Құрамында Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов және Владислав Захаров бар еліміздің ерлер командасы Непал (3:0), Бангладеш (3:0), Қырғызстан (3:0) және Таиландтан (3:2) басым түскенімен, қола медаль үшін бәсекеде әлем чемпионаттарында 11 рет жеңіс тұғырына көтерілген Оңтүстік Кореяның өрендеріне (2:3) есе жіберді. Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Мірқадырова, Анастасия Лаврова және Ангелина Романовскаяға сенім артқан әйелдер құрамасы Бангладеш (3:0), Непал (3:0), Өзбекстан (3:0) және Пәкістанды (3:0) ұтқанымен, үшінші орын үшін тартыста Әлем чемпионатының жеті дүркін жүлдегері деген атағы бар Гонконгқа (0:3) жол берді.
Жерлестерімізге жүлделі орын бұйырмағаны, әрине, өкінішті. Десек те осы нәтиженің арқасында еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы 2024 жылғы Әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды.