Жансарай • 08 Қыркүйек, 2023

Өнердегі өмір өрнегі

396 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Гүлжан Ізімқызымен алғаш Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайда кездестік. Кездейсоқ деуге болар еді... Бірақ әуежайдағы ығы-жығы жолаушылардың ішінде өзгеше дараланып тұрған Гүлжан апайдың тұлғасын байқамау мүмкін емес еді. Алғаш танысып тұрсақ та, бірден шүйіркелесіп кеттік. Ұшар бағытымыз да бір – Астана екен. Ұзын бойлы, жанары оттай жалындаған, әр қимылы жарасымды, сәнді киінген сапарласым мені өзіне баурап, жан жатырқамайтын кісілік келбетімен тәнті етті.

Өнердегі өмір өрнегі

Халық әртісі, ел сүйіктісі Гүлжан Талпақованың қазақтың өрнегіндей оюланған өмірі би өнерімен өрілген, сахна сиқыры­мен ұштасқаны хақ. Ол 16 жасында би падишасы – әйгілі Ша­ра Жиенқұловаға шәкірт болды. 21 жасында «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі» атанса, 32 жасында «Қазақ КСР-інің халық әртісі» атағын алды. Ендеше, мәдениет пен өнердің ордасы болған әсем қала – Алматыда атақ-даңқы жайылып, бар жағ­дайы жасалған шағында не себептен туған жеріне қайта оралды? Гүлжан Талпақовадай халық әртісіне Алматыда жүріп те өнерге қызмет ете беруіне болмас па еді?

– Мен өз өмірімді тангоға ұқса­тамын. Себебі онда би жан­ры­ның бар­лық түрі – классика да, халық биі мен замануи би де кездеседі. Вальсті де осы тангодан табасыз. Сол секілді ме­нің өмірімде де тағдырдың түрлі тар­ту­л­ары мен күтпеген тосынсыйлары өте көп. Жүріп өткен жолым түрлі бояуға толы. Құдды бір танго сияқты. Әйтсе де мен өміріме, барлық қуаныш-мұңына, қызық-қиындығына ризамын. Адамда арман таусылған ба?!. Мен де бала күнімнен арманшыл болып өстім. Сол арман мені осы жолға әкелген, қиянға өрлеткен. Бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысында туып-өстім. Біздің де балалық шақ соғыстан кейінгі қиындау кезеңмен тұспа-тұс келді. Атыраудың аптабына қақталып, Ақ­жайықты жағалап жүріп, арманыма қанат байладым. Батыстың ұшы-қиыры жоқ жазық даласы мені көз жет­пейтін шетсіз-шексіз қиялдарға жете­леді. Соның әсері болса керек, арманшыл болып бойжеттім. Қыстың көбесі сөгіліп, жер қарая бастағаннан-ақ атам мен әжем келе-келе түйелерін қомдап, жайлау жаққа қарай бет түзейтін. Мен де көштен қалмай, қастары­нан табылатынмын. Кең далаға қаздай тізіліп қона қалған он шақты киіз үй сол кезде менің өнер көрсететін сахнам болатын, – дейді Гүлжан Ізімқызы балалық шағын еске алып. Кішкентай қара домалақ немерелерін атасы мен әжесі «халық әртісі» деп еркеле­тіпті. Ауыз­дары дуалы қариялар биші қыздың болашағын сезген­дей-ақ болжапты. 1965 жылы Атырауға халық әртісі Гүлжиһан Ғалиқызы келіп, Алматыда өзі ашқан эстрада-цирк студиясына жас таланттарды іріктеп, әнші, домбырашы, бишілер арасында байқау ұйымдастырады. Сонда кішкентай Гүл­жан бар өнерін ортаға салып, мың бұрала билейді. Осылайша, комиссия құра­мындағы Қазақстанның халық әрті­сі Шара Жиенқұлованың көзіне түседі.

чсм

– Өнерімді тамашалап болғаннан кейін Шара апамыз: «Жақсы. Сенен биші шығады. Саусақтарың сөйлеп тұр екен» деп, ақ батасын берді. Сөйтіп іріктеуден өткен бір топ жас Аты­раудағы арманымызды ақи­қат­қа айналдыру үшін Алматыға аттандық. Бізді бұл жақта үлкен тәжірибе мектебі күтіп тұрған еді. Шара апамыздың бір дәрісінің өзі неге тұрады! Кейін ол кісімен көрші тұрып, өмірден өткенше жақсы аралас­тық. Биші апай баласымен бірге бесінші қабатта, ал біз үшінші қабатта тұрдық. Есігіміз жабылған емес. Бір сөзбен айтқанда, Шара апаның шарапатына бөлендім. Сондықтан болса керек, Шара апай туралы айтқанда, мен оны ұстазым емес, өзімнің етжақын, аяулы адамымдай еске аламын. Ол шынымен солай еді. Шара апамыздың ұлттық би өнерінің дамуына сіңірген еңбегі ерен. Қазақ би мектебінің негізін қалады, көптеген би қимылын ойлап тапты. Мәселен, «Бүркіт», «Ұйыршық», «Өрнек», «Құсмұрын» және тағы да басқа әйгілі билер – Шара апамыздың жанынан шыққан жауһарлар. Би пади­шасының, әсіресе 1930-1937 жыл­дардағы «Ұйыршық», «Киіз басу» билері керемет шыққан. Ол кісінің билері қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы­мен терең астасып жатыр. Осы­нау әсем көрініске сырттай қарап сүйсінбеу мүмкін емес еді. Ат жарысы, домбыра шерткен адам, ұршық иірген әже, киіз басқан келіншек – осының бәрі көркем қимыл, әсем әрекетпен ерекше бедерленген. Мұның барлығын Шара апамыз өзі ойлап тауып, теориялық негізін де жасап кетті», – дейді Гүлжан Ізімқызы.

