Құқық • 08 Қыркүйек, 2023

Бала құқығының жауапкершілігі

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде балаларға қарсы жасалған қылмыс саны 18 пайызға өскен. Бұған қоса кәмелет жасына толмағандар арасында суицид те азаймай тұр. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен кеңесте кеңінен айтылды. Жиынға балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша министрліктердің басшылары мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.

Бала құқығының жауапкершілігі

Бас прокурор Берік Асыловтың төраға­лы­ғымен өткен жиында мамандар бала құқықтарын қорғау және отбасыларға қолдау көрсету үшін IT технологияларды кеңінен қолдануды ұсынды. Осы ретте қатысушыларға «Е-превенция» жобасы таныстырылды. Бағдарлама қиын жасөспірімдердің өмір сүру жағдайларын, бос уақытын, білім алу мүмкіндіктерін, әлеуметтік мәселелердің талдауға мүмкін­дік береді. Әрі полиция, білім беру, әлеу­меттік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге жол ашады.

«Кәмелетке толмағандардың жыныс­тық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу саласында қолайсыз отбасы­ларға, көпбалалы отбасыларға және бала­лар өгей әкесімен бірге тұратын отбасы­ларға іс жүзінде бару қамтамасыз етіледі. Бұл жоба елордада және Ақтөбе облысында сыналып жатыр», делінген хабарламада.

Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі мемлекеттік ор­гандардың 80-нен астам дерекқоры бірік­тірілген «Отбасының цифрлық картасы­ның» мүмкіндігін таныстырды. Осылайша, жиылғандар балалардың жара­қат­тануының себептері мен кәмелетке толмағандар арасындағы балалар суициді­нің және қылмыстың алдын алу жөніндегі жұмысты жіті талқылады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева зорлық-зомбылық, қатыгездік, балалардың терезеден құлауы, балалар мекемелерін ли­цензиялау және буллинг мәселелері бо­йынша 50-ден астам түзетуді қамтитын ба­ла­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңнамалық сипаттағы ұсыныстар келтірді.

– Елімізде күн сайын 6 балаға қатысты қылмыс жасалады. Күн сайын 1-2 бала өз-өзі­не қол жұмсайды немесе жұмсауға ты­ры­­­сады. Тек осы жылдың 8 айында өт­кен жылмен салыстырғанда бұл деректер 47 пайызға өсті. Ал балаларға қатысты жасалған қыл­мыс саны 18 пайызға өсті. Күн сайын 342 бала тұрмыстық зорлық-зом­былыққа ұшырайды. Балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасалады, – деді Бала құ­қықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева.

Мемлекеттік органдар бұл ұсыныс­тарды жұмыс тобының отырыстарында одан әрі талқылайды. Іс-шара соңында Бас прокурор Берік Асылов пен Бала құқық­тары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мемо­рандумға қол қойды. Осылайша, тараптар өзара ынтымақтастық туралы уағдаласты.

Айта кетейік, елорда прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау тәжірибесіне талдау жүргізді. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандарға қатысты айыппұлдардың артық сомаларын салу және жауапқа тарту мерзімдерін қолданудың ерекше тәртібін бұзғаны анықталды. Қадағалау актілері негізінде уәкілетті органдардың 30 қаулысы заңға сәйкестендірілді, атап айтқанда 13 іс бо­йынша айыппұл соммасы төмендетілген. Ал 17 іс жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылыпты.