Көрме екі тақырыптан тұрады. Біріншісі, әйгілі ертегі кейіпкерлерін бейнелеу арқылы корей дәстүрлі киімін таныстыратын «Ертегілердегі ханбок» сериясы болса, екіншісіне «Ханбок киген қыз» деген атау берген. Көрмеге талантты суретшінің 24 жұмысы қойылды. Оның туындылары ұлттық нақышқа бай, әсіресе «ханбок» киіміне негізделген дәстүрлі элементтерді қамтиды.
Бірнеше елде көрмесі өткен У Наён туындылары дүние жүзіне өте танымал. Сонымен бірге ол Netflix, Disney, Marvel, Samsung, LG және тағы басқа атағы жер жарған әлемдік брендтермен бірлесіп жұмыс істеген. 2019 жылы Корея Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің «Ханбокті насихаттауға қосқан үлесі үшін» сыйлығын иеленген.
Мәдени іс-шараның ашылуында Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыс пен көрменің маңызын атап өтті.
«Қазақстан мен Корея арасындағы, оның ішінде мәдениет саласындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Бүгінгі іс-шара да осы мәдени ынтымақтастық бағытында өтіп отыр. Көрменің де мазмұны өте бай. Өйткені оны көргендер корей елінің дәстүрімен, мәдениетімен, тарихымен танысып, рухани байи түседі», дей келіп, сонау Кореядан ат арытып келген қылқалам шеберіне ризашылығын жеткізді.
Одан кейін Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэик жиналған қауыммен қазақша амандасып, қазақ тілінде сөйледі. Бұған ішіміз жылып қалды.
«Құрметті достар!» – деп бастады сөзін елші. – Былтырдан басталған Корея мен Қазақстанның өзара мәдени алмасу жылы аясында бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Ал 2023 және 2024 жылдар Кореяға бару жылы болып жарияланды. Сондықтан уақыттарыңыз бен мүмкіндіктеріңіз болса, осы жыл шеңберінде Корея еліне саяхаттап, оның тарихымен, дәстүрімен жақын танысуға болады. Биылғы көктемде Тұңғыш Президент кітапханасында корей фотосуретшілерінің көрмесі болды. Мына іс-шара да соның жалғасы деп айта аламыз. Мұнда суретшінің корей халқының сан ғасырдан бері сақталған мәдениеті мен дәстүрлі ұлттық киімін заманауи үлгімен әсем үйлестіріп, әдемі бейнелеген жұмыстары ұсынылды. Сондықтан осы іс-шараны өткізуге белсене атсалысқан барша азаматқа алғысымды айтамын», деді ол.
Шынында, У Наён өз шығармашылығында дәстүрлі қоғам мен қазіргі заман бейнелерін қисынын тауып, шебер үндестіреді. Ол «Хван Чжин И» телехикаясын көргеннен кейін шабыт алып, корей дәстүрлі киімі «ханбоктің» сұлулығын бейнелейтін иллюстрациялар сала бастаған. Суретші негізгі жұмыстарында басты кейіпкерлерді «ханбокте» бейнелеу арқылы Шығыс пен Батыстың үздік дүниелерін жаңаша түсіндіреді. Оның үлгісі ретінде Батыс ертегілеріндегі ханшайымдардың көріністері мен Голливуд актерлерінің корей кескіндеме стиліндегі бейнелерін айта аламыз.
Мәселен, автордың көрмеге қойылған «Аққу ханзада», «Ақшақар – Ақшақар мен жануарлар», «Сұлу мен құбыжық», «Алиса ғажайыптар елінде», «Қызыл телпек» және тағы басқа да корейдің «ханчжи» қағазына жикле технологиясымен басып шығарған жұмыстары мінсіз сұлулығымен, табиғилығымен, қанық бояуымен көз тартады. Сондай-ақ суретші корейлердің түрлі нақыштағы ұлттық киімдерін бедерлеген иллюстрациялары арқылы өз халқының дәстүріне тән ерекшелікті, сыпайы болмысты, әсемдікті айшықты жеткізген.
У Наённың біздің елімізді танып-білуі де қызық. Оны өзі айтып берді. «Бірде теледидардан Қазақ жерінде тұратын этностық корейлер туралы түсірілген деректі фильмді көріп, осы елге өзімнің бір жақындығым бар екенін сезіндім. Мен үшін әсіресе қазақстандық корейлердің ұрпақтан-ұрпаққа өз тілі мен дәстүрін сақтап келе жатқаны өте әсерлі болды. Сонымен қатар жергілікті корейлердің ұлттық тағамы айрықша таңғалдырды. Мысалы, «кимчи» корей дәстүрлі жеңіл тамағы қазақстандық қоспаларымен толығып, дәмді «корей салатына» айналған. Сондықтан мен міндетті түрде осы елге баруым керек деп ойладым. Міне, сәті түсіп орталарыңызда тұрмын. Бұған өте қуаныштымын. Бүгінгі көрмеге келген қонақтар «ханбоктің» ерекше сұлулығын сезіне алады деп сенемін», деді ол.
Бұл көрменің тағы бір ерекшелігі ретінде суретшінің халқымыздың «Ер Төстік» қиял-ғажайып ертегісі негізінде бейнелеген еңбегін бөлек айтсақ болады. Бұл туынды екі ел арасындағы мәдени алмасу жылы аясында арнайы салынған. Шығармада суретші қазақ ертегісі мен дәстүрлі корей мәдениетін сабақтастыра отырып, Ер Төстіктің жолында кездескен қиындықты қажымас күш-қайраттың арқасында жеңгенін бейнелейді.
«Бүгінге дейін біраз елде көрме өткіздім. Соған дайындық кезінде сол елдің бір ертегісінің желісімен сурет салғанды жақсы көремін. Осында көрме өткізетін болғандықтан, Қазақстандағы Корей мәдени орталығы маған біраз қазақ ертегілерін жіберді. Соның ішінен «Ер Төстік» ертегісін оқып, қатты ұнаттым. Бұл ертегінің бас кейіпкері Ер Төстік – бойында күш-қайраты тасыған жігіт. Ағаларын іздеп жолға шыққанда оған жанашыр болған кейіпкерлердің өзі – қызықты бейнелер. Мәселен, Көлтауысарға ұқсас кейіпкер бізде де бар. Міне, осының бәрі маған әсер етіп, жақсы туынды дүниеге келді», деді қылқалам шебері.
Айта кетейік, У Наённың көрмесі 15 қазанға дейін жалғасады.