жатыр. Меніңше, Франция, Жапония секілді технологиясы дамыған елдерді таңдаған жөн. Осылайша, заманауи тәсілдер арқылы қауіпсіз атом электр стансасын сала аламыз.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ» жасылдар партиясының жетекшісі