Жастар • 07 Қыркүйек, 2023

Түлек – «Екі қолға бір күрек»

186 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде оқуды жаңа бітірген 18 мыңнан аса түлек бос сенделіп жүр. Олардың басым бөлігі жұмыс берушілер жас маманнан тәжірибе талап етеді деп шағымданса, енді бірі еңбекақы мардымсыз деген уәж айтады. Сонда кім кінәлі? Жалақысы төмен жұмысқа барғысы келмейтін дипломды маман ба, әлде қолайлы жағдай жасай алмай отырған Үкімет пе?

Түлек – «Екі қолға бір күрек»

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұлттық статистика бюросының де­ре­гін бағдарласақ, қазір елде 450 мың­нан астам адам жұмыссыз жүр. Оның 130 мыңы – жастар. Арасында түйін­де­­месін құшақтап, талай мекеменің та­бал­дырығын тоздырып жүрген Құра­лай Болатбек те бар. Журналистика ма­мандығын үздік дипломмен тәмамдаған жас маманнан жұмыс берушілер бір жылдан үш жылға дейінгі еңбек өтілін талап еткен. Тауы шағылған ол қазір сау­да саласында еңбек етуге мәжбүр.

«Университет қабырғасында практика уақытында бірнеше телеарнадан, мемлекеттік мекемелерден іс-тәжі­рибе­ден өттім. Белсенділігім мен ұйым­дас­ты­рушылық қабілетімнің арқасында басшылықтың назарына да ілігетінмін. Жақсы ұсыныстар болды. Алайда олар диплом талап етті. Кейін оқуымды аяқтап, түйіндемемді жібергенімде, кемі бір жылға дейінгі еңбек өтілін сұрады. Мен биыл ғана оқу бітірдім ғой. Біз тәжірибені қалай жинаймыз деген сұрақ туындайды. Міне, төрт ай жұмыссыз жүр­мін. Жас маманды жұмысқа алуға ке­ліс­кеннің өзінде, жұмыс берушілер бізге көбіне басында 100 мың теңгеге жұ­мыс істейсің, сосын көтереміз дейді. Бірақ бұл бір айға жетпейді. Қазір елде қым­батшылық, үйге төлеуіміз керек, тамақ бар, одан бөлек қыздардың шығындары көп. Салдарынан өзім қалап таңдаған мамандығым бойын­ша жұмыс таба алмадым. Дәл осындай кедергілердің салдарынан менің кей группаластарым да өз мамандығы бойын­ша жұмыс істемей жүр»,  дейді Астана қаласының тұрғыны Қ.Болатбек.

Құралай секілді республикада 2 млн адам өз мамандығымен жұмыс істемейді. Бұл статистика – жуырда жарияланған Finprom сарапшыларының мәліметі. Мұны бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, 25%-дан асып жығылады. Демек оқуын бітірген түлектердің 40%-ға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Бүгінде елде 16-дан 35-ке дейінгі жұмыссыз азаматтардың ең көп үлесі Алматы қаласы (52 536 адам), Түркістан облысы (41 648 адам), Алматы облысы (34 367 адам), Астана қаласы (31 173 адам), Жамбыл облысы (27 384 адам), Қа­рағанды облысы (23 004 адам), Қос­танай облысы (22 465 адам) жә­не Ақтөбе облысынан (21 891 адам) бай­қалған. Бұған қоса қоғамда не еңбек етуге, не білім алуға ұмтылмайтын «жал­қау жастар» 8%-ға жуықтайды.

Тігін саласында 30 жылдан ас­там тә­жірибесі бар, кәсіпкер Мирай Аман­жолқызының айтуынша, жастардың еңбек дәмін татпай жүруіне кәсіптік жә­не жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесінің олқылығы да тұсау болып отыр.

«Біз, әсіресе, жас қыздарды жұмысқа қабылдаймыз. Олар 3 жылдық колледж­дің оқуын аяқтап келсе де, ешнәрсені білмей келеді. Көпшілігін қайта басы­нан бастап үйретіп алуға тура келе­ді. Алғашқы кезеңде мен келісімді жала­қы­ның 50% беремін. Бірақ көптеген мекеме тәжірибесі мен оперативтілігі жоқ жас маманға
30%-дан бастап еңбекақы тағайын­дайды. Бұл расымен аз болуы мүмкін. Бірақ ол бір ай бойы бір затты ғана тіксе, оған заң жүзінде тек тіккен киімінің ақысын ғана төлей аламын. Өйт­кені ол бізге дейін қажетті білім ал­ма­ған. Салдарынан сынақ мерзімінде бі­раз уақыт жүреді. Сәйкесінше, айлы­ғын бірден көтере алмаймын. Бұ­дан кәсіптік оқу орындарындағы мұға­лім­­дер­дің біліміне күмән туады. Әсіре­се практикалық мүмкіндігі жоқ колледж­дердің білім беру жүйесін өзгерту ке­рек деп есептеймін. Қажетті ведомство өкілдеріне талай мәрте хат жолдап, бұл проблеманың өзекті екенін айтқаныммен, нәтиже көрген жоқпын. Тіпті қазір кей жерлерде біздің мамандықты оқуға тек 3-ақ ай ғана береді. Екі ай теория, бір ай практика деп белгіленген. Мен бұған мүлдем келіспеймін», дейді ісмер.

