– Ақтоғай ауданы – киелі Ертіс-Баян өңірінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан қасиетті мекен. Мұнда ұстаздық қызметтен майдан жолына аттанған батыр Серікбай Мүткенов, «Туған жерім – мәңгілік төрім» деп жырлаған ақын Қабдыкәрім Ыдырысов секілді елге танымал азаматтар дүниеге келіп, белгілі ақын, әнші Естай Беркімбайұлы мәңгілік тыныс тапты. Осындай талантты тұлғаларды өмірге әкелген ортаның жері де құнарлы. Өрісі малға толы. Мол дән жинап, жерден ырыздық терген жұрттың бірлігі мен ынтымағы да көпке үлгі. Ауданның жетістігі алдағы уақытта да еселене берсін, – деді салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов.
Сонымен қатар ол ауданның, тұтас аймақтың өркендеуіне елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа марапаттар табыстады. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Шаяхмет Сәдуақасов пен аудандық мәслихат төрағасы Жанат Тәшеновке «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды. Сол сияқты аудан әкімі Қаршыға Арынов талай жыл ауданның дамуы үшін тер төгіп келе жатқан азаматтарды «Аудан алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Ауданмен құрдас қарияларға да сый-құрмет көрсетілді.
– Тарих үшін 85 жыл бір сәт болса, біз үшін – қарқынды даму кезеңі. Бұл уақыт аралығында талай сынақтан өтіп, көптеген жетістікке жеттік. Тұралап қалған экономикамызды өркендетіп, қираған ғимараттарды қалпына келтіріп, талай тығырықтан тайсалмай өттік. Бүгінде аудан көлемінде шағын және орта бизнес қанатын кеңге жайып, жаңа жұмыс орындары құрылып, әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Алдағы уақытқа белгіленген міндет-меже одан да көп. Ауданымыздың әр жылы болашаққа жасалған бір қадам деп білемін, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов.
Осы орайда ауданның алғашқы әкімі, облыстың құрметті азаматы Әбілхақ Түгелбаев естеліктерімен бөлісті.
– Бүгінгі мерейтой облыстың мерекесі десем, артық айтқандық емес. Кезінде осы ауданда 16-17 ауылдық округтің барлығы бірдей шаруашылығын ширатып, кәсібін дөңгелетіп, өңірдің ілгерілеуіне зор үлес қосты. Қазіргі уақытта да оң өзгерістердің болып жатқаны қуантады. Бұл – еліміздегі игілікті істердің, бүгінде басшылықтағы азаматтардың ұйымдастыру жұмысының, аудан жұртшылығының талаптанып атқарып жатқан еңбегінің жемісі. Ауданның топырағынан көпке үлгі боларлық талай еңбек адамы, біртуар тұлғалар шыққан. Осындай жарқын істерге толы жердің бағындырар белесі, алар асуы әлі де алда деп ойлаймын, – деді Ә.Түгелбаев.
Мерейтой аясында аудан орталығында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қонақтарға ұлттық дәмнің түр-түрі ұсынылды. Аудан тарихынан сыр шертетін, жергілікті қолөнершілердің туындылары қойылған көрмелер де ұйымдастырылды. Күрес, көкпар, аударыспақ, бәйге сынды спорттық сайыстар мерекенің көрігін қыздыра түсті. Ат жарыстарына тек облысымыздың емес, өзге өңірлердің шабандоздары да жиналды. Аламан бәйгеде Ертіс ауданының Әмір атты шабандозы жүйрігімен бірге топтан оқ бойы озық келді. 15 шақырымдық тоқ бәйгеде Семейдің «Айша» атты сәйгүлігі ешкімге дес бермеді. Көкпар да өте тартысты өтті. Ақтық сында Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылынан келген «Сайфуллах» командасы мен Ақмола облысынан келген «Бестөбе» командасы кездесіп, ақкөлдік спортшылар жеңіске жетті.
– Ақтоғай ауданының 85 жылдығы аясында төл спортқа құрмет көрсетіліп, ұлттық ойындарымыздың ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Шабандоздардың ат үстіндегі шеберлігін байқаған балалардың, жеткіншектердің жанарынан осы спорт түрлеріне деген қызығушылық байқалды. Бұл да бір жеңіс деп білемін. Ал екі күнге созылған көкпар тартысы оңай болған жоқ. Командалардың барлығы жақсы дайындықпен. Рухымызды көтеретін, төл спортымызды ұлықтайтын осындай тойлар көп болсын, – дейді «Сайфуллах» командасының өкілі Еркебұлан Егінбаев.
Осылайша, Ақтоғайдың 85 жылдық мерейтойы кең көлемде, жоғары деңгейде аталып өтті. Тойға жиналған қауым жақсы көңіл күймен тарқасты.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы