Спорт • 06 Қыркүйек, 2023

Азиялықтардың арыны күшті

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыр атлетикадан Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатында алғашқы жүлделер сарапқа салынды. Әзірге үш салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Олардың барлығы – Азия құрлығының өкілдері.

Азиялықтардың арыны күшті

49 кило салмақ дәрежесіндегі бәсеке көпшілік назарын өзіне аударды. Себебі бұл салмақта кіл мықтылар жиналды. Атап айтсақ, басты фавориттер Қытайдың қос мықтысы – Хоу Чжихуэй мен Цзян Хуэйхуа. Алғашқысы – Олимпиада және Әлем чемпионы, екіншісі – Әлемнің үш дүркін чемпионы. АҚШ-тың өкілі Джордан Делакруз да осал емес. Ол – Панамерика ойындарының екі дүркін чемпионы. Румыниялық Михаэла Камбей – 2021 жылғы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері және 2023 жылғы Еуропа чемпионы.

Аспанасты елі бұрымдыларының арасындағы тартыс Цзянның жеңісі­мен аяқталды. Жұлқып көтеруде ол 95 кило салмақты еңсерсе, серпе кө­те­руде 120 килолық нәтижемен әлемдік рекордты жаңартты. Қос сайыстың қорытындысы – 215 кило. Бұл да әлемдік рекорд! Қанша тырысса да, Хоу басты қарсыласына жете алмады. Ол одан төрт кило қалып қойды. Хоудың көрсеткіші – 211 (95+116) кило. Қола медаль Михаэла Камбейге бұйырды. Бұл салмақта сынға түскен Айнұр Әбдіхалықова 151 (68+83) килолық нәтижемен 30 орынды қанағат тұтты.

Әйелдердің аса жеңіл салмағында таиландтық Чаутра Промонгол шашасына шаң жұқтырмады. Ол 179 (78-101) килолық зілтемірді көтеріп, былтыр Боготада алған күмісін бұл жолы алтынға алмастырды. Екінші орынды Африка ойындарының жеңімпазы, құрлықтың екі дүркін чемпионы, мадагаскарлық Росина Рандафиарисон еншіледі. Үшінші сатыға жастар арасындағы Әлем біріншілігінің жеңімпазы, Еуропа чемпионы түркиялық Жансу Бекташ табан тіреді.

Ерлердің 55 кило салмақ дәре­жесінде Ерназ Алпысовқа үміт артқан едік. Алайда ол 13-орынмен шектелді. Ерназдың нәтижесі – 233 (106+127) кило. Бұл салмақта Лай Зя Тханнің екпініне ешкім шыдамады. Кезінде жастар арасында Әлем және Азия чемпионы атанған 25 жастағы Вьетнамның сайыпқыраны 269 (123+146) килолық салмақты еңсерді. Бұл – оның ересектер дуындағы алғашқы жүлдесі. Лайдың отандасы Нго Шон Кинь күміс алса, Таиландтың тастүлегі Наттават Чомчуен қолаға қол созды.