Бір қызығы, әдеттегідей, айы-күні жақындаған аяғы ауыр келіншек перзентханаға толғақпен түскенде, ультрадыбыстық зерттеу іштегі шақалақтың салмағы 4 800 грамм екендігін көрсеткен.
Жаңа туған нәрестелер бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Кененбаеваның айтуынша, бұл ультрадыбыстық зерттеу кезінде баланың салмағы бастың бипариетальды өлшемі мен құйрық-париетальді өлшеміне байланысты есептеледі.
Акушер-мамандар нәресте анасының құрсағында дұрыс жатпағандықтан, науқас кесарь тілігімен босандырып алуға шешім қабылдайды. Алайда сәбидің осындай дәл салмақпен дүниеге келгеніне тек кесарлық бөлімнің дәрігерлері ғана емес, тіпті анасы да таң қалған. Өйткені бұған дейін шешесі ішінде ірі бала жатқанынан бейхабар болып келген.
«Осы күнге дейін презентханамызда мұндай «алып бала» тумаған, салмағы 6300 грамм болатын сәби – бізде дүниеге келген ең үлкен бала. Босану операциялық әдіспен жүзеге асырылды. Операция сәтті өтті. Босандыру ойдағыдай аяқталды. Ана да, ұлы да сап-сау, аман-есен. Бұл отбасындағы үшінші бала», дейді Сәуле Кененбаева.
Қазір балпанақтай бала тапқан ана мен сәбиі перзентхананың медицина қызметкерлерінің тәулік бойы бақылауында және жуық арада перзентханадан шығуға дайындалып жатыр.
АЛМАТЫ