Мәдениет • 06 Қыркүйек, 2023

Қос қанаты – күй мен жыр

183 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ күй өнерінің алыбы, дәулескер күйші-композитор Қожеке Назарұлының 200 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар елімізде кеңінен өткізіліп келеді. Сонау зар заманда дүниеге келген күйшінің саф алтындай мол мұрасы халық қазынасына айналып отыр.

Қос қанаты – күй мен жыр

Қожеке Назарұлының (1823-1885) өмірбаянын қарасақ, ХІХ ғасырда Тазабек, Саурықтармен бірге патшалық Ресейдің отарлау саясатына, одан кейін Қытай империясының аз ұлттарға жасаған қысымына қарсы көтерілістердің басы-қасында жүріп батыр атанған. Сонымен бірге күйші-домбырашы ретінде даңқы шыққан, қазақ күй өнерінің өзіндік мек­тебін қалыптастырған тарихи тұлға. Ке­ңестік сыңаржақ саясаттың кесірінен ресми орындар тарапынан еленбей, ескерілмей келсе де, өнегелі ісімен ғасырлар бойы халық жадынан өшпеген Қожеке соңына жүзден астам күй қалдырып, халықтық қазынаның қайнарына айналды.

Оның ғибратты ғұмыры туралы зерттеулер мен танымдық мақалалар ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері басылым, баспа беттерінен жарық көріп келеді. 1981 жылы Тауфиқ Жексенбиевтің «Достың дауысы» аталатын жыр жинағына «Қожеке» деген поэмасы енген. 1984 жылы Қытай­дағы қандастар алғаш рет Қожеке күйлерін нотаға түсіріп, «Күй толқыны» атты жинақты «Шыңжаң жастар баспасынан» шығарды. Өткен ғасырдың 90-жылдары музыкатанушы ғалым Базаралы Мүп­текеев Қожеке туралы алғашқы ғылыми еңбек жазды. Журналист-ғалым Сағатбек Медеубекұлы Базаралы Мүптекеевпен бірлесіп, 1998 жылы «Өнер» баспасынан шығарған «Жетісудың күйлері» атты музыкалық-этнографиялық жинағына Қо­жеке күйлеріне сипаттамалар мен түсінік­те­ме­лерді және күй аңыздарын жазып енгізген.

чсм

«Қожеке – әлеуметтік әлсіздікке өмірін сарп еткен ұлы күйші, ел бастаған батыр. Оның сұңқылдаған күйлері халықтың қамын жеп, дүниеге келді. Ол бүкіл өмі­рін әділетсіздікпен арпалыста өткізді. Сондықтан да, Қожекенің күйлерін халық өз жүрегінің мұң-сырына балады. Оның есімі көзінің тірісінде-ақ халық жүрегінен орын алды», деп бағалаған этнограф Ақселеу Сейдімбек.

Жетісу күй өнерінің негізін салушы күйші-композитор Қожеке Назарұлының туғанына 200 жыл толуына орай М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының ұйымдастыруымен және Ал­маты облысы әкімінің қолдауымен «Күй­ші-композитор Қожеке Назарұлы: та­рих, дәстүр және сабақтастық» атты халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Аспантау аясындағы алқалы басқо­судан бұрын облыс орталығы Қонаев қаласына еліміздің әр түкпірінен келген 17 күйші республикалық «Тарту» күйшілер жарысына қатысып, Қожеке күйлерін нақышына келтіре орындауда өзара бақ сынасса, Нарынқол ауы­лындағы Б.Мұқай атындағы Мәдениет үйінде ғалым-журналист Сағатбек Медеу­бекұлының ұйыт­қы болуымен «Қоже­кенің күй дәс­түрі» атты дәріс-концертті тамашалауға жиылған жұрттан ине шаншар орын болмады. Хантәңірінің маңайындағы ел-жұрттың ғасырлар бойғы шежіресі мен тарихы, тыныс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы сыр шертетін, сол заманның қиын-қыстау кезеңі мен азапты өмірін қос ішекте күмбірлеткен Қожекенің «Қамбархан», «Сарбарпы бұлбұл», «Шалқайма», «Арыздасу», «Ес­тірту», «Арман», «Күйбастар», «Зар», «Рау­­­шан», «Түрмедегі қинау» сынды күй­лерінің шығу тарихы таныстырылып, оны дәулес­кер күйшінің ұрпақтары – шө­бере, шөп­шек, туажаттары мен танымал күй­шілер орындады.

