Руханият • 05 Қыркүйек, 2023

Құдіретті құндылық

319 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ежелгі Бабылдан дүбірлі дүниеге тарыдай ша­шыл­­ған адамзат баласы­ның алғашқы ыдырауы­на тілдерінің өзгеруі себеп болған деседі. Дегенмен, діни құндылықтар­да тілдердің әркелкілігі – бөлінуге емес, бірлесуге һәм түсінісуге ұмтылыс екені айтылады. Иә, тіл – туыстыққа, ізгілік қор­ғанына бастар абзал құрал. Тілде ұлттың рухы мен жаны, өткені мен болашағы бар.

Құдіретті құндылық

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қазақ тілі – бұршақша шашылып, қойны-қонышы бір­тұтас үйлесімге, әдет-ғұ­рып пен ар, ұятқа ұйы­сып, ғасырлармен қалт­қысыз ара­ласқан түбірлі ұлт­тың кие­лі жәдігері. Тіліміз ырғақты, көр­кем, кестелі, әуезді, салалы бол­ғандықтан, онда «қайнаған қан­ның, қиналған жанның, тол­ғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сағынышы» тоғыс­қан. Бодандық бұғауы­на ші­дерленіп, азаттық пен қа­раң­­ғылық арпалысқан тұста Мағжан ақын: 

«Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат,

 бақ, ардың, –

Жауыз тағдыр жойды бәрiн

не бардың...

Алтын Күннен бағасыз бiр

 белгi боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi,

 сен қалдың!»

– деп шежірелі баба тіліне тәу етіп, тәубе білдіріпті. Тіл барда ұлт бар, ті­лі сөнген ұлт­тың өзі де жоқ. «Егер ті­лім ер­тең болса құ­ры­­мақ, мен да­йын­­мын өлу­ге де бү­­гін-ақ!» деген Р.Ғам­­затовтың, «Өсс­е тілім, менде бір­­ге өсе­мін, өш­­се тілім, мен де бір­­ге өше­мін!» де­ген Ә.Тә­жібаевтың пайымы – ұлт пен тіл­дің біте қайнасқанына ай­қын дәлел.

Әлемде бес мың тірі тілдің ай сайын екеуі өледі деседі. Мәселен, Камерун елінде 1995 жылы 5 қарашада касаба тілі жойылды деп жарияланды. Оған себеп, касаба тілінде сөйлеуші соңғы ұрпақ Момбила ауданын мекендеген Богон есімді азаматтың дүние салуы. Лингвист Майкл Краус жойылуға бет алған тілдердің алғашқы белгісі, ол тілде жастардың сөйлеуден бас тартуы деген тұжырым білдірген. Тәңірге тәубе, жатса түсінен, тұрса есінен кет­пеген тәуелсіздікке жеткен қа­зақ тілі бүгінде балдырған-бөбектер үнімен сантүрлі құбылып, жаңаша тыныс тауып келеді. Жаңбырдан кейінгі көктей көтерілген қайратты өрендер Абай жолын темірқазық етіп, Алаш рухымен қуаттанып келеді. Бостандық таңы атқанда, көп уақыт томағасы алынбаған қырандай алға қарыштаған серіппелі жігер оты бәсеңдеген жоқ. 

«Туған тілім – бабам тілі – өз тілім,

Туған тілім – анам тілі – өз тілім.

Туған тілім – далам тілі – өз тілім,

Туған тілім – адам тілі – өз тілім.

Туған тілде сыры терең жаным бар,

Туған тілде әнім менен сәнім бар.

Туған тілім тіл болудан қалса егер

Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!»

(Дихан Әбілев)

...Қазақ тілінде, расында, тұңғиық шежіре елесі, сан ұрпақтың ғұмыр бая­ны қатталған қасиеті бар. Кісі қа­зақ тілін игеру үшін басы шытырман, соңы мұратына жетіп тыным табар дала аңыздарын, қысқы шопанның қойнына тығылған сүйріктей, маңырақ жетім қозы даусын, сай-саладан құлап аққан таңдайдан өтер тас бұлақ сылдырын, ұғынбаса да бас шұлғып, танымаса да дариядай мейірімін төсер қарапайым шаруа адамымен таныс бола білуі қажеттігіне сенімім кәміл. Себебі ұланғайырқазақ тілінде туған жерін қимай тыраулаған тырналар үні, ит тұмсығы өтпейтін тоғай шөбін бел­уардан кешкен жолаушы сүйініші, немкетті бозбалаға наз­дана қараған ақ­кербез қалқаның күлкі­сі қабат-қабат тұман иірі­мінде шүңейіт көзі құбыла ізде­ген текті жылқының осқырынуы, ой­мақтай-оймақтай мөлдіреген гүл қауы­зындағы тамшылардың қырына құлап, қайырылмай кеткен қапысыз ғашығын іздеген сері жігіттің сергелдең өкінішінің табы бар.

Қайсыбір атаулары заттың өзінен де қымбат тартатын, поэтикалық сәу­ле шашқан шуда-шуда сөздер жық­пылы рухани ашыққанды тойдырып, өшкенді жандырып жіберер-ау. Қара­ғай­дың тасасында өскен гүлдердей інжу шашқан маңызды тіркестер, бірі батпан-батпан жақұт-жауһар орнына алыстағы ынтымақты көршіге арналып, бірі қанды кегі бітпеген қас жаудың әп-сәтте-ақ бетін қайтарған құлжа сөз төркіні қазақ­қа ғана тән-ау, сірә. Сондықтан да болар, шығыстанушы-түр­колог Платон Мелиоранский: «Түркі тіл­де­рі­нің ішін­де ең байы қазақ тілі екенін бүкіл зерт­теуші мойындаған», – деген-тін. Ға­лымдарымыздың Шекспир мен Байрон­ның бүтін шығармасының сөздік қо­рында бар-жоғы 15 мың, ал Мұхтар Әуезовтің бір ғана «Абай жолы» эпо­пея­сын­­да 17 мың сөз қолданылғаны жайлы тұжырымы – ана тіліміздің ке­мел­­дік құдіретінің анық айғағы.

Иә, екі миллионнан астам сөздік қоры бар қазақ тілі асқан сеніммен бола­шақ қақпасын қағып тұр. Енді оған үйме-жүйме сең де, құлаш-құлаш биігі бар қамал да бөгет емес. Себебі ол құшаққа сыяр қалыптан, ұғымға кірер шеңберден зау көкке шырқап шықты. Ең жақсысы, құшаққа сыймасты ешкім де құшақтап әуре болмайды. Тек мойын­дап қана тыныш табады.