Бүгінде би өнері саласындағы жалғыз халық әртісі Гүлжан Талпа­қованың есімі өнер сүйер қауым арасында әйгілі де абыройлы. Әркез мәдениет пен өнер эпицентрі атанған Алматыда Гүлжан Ізімқызы өнер алды, сахна сәні, көрер­мен көзайымы болуға өзінің еңбек­қорлығы мен биге деген ұшан теңіз адал махаббатының арқасында жетті. «Таланттың тәжі – табандылық» десек, дәл осы қасиет Гүлжан Талпақованың бойынан табылды. Әлемнің 52 мем­лекетінде өнер көрсетіп, ұлттық би өне­рін жаһанға танытты. Биші реперту­арындағы «Айжан қыз», «Қос алқа», «Алмас қырғауыл», өзбек­тің «Хорезм биі» және ұйғыр, корей, вьеатнам, моңғол, үнді, мысыр, малай халықтары­ның билері көрерменін бір сәт те бейжай қалдырып көрген емес. Гастрольдік сапармен АҚШ, Германия, Моңғолия, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде (Бирма, Малайзия, Сингапур, Шри Лан­ка), Үндістан, Жапония, Иран, Таи­ланд, Финляндия сынды мемлекеттерді аралап, өнерімен жұртшылықты тәнті етті. Ал Болгария астанасы София қа­ласында жастар мен студент­тердің Бүкілдүниежүзілік ІХ фестиваліне қатысып, «Айжан қыз» биімен лауреат атанып, күміс жүлдеге ие болды. Американың тоғыз штатында болып, бәрін де теңдессіз талантымен мойындатты. Дәл осы сапарынан кейін Дінмұхаммед Қонаев арнайы қабылдап, бишіні «Халық әртісі» атағымен марапаттады.

сч

Гүлжан Ізім­қызымен әуежайда басталған таныс­тығымыз ары қарай жал­ғасын тапты. Мұны да кездей­соқтық деуге болар еді... 2019 жылы Кас­пий құбыры консорциумы «Жас Тол­қын» жас таланттар байқауы қайырым­дылық жобасын бастады. Жоба Атырау, Ақтөбе, Маң­ғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тұратын дарынды балалар мен жасөс­пірімдерді қолдауға бағытталған. Конкурстың мақсаты – ұлттық мә­дениет пен салт-дәстүрді сақтау және жаңғырту. Конкурсқа қатысу­шылар «Хореография», «Вокал», «Аспаптық жанр», «Дәстүрлі ән», «Көркем сөз» аталымдары бойынша сынға түсіп,  қазылар алқасының алдында өнер көрсетеді. Міне, осы жобада Гүлжан Ізімқызының алатын орны ерекше. Ол кісі 3 кезеңнен тұратын, наурыздан желтоқсан айына дейін ұйымдас­тырылатын аталған жобаны жүзеге асыруға басынан аяғына дейін белсене қатысып, жан-тәнімен беріле қызмет етіп келеді. Сахна өнері­нің ерекшелігін кәсіби бишілерге ғана емес, барлық қатысушыға үйретеді.

– Білесіз бе, мен үшін ауыл балаларына қолдау көрсету, олардың таланттарын инемен қазғандай ерінбей ашу – өте маңызды іс. Өмір­лерінде бірінші рет ауылдарынан шығып, бірінші рет пойызға, ұшаққа отырған, алғаш рет Мәскеуге барған, ауыздары ашылып, көздері мөлді­реген өрімдей балаларды көріп жылағым келеді. Мен 75 жасқа толсам да, осы бүлдіршін­дердің тағдыры үшін еңбек етуге, жанымды салып қолдау көрсе­туге әзірмін. Каспий құбыр консор­циумы балалар үшін ғана емес, Қазақ­станның болашағы үшін өте маңызды жобаны қолдап отыр. Мен соған ризамын, – дейді «бұлақ көрсе, көзін ашуға» дайын тұратын апайымыз риясыз шын көңілімен.

