Денсаулық • 07 Қыркүйек, 2023

Обырды емдеу жөніндегі кеңес

126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада онкологтердің халықаралық ғылыми-прак­тика­лық конференциясы басталды. Оған еліміздің және Өзбекстан, Түркия, Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Гер­мания, АҚШ, Оңтүстік Корея секілді бірнеше мемле­кеттің жетекші мамандары қатысып жатыр.

Обырды емдеу жөніндегі кеңес

Ресми деректерге үңіл­сек, жыл сайын елде онколо­гия­лық аурулардың 37 мың­нан аса жаңа жағдайы тір­кел­се, 13 мыңнан астам адам қайтыс болады екен. Қазір­дің өзінде онкопатологиясы бар 205 мыңнан астам азамат есепте тұр. Он­коло­гиялық аурудың салда­ры бізді ғана емес, бүкіл әлем халқын алаңдатып отыр. Конференцияның ашы­­лу сал­танатында Ұлттық ғы­лы­­ми онкология орталы­ғы­ның басқарма төрағасы Сан­жар Шалекенов осы және өзге де деректерді ортаға салды. Ғылы­ми-практикалық конфе­рен­цияның мән-маңызы туралы айтты. Орайлы сәтте жаңадан бой көтеріп жатқан онкологиялық орталық жа­йында аз-кем ақпарат берді.

– Денсаулық сақтау ми­нистрлігі бекіткен жол кар­т­асына сәйкес Астана қала­сында Ұлттық ғылыми онкология орталығы жаңа корпусының құрылысы қызу жүріп жатыр. Құрылыстың бірінші кезеңі осы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл онкология саласындағы озық орталықтардың бірі бо­лады. Он­да қатерлі ісіктерді диагнос­тикалау мен емдеудің біре­гей әлемдік технология­лары қолданылады, сон­дай-ақ ғылыми зерттеу­лер жүргізіліп, ғылыми-техни­калық бағдарламалар іске асады, – деді ол.

Онкологиялық көмектің қолжетімдігін арттырып, сапасын жақсартуға келгенде бірқатар маңызды мәселе әлі де өзекті болып қала бер­мек. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі онколо­гиялық аурулармен күрес жө­ніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Бұл жоспар қатерлі ісіктердің ауырт­па­лығын азайтуға бағыт­талған. Статистика бойынша кейінгі жылдары қатерлі ісіктен болатын өлім 15%-ға төмен­деген. Өлім-жітім дерегінде бірінші өкпе обыры (16,3%), екінші асқазан обыры (12,0%), үшінші колоректальды обыр (10,6%) және төртінші сүт безі обыры (8,1%) тұр. Сонымен қатар науқастардың 55,8 пайы­зы еңбекке қабілетті жас­тағы (18-64 жас) топтан. Он­ко­логиялық қызметтің тиім­ділігін сипаттайтын не­гізгі көрсеткіштердің бірі онкопатологияны ерте анықтау. Орталық төр­ағасының кли­никалық қыз­мет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқа­жановтың айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар үзіл­меген.

– Елде онкологиялық қыз­меттің құрылымын дамыту және жетілдіру жұмыстары жалғасып келеді. Былтыр онко­логиялық көмектің бар­лық үш деңгейінде айтар­лықтай өзгеріс болды. Ал­маты, Астана, Ақтөбе, Се­­мей, Павлодар, Ақтау, Өс­­ке­­мен, Шымкент қалала­рын­­­дағы орталықтар және ҚазОРҒЗИ жоғары техноло­гиялық радиациялық онкология орталығы жоғары санатты білікті мамандарды тартып, базасын заманауи технологиялық құралдармен жабдықтауда. Бұл расында онкологиялық аурулар­ды емдеудің жоғары техно­логиялық әдістерін ұсынуға мүмкіндік береді, – дейді Ә.Мұқажанов.

Үш күнге жалғасатын ғы­­лы­ми-практикалық конференцияда онкологиядағы өзекті мәселелер түгел дер­лік қамтылады. Соның ішін­де онкологиялық ауруларды емдеудегі жекелеген тәсіл­дер, радиациялық онкология, ядролық медицина, пал­лиативтік көмек және басқа да бағыттар қаралады.