Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ұлттық статистика бюросының дерегін бағдарласақ, қазір елде 450 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр. Оның 130 мыңы – жастар. Арасында түйіндемесін құшақтап, талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүрген Құралай Болатбек те бар. Журналистика мамандығын үздік дипломмен тәмамдаған жас маманнан жұмыс берушілер бір жылдан үш жылға дейінгі еңбек өтілін талап еткен. Тауы шағылған ол қазір сауда саласында еңбек етуге мәжбүр.
«Университет қабырғасында практика уақытында бірнеше телеарнадан, мемлекеттік мекемелерден іс-тәжірибеден өттім. Белсенділігім мен ұйымдастырушылық қабілетімнің арқасында басшылықтың назарына да ілігетінмін. Жақсы ұсыныстар болды. Алайда олар диплом талап етті. Кейін оқуымды аяқтап, түйіндемемді жібергенімде, кемі бір жылға дейінгі еңбек өтілін сұрады. Мен биыл ғана оқу бітірдім ғой. Біз тәжірибені қалай жинаймыз деген сұрақ туындайды. Міне, төрт ай жұмыссыз жүрмін. Жас маманды жұмысқа алуға келіскеннің өзінде, жұмыс берушілер бізге көбіне басында 100 мың теңгеге жұмыс істейсің, сосын көтереміз дейді. Бірақ бұл бір айға жетпейді. Қазір елде қымбатшылық, үйге төлеуіміз керек, тамақ бар, одан бөлек қыздардың шығындары көп. Салдарынан өзім қалап таңдаған мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Дәл осындай кедергілердің салдарынан менің кей группаластарым да өз мамандығы бойынша жұмыс істемей жүр», дейді Астана қаласының тұрғыны Қ.Болатбек.
Құралай секілді республикада 2 млн адам өз мамандығымен жұмыс істемейді. Бұл статистика – жуырда жарияланған Finprom сарапшыларының мәліметі. Мұны бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, 25%-дан асып жығылады. Демек оқуын бітірген түлектердің 40%-ға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
Бүгінде елде 16-дан 35-ке дейінгі жұмыссыз азаматтардың ең көп үлесі Алматы қаласы (52 536 адам), Түркістан облысы (41 648 адам), Алматы облысы (34 367 адам), Астана қаласы (31 173 адам), Жамбыл облысы (27 384 адам), Қарағанды облысы (23 004 адам), Қостанай облысы (22 465 адам) және Ақтөбе облысынан (21 891 адам) байқалған. Бұған қоса қоғамда не еңбек етуге, не білім алуға ұмтылмайтын «жалқау жастар» 8%-ға жуықтайды.
Тігін саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар, кәсіпкер Мирай Аманжолқызының айтуынша, жастардың еңбек дәмін татпай жүруіне кәсіптік және жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесінің олқылығы да тұсау болып отыр.
«Біз, әсіресе, жас қыздарды жұмысқа қабылдаймыз. Олар 3 жылдық колледждің оқуын аяқтап келсе де, ешнәрсені білмей келеді. Көпшілігін қайта басынан бастап үйретіп алуға тура келеді. Алғашқы кезеңде мен келісімді жалақының 50% беремін. Бірақ көптеген мекеме тәжірибесі мен оперативтілігі жоқ жас маманға
30%-дан бастап еңбекақы тағайындайды. Бұл расымен аз болуы мүмкін. Бірақ ол бір ай бойы бір затты ғана тіксе, оған заң жүзінде тек тіккен киімінің ақысын ғана төлей аламын. Өйткені ол бізге дейін қажетті білім алмаған. Салдарынан сынақ мерзімінде біраз уақыт жүреді. Сәйкесінше, айлығын бірден көтере алмаймын. Бұдан кәсіптік оқу орындарындағы мұғалімдердің біліміне күмән туады. Әсіресе практикалық мүмкіндігі жоқ колледждердің білім беру жүйесін өзгерту керек деп есептеймін. Қажетті ведомство өкілдеріне талай мәрте хат жолдап, бұл проблеманың өзекті екенін айтқаныммен, нәтиже көрген жоқпын. Тіпті қазір кей жерлерде біздің мамандықты оқуға тек 3-ақ ай ғана береді. Екі ай теория, бір ай практика деп белгіленген. Мен бұған мүлдем келіспеймін», дейді ісмер.
Негізі мемлекет білім беру саласына біраз реформаны енгізіп үлгерді. Ал бойындағы бұла күшін бұғып, көштен іркілгендерді бір қалыпқа салу үшін жыл сайын «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды бағдарламаларды жүйелеп отырады. Бірақ соңғы 10 жылдағы жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішінің айтарлықтай төмендемегені ойландырады.
