Экономика • 04 Қыркүйек, 2023

Астық сапасы қалай болар екен?

216 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бір аптадай толассыз жауған ақ жауынның салдарынан енді ғана қыза бастаған алқаптағы жұмыс тоқтап қалды. Бүгін кейбір аудандарда жаңбыр саябырсығанымен, аспан ала бұлтты. Алдағы ауа райының болжамына сенсек, қыркүйектің басы да жауын-шашынды болады. Дәл күзгі науқанды аңдып тұрғандай ағыл-тегіл жауған суық жаңбыр онсыз да ала жаздай алқабын киік пен шегірткеден қорып, діңкелеген диқанның еңсесін түсіріп жіберді.

Астық сапасы қалай болар екен?

Өңір шаруашылықтары бүгінге дейін 610 мың гектардан жарты млн тоннадан астам бидай жинап үлгерген. Астықтың орташа шығымы әр гектарға 8,4 центнерден келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамбетовтің айтуынша, өңірдің оңтүстігіндегі аудандарда астық түсімі өте төмен.

– Мысалы, Қарасу ауданында шаруалар әр гектардан 12,8 центнерден өнім алып жатыр. Қарабалық және Алтынсарин ауданындағы бидай шығымы – 12,5, Ұзынкөлде 10,6 центнерден келеді. Ең төменгі түсім Арқалық өңірінде – бар болғаны 3-ақ центнер. Жанкелдин ауданында – 3,2, Аманкелдіде – 4, Науырзымда – 5,2, ал Жітіқарада өнім көлемі 5,9 центнерден аспайды, – дейді басқарма басшысы.

Ең басты мәселе – жаңбыр толастап, алқап дегдіген соң, жер ырыздығын шашпай-төкпей жинап алу болып тұр. Мысалы, Қамысты ауданындағы Алтынсарин ауылының берекесін кіргізіп отырған әйгілі диқан, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев 120 мың гектар алқапқа астық егеді. Арпасы мен сұлысын ылғалға ұрындырмай жинап алған шаруашылық басшысы табиғаттың тосын мінезі жағдайды күрделендіріп жібергенін айтты.

– 5-6 күн болды жаңбыр тоқтамай тұр. Комбайндарымыз алқапқа шыға алмай қаңтарылып қалды. Егер бұлай жалғаса берсе, пісіп тұрған бидай қайта көктеп, қамырлылығы төмендейді. Әсіресе қатты сұрыпты өнім сапасын жоғалтады. Қазір қуатты кептіргіш құрылғымыз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне бір жарым мың тонна бидай кептіріп алатын мүмкіндігіміз бар. Бірақ оған алқаптағы астықты орып әкелуге мүмкіндік болмай тұр, – дейді Борис Павлович.

Әншейінде айлап тұрып алатын аптап ыстықта аспанынан бір тамшы тамбай қоятын Науырзым өңіріне оныншы тамыздан бері жаңбыр тоқтамай тұр. Әсіресе соңғы бір апта бойы ақ жауын ебіл-себіл селдетіп жатыр. Мысалы, Өлеңдідегі «Богдан» шаруа қожалығы биыл 2 мың гектарға егін еккен. Соның 400 гектарын ғана жинап алған.

– Бидай бағасының төмендігі біз сияқты шағын шаруашылықтарға өте ауыр тиіп жатыр. Қазір диірмендер бидайдың тоннасын 75 мың теңгеден қабылдайды. Мұндай баға 2014 жылы болған. Бірақ қазір 250-280 теңге тұратын жанармайдың бір литрі ол кезде 70-80 теңге болатын. Жұмысшылардың еңбекақысы да әлдеқайда төмен еді. Қосалқы бөлшектер төрт есе арзан болатын. Қазір алқаптың әр гектарынан 8-9 центнерден өнім алып жатырмыз. Іргеміздегі Дәмдінің шаруашылықтарындағы өнім көрсеткіші – 4-5 центнерден ғана, тіпті гектарынан бар болғаны 1 жарым центнерден алып жатқандар бар. Қазір бидайдың өзіндік құны кем дегенде 80 мың теңге болады. Біз оны 75 мың теңгеден сатсақ, жағдайымыз қиындай түседі. Шағын шаруашылықтарды осы мәселе алаңдатып отыр. Баға кем дегенде 100 мыңға дейін көтерілсе ғана жағдай түзеледі. Ал нарықтағы дәл қазіргі жағдай жалғаса берсе, ертеңгі күніміз қалай болып кететінін білмейміз. Қазір КА-700 тракторының төрт дөңгелегін ауыстыру үшін 60 тонна бидай өткізу керек, – дейді шаруа Дмитрий Исаев.

