Президент өз сөзінде «Су үнемдейтін технологияларды енгізу аса маңызды. 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Су шаруашылығы нысандарының 60%-ы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте шұғыл шаралар қажет» деп атап өтті. Осы ретте Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты айқын көрініс тапты.
Су мәселесінің өте өзекті екені рас, әсіресе ашық су көздері жоқ, теңіз суын ауызсу ретінде тұшытып пайдаланатын Маңғыстау өңірінде су жылдан-жылға өте өзекті мәселеге айналып келеді. Халық санының артуы, өнеркәсіп орындарының ашылуы да жағдайды қиындата түсуде. Мал және егін шаруашылығындағылар үшін құдық көздерін қазу немесе байырғы құдықтар көзін аршып пайдалану тиімді болатын түрі бар. Қары мен жауын-шашыны аз өлкеде қолда бар суды, ауызсуын ұқыпты, тиімді пайдаланбай, бей-берекет жұмсау түбі ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысының суды үнемдеу, суды пайдалана білу мәдениеті, судағы «көлеңкелі» іс-әрекеттерге қатал қарау бастамасы қуантарлық.
Осы аталған жобаларға қатысты мамандар Президент Жолдауының маңызын ұғына отырып, ондағы тапсырмалардың реттілікпен іске асуы жолында жұмыла еңбек етуге тиіс.
Серік ӘБУОВ,
«Тиген» шаруа қожалығының төрағасы
Маңғыстау облысы