Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының отырысы өтті.
Еліміздің заңдарына азаматтарды ұстау негіздері мен тәртібін бекіту мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда және азаматтық заңнаманы жетілдіруді көздейтін заң жоба екінші оқылымда палата талқысына шығарылатын болды.
Кеден одағына қатысты бірқатар заң жобаларының дайындығы мәлім етілді. Сондай-ақ осы бағыттағы заңдар құрамында “Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісімін ратификациялау туралы”, “Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімін ратификациялау туралы” және “Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімін ратификациялау туралы” заң жобалары да бар.
Сонымен қатар, жалпы отырыстың қарауына Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметтері арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекітуді көздейтін заң жобасы ұсынылды.
Бюро отырысында кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелерін реттейтін заң жобасын екінші оқылымда талқыға салуға болатыны мәлім етілді.
“Егемен-ақпарат”.