Басылым • 04 Қыркүйек, 2023

Қытай медиа холдингі – «Қазақ газеттерінде»

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақ газеттері» ЖШС алматылық басылымдарының басшылары Алматыдағы Достық үйінде ҚХР Шаньдун провинциясынан келген әріптестермен кездесті. Қытай делегациясын Шаньдун партия комитеті ақпарат министрінің орынбасары Си Яньчунь бастап келді. Делегация құрамында Шаньдундағы ең ірі медиа холдинг саналатын «Dazhong Newspaper Group» компаниясының оннан астам өкілі бар.

Қытай медиа холдингі –  «Қазақ газеттерінде»

Алыстан келген қонақтарды қарсы алған «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орын­басары – Алматы қаласы басы­лымдарының жетекшісі Думан Анаш еліміздегі ең ірі газет-жур­налдарды топтастырған серіктестік құрамында 10-нан аса басылым, 3 интернет-портал бар екенін жеткізіп, аталған ақпарат құралдарында Қазақстан-Қытай байланыстары да шығыстанушы ғалымдардың қатысуы арқылы жан-жақты сарапталатынын атап өтті.

«Қытай – Қазақстанның ең жақын көршісі әрі маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел­дің басшылары екіжақты әріп­тес­тікті дамыту туралы бір­қа­тар нәтижелі келісімге қол жеткізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл осы елге сапары барысында Қытаймен қарым-қатынаста Орталық Азия елде­рінің арасында Қазақстанның үлесі жоғары екенін айтқан еді. Қазір екі ел арасындағы сауда айналымын 100 млрд дол­ларға жеткізу көзделіп отыр. Әріптестегіміз осы байланыстарды мәдени қырынан дамытуға әрі жан-жақты насихаттауға сүбелі үлес қосады деп сенемін», деді Д.Анаш.

Си Яньчунь Қытай мен Қазақстан елдерінің баспасөз құралдары арасында байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтіп, екіжақты әріптестікті терең­детуге бейіл екенін жеткізді және «Қазақ газеттері» серіктестігінің өкілдерін Шаньдунға арнайы қонақ болып келуге ша­қыр­ды. Оның айтуынша, елдің шығысында орналасқан Шань­дунда Қытай халқының 14 пайызы тұрады (100 млн адам) тұ­рады, экономикалық дамуы тұр­ғысынан өте үлкен әлеуетке ие.

Ал «Dazhong Newspaper Group» бас редакторы Чжао Няньминь кәсіпорын мен оның еншілес басылымдары туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, кәсіпорын 2000 жылдың қыркүйегінде құрылғанымен, оның ең басында тұрған «Dazhong Daily» газеті 1939 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап шығып келе жатқан Қытайдағы ең ірі басылымның бірі саналады. Қазір бұл газеттер тобында «Qilu Evening News», «Rural Dazhong», «Peninsula Urban Daily», «Economic Guide» сияқты 10-нан аса басылым, «Dazhong Net», «Poster News» және «Qilu One Point» веб-сайттар мен тұтынушылар порты бар. Газеттің жалпы таралымы әр санына 3 млн-нан асады, ал жаңадан қосылып жатқан медиатұтынушылардың жалпы саны 460 млн-ға жетеғабыл. Топтың табыс көрсеткіштері де таңғалдырарлық, яғни газет, жаңа медиа, БАҚ-ты қаржыландыру, мәдени парктер, құрылыс экономикасы, өнер көрмелері және т.б. бағыттардағы негізгі сала­ларды құрайтын «Internet Media Group» және Мәдени индустрияның инвестициялық тобы секілді 54 компанияның енуі арқылы бұл компания елдегі газет индустриясындағы ең үздік ұлттық топқа айналып отыр.

Өз кезегінде «Қазақ газеттері» құрамындағы басылымдардың бас редакторлары сөз алып, газет-журналдарды таныстырды. Оның ішінде «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері сияқты балалар басылымдарына назар аударған қытайлық әріптестер Шаньдун аймағында балаларға арналған 20 басылым бар екенін, Қытай елінің де балалар контентіне ерекше назар аударатынын, осы бағытта шығармашылық байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді.

Жүздесу соңында тараптар екіжақты әріптестікті дамыту туралы меморандумға қол қойып, кәдесыйлар алмасып, естелік суретке түсті.