«Биылғы жыл елімізде Қожеке На­зар­ұлының жылы болды. Алматы, Астана қалаларынан бастап бүкіл еліміз­дің түкпір-түкпірінде Қожеке Назар­ұлының 200 жыл­дығына арналған әр түрлі жиындар, бас­қосулар, концерттер ұйымдастырылуда. Бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция соның жалғасы. Қожеке Назарұлының тағдыры өте қиын, бірақ өнегелі тағдыр. Қазір тарихтың салқар көшіне қарап отыратын болсақ, Қожеке бабамыз сонау Құрманғазының құрдасы, Тәттімбеттің замандасы екен. Өкінішке қарай, бұл кісінің мұрасына соңғы 50 жылға дейін көп көңіл бөліне қоймаған. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ғана Қожеке Назар­ұлына деген ықылас ерекше ауды. Бүгінгі ғылыми-теориялық конферен­цияны ұйым­дастырып отырған себебіміз, осындай ұлы тұлғал­ардың шығармашылығын ғы­лыми айналысқа түсіретін – ғалымдар. Нәтижелі зерт­теулердің арқасында Аспан­тау бөктеріне ғана мәлім Қожекенің аты алты Алашқа тарап жатыр, халықаралық дәрежеде насихатталуда. Сондықтан бүгінгі ғы­лыми-теориялық конференция Қожеке Назар­ұлының шығармашылығын халық­аралық деңгейде ғылыми айналысқа түсіретін ірі оқиға деп бағалаймыз», – деді конфе­ренция жұмысын тізгіндеген фи­лоло­гия ғылымдарының докторы, М.Әуе­зов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­ти­тутының Бас директоры Кенжехан Маты­жанов.

Биыл Алматы облысының әкімдігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, игілікті істер атқарылды. Арнайы ғылыми экспеди­ция ұйымдастырылып, өңірдің барлық аудан, қалаларын аралап, Қожеке Назарұлы туралы тың деректер мен естімеген күй­ле­рін жинады. Сондай-ақ, батыр баба­мыз­дың есімін келер ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру мақсатында облыс әкімінің қол­дауымен монографиялық және күйлер жинағынан тұратын 500 данамен 2 кітап шығарылғанын Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов алға тартты.

Қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қос кітаптың және музыкатанушы Жұлдыз Түлкібаеваның «Қожеке Назарұлының күйлері» атты кітаптарының лентасы қиылды.

«Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұр­ған заманда бір қолында домбырасы, бір қолында айбалтасы, жүрегінде елдің қан­жардай өткір намысы мен жігері жалындаған Қожеке жастайынан атқа отырып, 58 жасында өмірден өтті. Күрескерлік рухы, қайғы-қасіреті күйлеріне қонған өрелі өнер иесінің алғаш рет ресми түрде мерейтойы аталып өтуде. Бұл азаттықтың, тәуелсіздіктің жемісі. Бүгін Қожекенің немересін төрге шығару арқылы ұрпақты ғана емес, ұлтты қуантып отырсыздар», деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин.

«Әділеттілік үшін күресте туған ұлы күйшінің 200 жылдық мерейтойының айрықша аталып өтуі – біз айтып жатқан Әділеттіліктің орнағаны. Бабасынан бас­тап, баласы, немере, шөбересіне дейін он саусағынан күй төгіліп тұратын мұндай күйшілік мектеп, күйшілер әулеті өте саяқ», деген Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, бұл үрдіс ұрпаққа өнеге деген ойын білдірді.

Ақжарма тілектерден кейін мінберге көтерілген ғалымдардың баяндамаларын жұрт ыстық ықыласпен тыңдады.