Негізі мемлекет білім беру саласына біраз реформаны енгізіп үлгерді. Ал бойындағы бұла күшін бұғып, көштен іркілгендерді бір қалыпқа салу үшін жыл сайын «Жастар практикасы», «Дип­­­­ломмен – ауылға!», «Серпін», «Жас­­­тар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды бағ­­дарламаларды жүйелеп отырады. Бі­рақ соңғы 10 жылдағы жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішінің айтарлықтай төмендемегені ойландырады.

«Қоғамда мемлекеттік грантпен оқи отырып, сол мамандық бойынша жұмыс істеудің өзі – үлкен мәселе. Мемлекет тарапынан жұмыссыздық көбіне жастардың қауқарсыздығы, жұмыс істегісі келмей­тіндігі деп айып тағылады. Бірақ мен оны қолдамаймын. Инфантилизм көбі­несе NEET санатындағы жастармен бай­­ланысты. Әлемдік тәжірибеде жас­тар­дың шамамен 10%-ы осы санатқа кіреді. Олардың қатарына әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүгедек азаматтар да енеді. Бізде өндіріс орындары көп пе? Оларға жұмыс күші керек пе? Нарықта қандай мамандықтар сұраныста болады немесе күшін жояды деген секілді экономиканың конъюнктурасына жіті талдау жасап отыру қажет. Мысалы «Еңбек», «Серпін», «Дипломмен – ауылға!» жобалары бар, қаражат бөлінеді. Бірақ оның тиімділігі, қаражаттың бөлінуі әлі де ашық мәселе ретінде қалып отыр. Әрине, белгілі бір деңгейде сол аймаққа, сол өңірдің экономикасына эффектісін беретіні анық. Алайда кей облыста одан көптеген мәселе туындап жатқаны жасырын емес. Мәселен, неге солтүстікте көп жас тұрақтай алмайды? Жалпы, мемлекет тарапынан жоғары білімге мейлінше зейін салса дұрыс. Кей оқу орындарының білім-білігі кәсіпорынның талабына сай емес. Тіпті кей жұмыс берушілердің талабы тым жоғары. Сондықтан бұл жерде жастарды кінәламай, салдарымен емес, себебімен күресуді көздеу керек. Жастар бейімделгіш. Оларға қандай жағдай жасалса, соған икемделеді. Бұл біздің экономикамызға тікелей байланысты»,  деді әлеуметтанушы Айдар Хамит.

Халықтың басым бөлігінің жұмыссыз­дығы мемлекеттің экономикалық ахуалына ғана емес, заң бұзушылықтың да қоз­дырғышы екенін ескеру қажет. Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше, ұр­лық-қарлық секілді жекенің мүлкіне қол сұғып жүргендердің басым бөлігі – осы екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар.

Қылмыстың 60%-ының басым көп­шілігі – ұрлық, қарақшылық тағы да басқа қылмыстар. Яғни жекеменшікке қарсы қылмыстар. Қылмыс­керлердің 84%-ы – не жұмыс, не оқу оқымайтын жастар»,  деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инс­пекторы Ержан Жақсылықов.

Осы аралықта тағы бір проблеманың басы қылтияды. Қазір кәсіп табудың, қала­дан үйлі болудың тақсіретін тартып жүрген жастар енді нәпақасын Ба­­тыс елдерінен іздеп жүр. Әлемде эко­но­микалық ахуал құбылған тұста жан саны азайып, еңбек капиталы жетіс­пейтін Еуропа елдеріне бұл – таптырмас олжа. Тіпті санайғаққа зер салсақ, Сыртқы істер министрлігінің бірінші жартыжылдықтағы қорытындысы бойын­ша 194 мыңға жуық отандасымыз өзге елде жан бағып жүр. Мұны көріп, болашағына алаңдаған ата-ана баласын шетелде оқуға жіберіп, сонда қалып, жұмыс істеуіне бар жағдайын жасайтыны белгілі. Қанша мықты мамандар сол елдерден жоғары әрі сапалы білім алып қана қоймай, жақсы жұмыс тауып, тірлік етіп жатыр. Бұл енді ағылшынтілді қазақ студенттерінің арасында қалыпты үрдіске айналды. Мұны Үкіметтің тоқтатуы екіталай. Себебі жұмысқа ор­на­ласудың қиындығы мен жалақы, әлеуметтік қамтудың төмендігі әлі де проб­леманы өзектендіріп тұр.

Жалпы, жұмыс талғамаймын, кез келген кәсіпті меңгеремін деген жасқа елде мол мүмкіндік бар. Әрі мемлекет өзіне қажетті мамандықтарға оқу грантының да санын жыл сайын көбейтіп отыр. Алайда сол түлектердің жұмысқа орна­ла­суына назар аударулары әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан мамандар ин­фантилизмнің ілмегіне ілікпей, кәсібінен нәсіп көруге бет бұруды мақсат тұту керек дейді. Түйткілді тағы басқа қандай жолмен шеше аламыз?