Көрме • 07 Қыркүйек, 2023

Оралбектің ойлы суреттері

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Байқап отырсақ, ұлттық бейнелеу өне­рінің небір майталмандары отбасы, әулет, тек тақырыбында тамаша туындылар қалдырған. Мәселен, Әбілхан Қастеевтің «Ана», Қанапия Телжановтың «Жамал», Салихитдин Айтбаевтың «Бақыт», Гүлфайрус Исмаилованың «Отбасымен автопортрет», Жұмақын Қайрамбаевтың «Әке портреті» сынды туындылары – қайталанбас ен байлық.

Оралбектің ойлы суреттері

Бүгінде осы қылқалам ше­берлерінің жолын жалғас­тырған шәкірттері де аз емес. Отба­сы күні қарсаңында Алматыда  өнерде аға буынның ізін басқан сурет­ші Оралбек Қабөкенің «Shezhire» атты көрмесі ашылды.

чсм

Мұндай көрмелерді ұйымдастыруға «Аrt of Her» мен «Almaty Gallery» медиа-порталы мұрындық болып жүр. Ал «Shezhire» сурет көрмесін – әрбіріміздің түп-тамырымыз, ата-бабалардың жүріп өткен жолын бей­нелейтін тарихи жад десек те бол­ғандай.

чсм

Тарихпен табиғи байланыстағы көр­меге ұлттық бейнелеу өнерінің клас­сикалық кескіндеме мектебінің дәстүрін жалғастырып жүрген суретшінің 50-ге жуық туындысы қойылған. Олардың біразы – бұған дейін Қазақстан, Өзбекс­тан, Солтүстік Кипр, Әбу-Даби (БАӘ), Сеул (Оңтүстік Корея), Болгария, Мәскеу (Ресей) сынды халықаралық және рес­публикалық көрмелерге қатысқан туын­дылар.

чсм

«Art of Her» – жай ғана медиа емес, отандық суретшілерді біріктіріп, қол­дайтын, дамытуға көмектесетін алаң. Біз былтырдан бері «Almaty Gallery-мен» бірлесіп, Қазақстанда Отбасы күніне орай жас суретшілердің көрмесін ұйымдастырып келеміз. Оралбек Қа­бө­ке еңбектерінен қанық түстерді, сұл­балардың айқындығын, кескіндердің, композициялық құрылымның нақ­тылығы мен қарапайымдылығын көруге болады», дейді осы медиа-пор­талдың бас редакторы Рус Бикетов.

чсм

Расында, суретші ұмытылып бара жат­қан отбасы құндылықтарын жаңғыр­тушы ретінде көрінеді. Оның жеке көр­месіндегі адамдар бейнесі мұңға, қалың ойға, жан қиналысына түскендей. Неге?

«Кейіпкерлерімнің жүзі неге осындай көңіл күйде? Жұмыстарыма менің жеке өмірім мен отбасылық жағдайым да әсер ететін болуы керек. Дәл қазір мен бұл туралы тіс жарғым келмейді...», дейді суретші.

 

АЛМАТЫ