2009 жылы Гүлжан Талпақованың туған жері Аты­рауға оралуының да себебі – осы кішкентай өнерпаздар. Олардың болашағын уайымдағанынан, жалпы шығар­машылық саласында әрбір талантты баланың бағын ашу үшін ұстаздық етуді, кіндік қаны тамған туған жеріне қызмет етуді өз борышым деп білгенінен. Алдағы уақытта «Гүлжан Талпа­қованың өнербаян өрнектері» деген кітап жарыққа шығады. Бұл кітапта кейіпкеріміз өзінің өмір жолы, өмірлік ұстаздары және тағдыр тәлкегі мен тосын сыйлары туралы баяндайды. Расында, Гүлжан Ізімқызының жүріп өткен өмір иіріміндегі ізі асқақтаған биік таулар мен теңіздің терең түбіндегі қапастар­дан тұрады.

Би – менің сүйікті ісім. Осы саламен тағдырымды байланыстырғаннан кейін маман­дығыма, ұстаздар артқан сенімге барынша адал, лайықты болуға тырыс­тым. Сол үшін күн­діз-түні тынымсыз еңбектендім. Би дегеніңіз өнердің ең қиын түрлерінің бірі ғой. Сондық­тан титтей де босаңсымауға тырыстым. Өйткені би сұлулықты, тәртіпті және мінезді сүйеді. Маңайда басқа тірлік барын ұмытып, бимен өмір сүріп жүріп, тіпті, атақ алу туралы ойламаған да екенмін. Осы тұрғыдан келгенде жастайымнан менің қасымда болып, қорған бола білген, жанымды аялап, үкілей білген ұстаздарым Шара Жиенқұлова мен Гүлжиһан Ғалиеваға айтар алғысым шексіз. Қазір ойлап қарасам, Кеңес одағы кезінен келе жатқан бишілерден жалғыз қалыппын. Небір дүлдүл дарындар, аңыз адамдар өмірден өтіп кетті. Солардың көзін көріп, пікірлес болғанымды шексіз бақыт санаймын. Мақтанды демессіз, бірақ өнер тарихында классикалық бағытта «Халық әртісі» атанған өнерпаздар көп бол­ғанымен, ұлттық өнер бағытында осынау жоғары атақты иеленгендер – екеу-ақ екенбіз. Оның бірі – ұстазым Шара Жиенқұлова болса, екіншісі – менмін. Өнер өркендеп, дамып келе жатыр ғой. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдан бері үзіліп қалған «Халық әртісі» атағын биылдан бастап қалпына келтірді. Алдағы уақытта ұлттық өнер жолында тер төгіп, Шара апамыздың жолын жалғайтын жастар мол болады деп сенемін. Өйткені би өнерінде талантты жастар өте көп. Солардың болашағынан көп үміт күтемін. Аллаға шүкір, мен өзімді бақытты адамдардың қатарына қосамын. Тағдыр менің жолымда керемет ұстаздарды жолықтырды. Өнерде өз орнымды қалыптастырдым. Билеп жүріп, перзенттерімді өмірге әкеліп, ана атандым. Сүйікті жар болдым. Бүгінде келіннің қолынан шай ішкен, немересін еркелеткен бақытты әжемін. Қазақта «Бала өскенше, немере өл­генше» деген жақсы сөз бар ғой. Шы­нымен де солай екен. Немерелерім десе, ішкен асымды жерге қоямын. Әрқайсысы – бір-бір төбе. Бағыма орай келіндерім де адалынан бұйырды. Әсіресе, қолымдағы келінім Алинаға ерекше ризамын. Қас-қабағымды бағып, бар жақсысы мен жұмса­ғын алдыма тосудан бір тынбайды. Кезінде маған ұстазым Гүлжи­һан Ғалиева қандай керемет ене болса, бүгін мен де келіндеріме сондай ене болуға тыры­самын, – дейді Гүлжан Ізім­қызы.

Гүлжан Ізім­қызымен алғашқы кез­десуіміз осыдан жеті жыл бұрын Аты­рау әуежайында болды. Ілкі заман­нан-ақ би тартымды, құпиялы, сиқырлы салтанатқа ие. Адам бидегі мың бұралған дене қимылы арқылы ішкі сезімін, көңіл күйін, жүрек сырын, тіпті мұңы мен зарын жеткізе алады. Ал осындай ғажайып қимыл-қозғалыс тілін киелі сахнада паш ету бойына ерекше қасиет қонған, жүрегі нәзік, жаны жомарт, мінезі жайсаң адамның ғана қолынан келері хақ. Гүлжан Ізімқызының 75 жыл­дық мерейтойы қарсаңын­да біз сүйік­ті апайымызға мықты денсау­лық тілейміз. Жанса­райыңызды жар­қы­ратып, шабытыңызды шарық­тататын өнеріңіз бен күш-жігеріңіз бойыңызға сарқылмас қуат беріп, әлі де мыңдаған жас өнерпаз­дың айрықша қамқор­шысы ретінде еліңізге қызмет ете беріңіз, Гүлжан апай.

 

Айна ЗАДАБЕК