«Қоғамда мемлекеттік грантпен оқи отырып, сол мамандық бойынша жұмыс істеудің өзі – үлкен мәселе. Мемлекет тарапынан жұмыссыздық көбіне жастардың қауқарсыздығы, жұмыс істегісі келмейтіндігі деп айып тағылады. Бірақ мен оны қолдамаймын. Инфантилизм көбінесе NEET санатындағы жастармен байланысты. Әлемдік тәжірибеде жастардың шамамен 10%-ы осы санатқа кіреді. Олардың қатарына әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүгедек азаматтар да енеді. Бізде өндіріс орындары көп пе? Оларға жұмыс күші керек пе? Нарықта қандай мамандықтар сұраныста болады немесе күшін жояды деген секілді экономиканың конъюнктурасына жіті талдау жасап отыру қажет. Мысалы «Еңбек», «Серпін», «Дипломмен – ауылға!» жобалары бар, қаражат бөлінеді. Бірақ оның тиімділігі, қаражаттың бөлінуі әлі де ашық мәселе ретінде қалып отыр. Әрине, белгілі бір деңгейде сол аймаққа, сол өңірдің экономикасына эффектісін беретіні анық. Алайда кей облыста одан көптеген мәселе туындап жатқаны жасырын емес. Мәселен, неге солтүстікте көп жас тұрақтай алмайды? Жалпы, мемлекет тарапынан жоғары білімге мейлінше зейін салса дұрыс. Кей оқу орындарының білім-білігі кәсіпорынның талабына сай емес. Тіпті кей жұмыс берушілердің талабы тым жоғары. Сондықтан бұл жерде жастарды кінәламай, салдарымен емес, себебімен күресуді көздеу керек. Жастар бейімделгіш. Оларға қандай жағдай жасалса, соған икемделеді. Бұл біздің экономикамызға тікелей байланысты», деді әлеуметтанушы Айдар Хамит.
Халықтың басым бөлігінің жұмыссыздығы мемлекеттің экономикалық ахуалына ғана емес, заң бұзушылықтың да қоздырғышы екенін ескеру қажет. Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше, ұрлық-қарлық секілді жекенің мүлкіне қол сұғып жүргендердің басым бөлігі – осы екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар.
Қылмыстың 60%-ының басым көпшілігі – ұрлық, қарақшылық тағы да басқа қылмыстар. Яғни жекеменшікке қарсы қылмыстар. Қылмыскерлердің 84%-ы – не жұмыс, не оқу оқымайтын жастар», деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ержан Жақсылықов.
Осы аралықта тағы бір проблеманың басы қылтияды. Қазір кәсіп табудың, қаладан үйлі болудың тақсіретін тартып жүрген жастар енді нәпақасын Батыс елдерінен іздеп жүр. Әлемде экономикалық ахуал құбылған тұста жан саны азайып, еңбек капиталы жетіспейтін Еуропа елдеріне бұл – таптырмас олжа. Тіпті санайғаққа зер салсақ, Сыртқы істер министрлігінің бірінші жартыжылдықтағы қорытындысы бойынша 194 мыңға жуық отандасымыз өзге елде жан бағып жүр. Мұны көріп, болашағына алаңдаған ата-ана баласын шетелде оқуға жіберіп, сонда қалып, жұмыс істеуіне бар жағдайын жасайтыны белгілі. Қанша мықты мамандар сол елдерден жоғары әрі сапалы білім алып қана қоймай, жақсы жұмыс тауып, тірлік етіп жатыр. Бұл енді ағылшынтілді қазақ студенттерінің арасында қалыпты үрдіске айналды. Мұны Үкіметтің тоқтатуы екіталай. Себебі жұмысқа орналасудың қиындығы мен жалақы, әлеуметтік қамтудың төмендігі әлі де проблеманы өзектендіріп тұр.
Жалпы, жұмыс талғамаймын, кез келген кәсіпті меңгеремін деген жасқа елде мол мүмкіндік бар. Әрі мемлекет өзіне қажетті мамандықтарға оқу грантының да санын жыл сайын көбейтіп отыр. Алайда сол түлектердің жұмысқа орналасуына назар аударулары әлі де болса жеткіліксіз. Сондықтан мамандар инфантилизмнің ілмегіне ілікпей, кәсібінен нәсіп көруге бет бұруды мақсат тұту керек дейді. Түйткілді тағы басқа қандай жолмен шеше аламыз?