Кәнігі диқан Бауыржан Барсақбаевтың айтуынша, соңғы екі жылдан бері үздіксіз арзандап келген бидайдың бағасы биыл тіпті құлдырап кеткен. Енді, міне, би­дай­дың басы піскен уақытта алқапты балшыққа айналдырған мол жауын жығылғанға жұдырықтың кебін келтіріп отыр.

– Жауын толастамаса, дән ісініп, қабығын керіп жібереді. Кейін кепкен соң, масақтағы дәннің біразы желдің күшімен шашылып жерге түсіп қалады. Осыдан келіп астықтың шығымы төмендейді. Екіншіден, қатып тұрған топырақ мол ылғалдың әсерінен жұмсарып кетті. Масағы ауыр сабақтың тамыры босап желдің бағытына қарай жатып қалады. Осының бәрі шығынның ұлғаюына әкеліп соғады. Бұл жауын-шашынның салдарынан бидайдың қамырлылығы мен дән қауызындағы ұн азаяды. Мұның сыртында ұзақ уақыт ылғалда тұрса, әбден пісіп-жетілген масақтағы бидай қайта өне бастайды да, өнім сапасы үшінші кластан төртінші класқа, ұзаққа созылып кетсе, бесінші класқа дейін төмендеп кетеді. Салдарынан бидайдың бағасы бұдан да арзандап кетеді. Ал екінші қайтара өніп кеткен бидай көбейіп кетсе, көктемге егетін сапалы тұқым таппай қалуымыз мүмкін. Масақтағы дәннің қайта өне бастағаны қазір жай көзге көрінбейді. Бірақ белгілері бар. Тағы бір мәселе, мұндай жауын-шашында комбайн сабақтағы дәнді дұрыс бөліп ала алмайды, бұл да шығынды еселей түсетін жағдай, – дейді диқан.

Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері: «Өңірде 3 млн тонна астық сиятын қойма бар, мұның сыртында ауылшаруашылық құрылымдарының меншігінде 5,3 млн тоннаға арналған эле­ваторлар дәнді қабылдауға дайын тұр. Биылғы астықты сақтайтын орын же­теді», дейді.

Алайда мына мәселені де ескеру керек, бүгінде егін шаруашылықтарының көбінде бидай кептіретін құрылғы жоқ. Мұндай техникасы бар шаруалардың өзі суға малшынған мол бидайын түгел кеп­тіріп үлгере алмайды. Нәти­же­сінде, қамбада тау болып үйіліп жат­қан ас­тық­тың біразы қызып кетуі мүм­кін. Ал қуатты бидай кептіргіші бар эле­ва­торлардың қызметі өте қымбат. Оның бағасын екінің бірі көтере алмайды. Кептіргішті айтпағанда, шағын шаруа­шы­лықтардың көбінің әлі күнге дейін өнім сақтайтын қоймасы, астық төгіп кептіретін асфальтты алаңы жоқ.

Мұндай кезде көп жұмысты қол күшімен тындыру керек болады. Бірақ қара жұмысқа баратын адам аз. Қазір шаруалар астық атқыш агрегатта жұмыс істейтін, күрек ұстап агрегаттың аузына бидай лақтырып тұратын, қамба сыпыратын адам таппай отыр. Бұл жағдай да науқанды қиындатып, шығынды еселей түсуі мүмкін.

Сала мамандарының айтуынша, бүгінде алқапта 8,8 мың астық жинайтын комбайн, 3,1 мың роликті орақ, 8,2 мың жүк көлігі жұмыс істеп жатыр. Орақ науқанына 85,1 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр. Бүгінге дейін шаруалардың қолына соның 25 мың тоннасы ғана тиген. Дизель отынының бір литрін 250 теңгеден асырып жібермеуді өңір басшысының өзі қадағалап отыр.

Айтпақшы, диқандардың айтуынша, арпаның бағасы 50-58 мыңға дейін түсіп кеткен. Қостанайға әкеліп тоннасын 70 мың теңгеден сатып жатқандар бар. Әлеуметтік желідегі жарнама арқылы солардың біреуіне қоңырау шалып, арпа аласыздар ма деп сұрап көрдік. «Ресейдікі ме, өзіміздікі ме?» деген қарсы сауалға өзіміздікі дей салып ем, «Нешеден бересің?» деді. «70 мың» дей беріп ем, күліп жіберді де байланысты үзді.

Көкейде «Ресейдікі ме?» деп неге сұрады? Шекара жабық еді ғой. Ше­ка­ра­ның арғы бетінен бидай әкелуге тыйым салынғанымен, арпаға жол ашық па?» деген ой тұрып алды.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар

Қазақ тілін қалай оқытамыз?

Қоғам • Бүгін, 09:05

Тыңғылықты жұмыс

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:00

Қызметі тегін емхана

Алматы • Бүгін, 08:55