Үкімет • 04 Қыркүйек, 2023

Жолдауды іске асыру шаралары айқындалды

166 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын іске асыру шаралары айқындалды.

Жолдауды іске асыру шаралары айқындалды

Президент Жолдауына сәйкес, Қазақстанның экономи­калық дамуының жаңа парадигмасы елі­міздің бәсекелік артық­шы­лық­тарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқ­ты негізгі факторлардың әле­у­е­тін барынша ашуға негізделеді.

«Осылайша, Үкімет эконо­ми­каның басым секторларын дамы­туға ден қоюы қажет. Бұл, бірінші кезекте, терең өңделген тауарлар шығару, көлік-логистика әлеуетін толық ашу, туристік кластерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешен резервтерін пайдалану», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономикалық саясатты іске асыру, кәсіпкерлік­ті дамыту және мемлекеттік бас­қару­ды жаңғырту жөніндегі негізгі шаралар туралы баяндама жасады.

Бюджет шығыстарын жоспарлауды жетілдіру туралы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика және газ салаларын дамыту туралы – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өздері жетекшілік ететін салаларда атқарылып жатқан және жоспарланған шаралар туралы мәлімдеді.

Білім беру сапасы мен бала­лардың қауіпсіздігін арттыру бо­йынша – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылымды дамыту мен кадрлар даярлау мәселелері бойынша – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабардар етті.

Отырыста сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін, инфрақұрылымды, туризмді және креативті индус­трияны, экология мен су саласын дамыту жөніндегі шаралар қаралды.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы өз Жолдауында эконо­миканың тұрақты өсуін қамта­масыз ету және оны әртарап­тан­дыру бойынша бірінші кезектегі міндеттерді айқындап бергенін атап өтті.

«Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал олардың негізгі мақсаты – қуат­ты және өркендеген мемлекет құру. Өз кезегінде Үкімет бүкіл күш-жігерін осы мақсатқа жұмыл­дырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағыттауға тиіс»,  деді Премьер-министр.

Мәселен, бизнеске түсетін фискалдық жүктемені азайту үшін бақылауды толық цифрландыра отырып, салық есептілігінің нысандарын 30%-ға қысқарту қажет.

«Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері «Ата­мекен» палатасымен бірлесіп, инвесторларды бастапқы 3 жылда салық төлеуден босату мәселесін пысықтауы керек», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ол жаңа Бюд­жет кодексінің жобасы шең­берінде бөлшектенген бюджет бойынша қанатқақты жобаның негізгі ережелерін бекіту, салық­тар мен төлемдердің өзге де түр­лерінен түсетін түсімдердің бір бөлігін, оның ішінде қосымша құн салығын екінші деңгейдегі бюджетке беру жөніндегі жұ­мыс­ты жалғастыру, сондай-ақ Жергілікті бюджетке жинала­тын салықтардың бір бөлігі бойынша преференцияларды айқындау жөніндегі өкілеттіктерді өңір­лерге беру мүмкіндігін қосымша қарау қажеттігін атап өтті.

Премьер-министр тарифтік саясатты қайта қарау аясында цифрлық бақылау құралдарын енгізудің, монополистердің жауап­­­кершілігін арттыруда қарсы мін­дет­темелерді бекітудің маңыз­дылығына назар аударды.

Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру арқылы шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ «толық аяқталған» құрылыс құралдарын уақтылы енгізуді қамтамасыз етіп, мемлекеттік сатып алуда офтейк жүйесін іске қосу қажеттігін атап өтті.

Бизнеспен бірлесіп, өңірлік тауар-шикізат биржасын құру мәселесі пысықталуға тиіс. Бұдан басқа, KazakhExport ком­па­­ния­сының базасында бар­лық қа­жетті құралды шоғыр­лан­дыра отырып, экспортты ілгері­лету­дің толыққанды институты құры­латын болады.

Премьер-министр Мемлекет бас­шы­сының еліміздің транзит­тік әлеуетін одан әрі дамыту және көлік-логистикалық инфра­құрылымды кеңейту жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, жаңа Көлік министрлігі теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуі талап етілетінін атап өтті. Бұдан басқа, шетелдік компанияларды тарта отырып, порт қуаттарын кеңейтуді және 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан аса автомобиль жолдарын күрделі жөндеуді қамтамасыз ету керек.

Әлихан Смайылов елдің қуатты өнеркәсіптік негізін құру мәселесінде өңдеу секторын жедел дамытуға баса назар аудару керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігі серпінді және маңызды жобаларды іске асыра отырып, терең өңделген кластерлер құруға ден қоюға тиіс.

«Бұл ретте, ішкі ресурстарды барынша пайдалану маңызды. Оф­тейк – келісімшарттардың әле­уетін жұмылдыру қажет», деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, Қорғаныс-өнеркәсіп кеше­нінде локализацияның жоғары үлесін және заманауи технологиялар трансфертін қамтамасыз ету, құрылатын Қорғаныс өнер­кәсібін дамыту қоры арқылы қаржыландыру арқылы отандық кәсіпорындарды қолдау қажет.

Оған қоса геологиялық барлау­ды дамыту үшін икемді реттеуші және фискалдық шарттар әзірлеу қажеттігі айтылды.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Үкімет алдына елді одан әрі газдандыру, жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, қол­да бар қайта өңдеу қуаттарын то­лық жүктеу бойынша міндеттер қойғанын айтты. Осыған байланысты жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын аяқтау қажет.

