Спорт • 05 Қыркүйек, 2023

Қытай топ жарды

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда үстел теннисінен WTT Con­tender Almaty деп аталатын халық­аралық турнир өз мәресіне жетті.

Қытай топ жарды

33 мемлекеттен келген 150 спортшының қатысуымен өткен жарыста Қытай құрамасы мол олжаға кенелді. Олар 3 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды иеленіп, жалпыкомандалық есепте бас жүлдені олжалады. Атап айтсақ, Куай Мэн (әйелдер), Линь Шидун/Сюй Инбинь (ерлердің жұптық сайысы), Чен И/Куай Мэн (әйелдердің жұптық сайысы) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Сян Пэн (ерлер), Фан Сицы (әйелдер), Лю Вэйшань/Фан Сицы (әйелдердің жұптық сайысы) күміспен күптелді. Ал Ши Сюньяо (әйелдер), Сан Вэнь/Сюй Хайдун (ерлердің жұптық сайысы) және Сян Пэн/ Лю Вэйшань (микст) қолаға қол созды. Ерлер жарысында тайпейлік Линь Юньжу топ жарса, микс­те Оңтүстік Кореяның өкілдері Чо Дэсон/Джу Чхонхуэй шашасына шаң жұқтырмады. Сондай-ақ жүлдегерлер санатына қосылғандар арасында Португалия, Швеция, Германия және Францияның үстел теннисшілері де бар.

Өкінішке қарай, бұл жарыста Қазақ­станның бірде-бір спортшысына жүлде алу ба­қыты бұйырмады. Себебі еліміздің үздік ойын­шылары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатына қатысуда. Ал олардың ізін басқан жастар бәсекеге қабілетті болмай шықты.