Балқаш курорттық аймағы туристерге әлгіндегідей қызмет ұсына алмай отырып, туристификация картасының «ТОП-10» тізіміне қалай еніп кеткеніне қайранбыз. Жағасындағы табан күйдірер құмына, тұзды суына сөзіміз жоқ. Тек тамаша көлдің жағасында «жабайы» туризмнің дәурені жүріп тұрғанына жұрт қынжылады.
Жаз бойы көл жағасында болғандар жақсы білер курорттық аймақтың бұрыш-бұрышы қоқысқа ыбырсығанын. Тіпті жағажайдың өзінде бос бөтелкелер, тамақ қалдықтары шашылып жатады. Көзімізбен көріп, күйінгеннен соң айтып отырмыз. Мұнда мынадай мәселе бар: демалушылардың да ішкі мәдениеті қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен сол қоқысты сыртқа тасып жүрген техникаңызды да кезіктірмедік және көптен келмегенін де түсіндік.
Балқашқа келген туристерді «Шұбартүбек», «Тораңғалық» секілді демалыс аймақтарына апаратын автобустар да жоқ. Жағдайы жеткендер такси қызметіне жүгінеді. Таксидің үнемі табыла бермейтіні тағы бар. Ал қарапайым демалушыларға жоғарыда атап өткен жағажайға жету мұңға айналған. Міне, бұл мәселелерді Балқаш қаласы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жанмира Рахпанова растап отыр.
Осы мәселелердің шешімін табу үшін жолға қойылған жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпыз, әрине. Оның үстіне Балқаш туризмді дамытудың жол картасында бар. Тек жолда қалып қоймаса дейміз.
– Балқаш қаласына туристердің көптеп келуі ішкі туризмнің ілгері басуына ықпал етіп отыр. Көптен күткен 18 бизнес-жобаның басталуы – өңір туризмін өркендетудің нақты қадамы. Балқашқа Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерінің қосылуы – оңтайлы шешім. Бүгінгі таңда осы аумақта жүйелі жоспар жасалынды. Жағалау аймағының 22 шақырымын инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету, абаттандыру жолға қойылған. Мұнда жеке инвестициялар есебінен 12 демалыс аймағы мен туризм нысандары салынады. «Тораңғалық, Шұбартүбек кенттеріндегі су құбыры желілерінің құрылысы» жобасының құны 9,8 млрд теңгені құрады. Бұған қоса кәріз желілерінің құрылысы да бар. Құрылыс құны 13,672 млрд теңгеге жоспарланып отыр. Электр желісі жасалады, – дейді Ж.Рахпанова.
Онымен қоса Балқаш қаласының әуежайында да құрылыс жүреді. Бұл үшін 3,5 млрд теңге сомасына жобалау-сметалық құжаттама әзірленген.
Алаштың Арқадағы алтын бесігі саналған Ақтоғайға шетелден туристер жиі келеді. Бегазы-Дәндібайдың мәдени ескерткіштеріне қызығушылық танытатын туристер көп болып тұр. Одан бөлек, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның басына тәу ететіндер де көп келеді. Бірақ мұнда туризм дегеніңіз түбімен жоқ. «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің төрағасы Жазира Жанкина шетелдік туристер алдында сан мәрте қысылып, қымтырылғанын айтады.
– «Туризм дәретханадан басталады». Бізге шетелдерден туристер көп келеді. Әсіресе Франция елшілігімен тығыз жұмыс істейміз. Еуропалықтарды этнотуризм, экотуризм қатты қызықтырады. Қарағанды облысында оларды апаруға болатын жер көп. Мысалы, Ақтоғай ауданындағы Бегазы-Дәндібайды алайық. Саяхатшылар ол туралы интернеттен оқып алады да, көруге құштарлығы артады. Тиісінше біздің фирмаға жүгінеді. «Келгенше қонақ қысылады, келген соң үй иесі қысылады» дейді ғой. Ақтоғайға апарғанша әбден ұялып бітемін. Астан-кестені шыққан жолды былай қойғанда, жол бойында дені дұрыс дәретхана жоқ. Кафе-мейрамхананы сағалап, қожайындарынан сөз естіп жүргеніміз, – дейді Жазира Құрмашқызы.
Кәсіпкердің бұл мәселені қозғап жүргеніне бірнеше жыл болды. Мұның оңай шешілетініне де сенбейді. Расы керек, Ақтоғайға апаратын жолдың жай-күйі жан ауыртады.
Ал Арқаның інжу-маржаны Қарқаралыға келетін туристердің де қарасы қалың. Мұнда да туризмнің дамуына кедергі келтіретін түйткілді мәселелер бар: демалыс орындары мен туристік нысандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту керек. Яғни Қарағанды-Қарқаралы республикалық маңызы бар жолды орташа жөндеу, шағын авиация үшін әуежайды қалпына келтіру, ұялы байланысты, оның ішінде интернетті сапалы ету, жұмыс істеп тұрған демалыс үйлеріне дейінгі жолдарды жөндеу, туристік маршруттарды абаттандыру.
– Инвесторлар мен тұрғындардың туризмді дамытуға қызығушылығы болғанымен, бірқатар мәселені атап өту керек. Бұл – ең алдымен, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жай-күйі, кадр тапшылығы, сервистің әлсіз дамуы және Ұлттық парк тарапынан қойылатын көптеген шектеу. Бүгінгі таңда «Қарқаралы ауданының туризмін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» әзірленіп жатыр. Осы жоспар арқылы туризм саласын дамыту бойынша барлық бағытты қамтуды көздеп отырмыз, әсіресе жол, интернет мәселелері, ауыз сумен қамтамасыз ету, – дейді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
Сонымен Қарағанды облысының туризм саласындағы әлеуеті әлі де әлсіз. Президент пәрменімен Туризм және спорт министрлігі жеке жасақталды. Мүмкін туризмнің қазаны енді бұрқ-сарқ қайнауға бағыт алар. Оны уақыт еншісіне қалдырдық.
Қарағанды облысы