«Қожекенің өмірі енді басталды. Кеше еліміздің әр түкпірінен келген 17 күйші домбыра құлағында ойнағанда оның күйлерінің бүкіл қазақ даласына тарап жатқанын аңғардық. Қожеке күйлерінің көркемдік деңгейі, орындаушылық қол­таңбасы ерекше. Қожекенің бір ғажабы, күйлері шертпе, төкпе деп бөлінбейді. Екеуі де бар, Қазанғап сияқты. Ол еш­кімге ұқсамайтын бөлек бір арна», деген даңқты күйші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақовтың пікірін жалғастырған композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсе­нов Қожеке Назар­ұлының күйлерін ор­кестрге түсіру қажеттігін және бұл жұ­мыста өте мұқият болу керектігін атап айтты.

Ал, Құрманғазы атындағы ұлт­тық консер­ваторияның халық музы­касы фа­культетінің деканы, профессор Төлеп­берген Тоғжанов Қожеке Назар­ұлының шығар­машылығындағы ерек­шеліктерді тарқатты.

«Қожеке күйшілік орындаушылық мүмкіндіктерді, әдіс-тәсілдерді толық мең­гергенін байқадым. Ол күй шығарып қана қоймай, домбыраның барлық мүм­кіндіктерін сарқа пайдалануға тырысқан. Және төкпе күй, шертпе күй дәстүрлерін жетік меңгеріп, оны жақсы таныған. Қа­зақтың күй өнерінде флажолет деген тәсіл бар. Осы тәсілді қолданған күйшілер тіптен аз. Тәттімбеттің «Бес төре», Әшім­тайдың «Қоңыр қаз» күйлерінде флажолет жанама түрде ғана қолданылған. Ал, Қожеке осы тәсілді өте жиі қолданған. Оның «Сарыбарпа бұлбұл» мен басқа да күй­лерінде сәтті орындалады. Осы тәсіл ар­қылы бұлбұл құстың сайрағанын домбырамен анық салып тұр. Қожекенің «Қамбархан» күйінде көне күйшілік төкпе күй дәстүрінен сақталған күйдің қағысы бар. Мұндай қағысты да ешбір күйден кезіктірмедім. Бір қызығы, Қожеке төкпе күйді де, шертпе күйді де және осы екеуін қатыстырып, аралас күйді де мол шығарған. Мұндай көпқырлылық қазақ күйлерінде көп кездесе бермейді. Қожеке күйлері толық зерттелді, жиналды деп айта алмаймыз. Бұл үрдісті тоқтаптай, жас ғалымдар мен күйші-композиторларға міндеттеп, жүктеу керек. Қажет болған кезде қаржылай көмек көрсетілуі тиіс. Сонда Қожеке күйлері толыққанды зерттеліп, ғылыми түрде айналысқа түсетіні сөзсіз», деді Төлепберген Төрахметұлы.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Қожеке Назарұлының өміріне қатысты архив деректері» атты тақырыпта баяндама жасаған Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, доцент Рашид Оразов күйшінің жеке өміріне қатысты архив қорларындағы деректерден бірқатар құнды тың дүниелерді көпшілік назарына ұсынды.

Конференцияда өнертанушы ғалымдар Гүлзада Омарова, Айнұр Қазтуғанова, Әлия Сабырова, басқа да баяндамашылар күйші-композитор Қожеке Назарұлының шығармашылығына жан-жақты талдау жасай келе, оны қазақтың күйшілік өнерінің биік шыңына балады.

Келелі басқосуда сонау 90-жылдары Текес ауылындағы Өнер мектебі Қожеке Назарұлының есімімен аталып, кейін белгісіз себептермен аты аталмай қалғанын айтып, соны қалпына келтіру қажеттігі құлағдар етілді.

Алқалы жиын соңында ұлт азаттығы мен әлеуметтік әділеттілік жолында өмірі­нің ақырына дейін күрескен халық баты­ры, артына аманат еткен 100-ден астам күйлері ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан, қазақ­тың мәнері бөлек, мазмұны бай күйшілік-дом­бырашылық мектебін қалыптастырған Қожеке Назарұлының есімін ел жадында жаңғыртып, ұлықтау мақса­тын­да қарар қабылданды.

 

Алматы облысы