Үкімет басшысының айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – су саласына кешенді реформа жүргізу болмақ. Ол үшін жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.

«Министрлік жұмысының негізгі басымдықтары су үнем­деу­дің озық технологияларын кеңінен пайдалану, транс­шекаралық өзендердің ресурс­тарын бірлесіп басқару бойынша өзара іс-қимыл жасау, жаңа тарифтік саясат пен нормативтерді енгізу, заманауи су шаруашылығы инфрақұрылы­мын салу болады»,  деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән беру қажеттігін айтып өтті. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінен мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірге талқылау жүргізіп, Ірі өндірістер айналасындағы экологияны жақсарту жөніндегі жол картасын әзірлеу талап етіледі.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне Солтүстік Қазақстан облысы­ның сүт-тауар фермаларын салу жөніндегі тәжірибесін құс фабрикаларына, көкөніс қоймаларына және басқа да бағыттарға тарату тапсырылды.

«Президент Үкіметтің алдына агроөнеркәсіп кешенінде өңдел­ген өнім үлесін 70%-ға дейін ұлғайту міндетін қойды. Отандық агро­сектордағы өнімділік дең­гейін арттыру үшін әлемдік тәжірибеде қолданылатын жетіс­тіктерді бейімдеу қажет. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жылына 8-10%-ға жаңартуға ерекше назар аударған жөн», деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Азық-түлік корпорациясына осы саланы тұрақтандырушы ретінде маңызды рөл беріліп отырға­нын, ол азық-түлік нарығындағы бағаның өсуін тежеу үшін қажетті интервенцияларды жүзеге асыратынын еске салды.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Үкімет алдына IT-қыз­меттері экспортын 1 млрд дол­ларға дейін жеткізу жөнінде жаңа ауқымды міндеттер қойып отыр­ғанын айтты.

«Оны іске асыру механизм­дерінің бірі – ірі халықара­лық компаниялармен бірлесіп кәсіпорындар құру, сондай-ақ венчурлық қаржыландыруды дамыту. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге экономиканы одан әрі цифр­ландыру, IT-инфрақұрылымды және инновацияларды дамыту жөнінде тиісті шаралар кеше­­нін әзірлеуге тиіс», деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы «Бәйтерек» холдингін транс­­формациялау шеңберінде «Otbasy bank»-тің қызметін қайта бағдарлау қажеттігін, аудан­­дар­дың, моноқалалар мен ауыл­дардың тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге баса назар аудару керектігін айтты.

Әлеуметтік блокқа өте отырып, Әлихан Смайылов 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін арттырудың, платформалық жұмыспен қамту саласын реттей отырып, Еңбекті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын қабылдаудың және жұмыс орындарындағы өндірістік жарақаттардың алдын алу және оларды болдырмау үшін 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдаудың маңызын айтты. Сондай-ақ Үкімет басшысы зиянды өндірістерде жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы әлеуметтік төлемдерді заң жүзінде бекіту бойынша ұсыныстарды жедел түрде енгізу қажеттігін айтып өтті.

Оған қоса Премьер-ми­нистр азаматтарымыздың әл-ауқатының негізгі сапалы білім алу екенін айтты. Осыған байланысты Үкімет басшысы жаңа тақырыптар мен сұранысқа ие құзыреттер бойынша курстар әзірлей отырып, педагогтердің құзыреттілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды, Интернет жылдамдығын арттыру және цифрлық білім беру ресурстарына тегін қол жет­кізу­ді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғас­тыру­ды, сондай-ақ балаларды зор­лық-зомбылықтан қорғау және суицидтің алдын алу жөніндегі кешенді жоспардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Оған қоса Әлихан Смайылов психологиялық қызметтерді күшейту, зорлық-зомбылық және буллинг құрбандарына көмек көрсету бөлігінде қосымша шаралар қабылдауды, техникалық және жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуды, сондай-ақ экономиканың басымдықтарына, өңірлер мен сала ерекшеліктеріне байланысты мемлекеттік тапсырыс шеңберінде икемді қаржы­ландыру механизмдерін енгізуді пысықтауды тапсырды.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік органдармен және екінші деңгейдегі банктермен бірге «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселелерін жедел түрде пысықтауы қажет», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Үкімет басшысы базасында жасанды интеллект саласы бойынша кадр даярлауды қамтамасыз ететін 3 университетті анықтау қажеттігін айтты.

Оған қоса Премьер-министр Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігіне әкімдіктермен бірлесіп, креативті индустрияға қатысу­­шыларды қолдау шара­лары бо­­йынша және әрбір өңір­де Креативті индустрия орталық­тарын құру жөнінде нақты ұсыныс­тар енгізуді, ал Туризм және спорт министрлігіне турис­тік салада кемінде 15 ірі жобаның тізбесін айқындап, оларды іске асыру бойынша нақты Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Үкіметтің алдында барынша биік, алайда қол жеткізуге болатын мақсаттар қойғанын айтты. Ол үшін қажетті құралдар мен ресурстар бар.

«Президенттік реформаларды тиімді іске асыру үшін сіздердің әрқайсыларыңызға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жұмыс үйлесімді және нәтижелі болуға тиіс. Біз алдымызда тұр­ған міндеттерді шешу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз»,  деді Премьер-министр.