Саясат • 10 Қыркүйек, 2023

Жаһандық лаңкестік мәселесі елордада талқыланды

366 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылым кеңесінің 40-мерейтойлық отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар маңызды мәселе талқыланды.

Жаһандық лаңкестік мәселесі елордада талқыланды

Іс-шара басталған соң Қазақстан Ұлт­­тық қауіпсіздік комитеті төра­ғасы Ермек Сағымбаев құттық­тау сөз сөй­леді. Ол ке­ңес құрылғалы ұйым­ның дамуына елеу­лі үлес қосқа­нын, ай­мақ­тық және жа­­һан­дық деңгейде терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрестің ті­регі және үй­лес­тіруші орталығына ай­нал­ғанын атап өтті.

Отырыста Ұлттық қауіпсіздік ко­­ми­теті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда тер­­рорис­тік қауіп тұрақты түрде сақ­­т­алып тұр. Жыл сайын кемінде 2 тер­рористік шабуылға тосқауыл қо­йы­лады.

«Биыл Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдан жасал­ған жа­рыл­ғыш құрылғымен жа­руға да­йын­далып жатқан топ ұс­талды. Сон­дай-ақ Астанада ха­лық көп жина­ла­тын жерлерде қарулы шабуыл жасау әре­кеттері тоқтатылды. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, «ШЫҰ-ға мүше мем­­лекет­тер үшін террористік қа­тер­лер­дің қалыптасуы бірқатар үстем фак­­­тордың әсерінен болады» деген қоры­тын­ды жасауға мүмкіндік береді», деді Р.Сейсембаев.

Спикер сонымен қатар кейінгі жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерде терроризм қауіпінің артқанына тоқталды. Оның айтуынша, кейінгі үш жылда кемінде 80 резонанстық лаңкестік шабуыл жасалған. Әсіресе биыл күрт өскен. Мысалы, 2022 жылы 18 лаң­­кес­тік әрекет тіркелсе, 2023 жылы 47 оқиға болған.

«Террористердің қолынан 400-ден ас­там бейбіт азамат қаза тауып, 940-қа жуық адам жарақат алды. Күш құрылым­да­ры мен құқық қор­ғау органдарына күш қолдану әре­кеттерінің жолын кесу үшін 300-ден астам терроризмге қарсы операция жүргізілді. 1 600 террорист пе­н олардың көмекшілері ұсталды. Би­лік­ке қар­сы­лық көрсеткен 60-қа жуық қыл­мыс­кер қамалды», деді ҰҚК төрағасының орын­басары.

Бұдан бөлек, баяндамашы елді арбай­тындардың айла-тәсілдеріне тоқталды. Оның айтуынша, халықты радикал­дан­ды­рудың тағы бір ма­ңыз­ды факторы – терроризмді интернет арқылы насихаттау. Ин­тер­нетті қолданушылардың белсен­ділігі терроризм мен экстремизм идео­лог­те­рінің үгіт-насихат жұмы­сын жүр­гі­зу­ге жағдай жасап отыр.

«Бүгінде бұл – жастарды ради­кал­­дан­дырудың негізгі факторы. Цифрлы ортада халықаралық тер­­рористік ұйым­дар халыққа дес­труктивті ақ­­параттық насихат жүр­­­­гізіп, пси­хо­ло­гиялық әсер етуі үшін пай­­дала­натын желілік инфра­­­­құрылым құрылды», деді Р.Сейсембаев.

ҰҚК төрағасының орынбасары кел­тір­ген деректерге сүйенсек, сарап­та­малық бағалаулар интернетте жұмыс істейтін 10 мыңға жуық экстре­мис­тік электронды алаң бар екенін көр­сет­кен. Әлеуметтік желі­лер мен мес­сенджерлер арқылы де­ректер алмасу, экс­тремистік материал­дарды тарату, сондай-ақ терро­ристік қыз­мет­ті басқару құры­лады.

«Өкінішке қарай, ең осал және терро­рис­­тік қауіпке жиі ұшырайтын санат – жастар. Биыл ғана елімізде деструктивті қауымдастықтардағы жастар арасынан 80 мыңға жуық желі пайдаланушысы анық­талды. Олардың ішінде 6 мыңға жуығы 18 жасқа толмаған. Бұл мәселені шешу үшін ШЫҰ елдерінде терроризмге қарсы ақ­параттық-насихаттық іс-қимыл жұмы­сын одан әрі жетілдіре түсу қажет», деді спикер.

Сондай-ақ жиын барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін лаңкестік қа­­тер­­лер бойынша қоры­тын­ды жасал­ғаны, Ауған­с­тан­дағы лаңкестік іс-қимылдың көп­тігі әңгіме болды. 2021 жылы Ауған­станда би­лікке келген «Талибан» қозға­лысы мем­­лекеттік басқарудың тиімді жү­йе­­сін құрып, қауіпсіздікті қамта­­масыз ете ал­ма­ған. Мәселен, 50-ге жуық лаңкестік шабуыл­дан 350-ден астам адам­ның өмірі қиыл­ды, одан бөлек 700-ден астам адам жараланды.

«Ауғанстандағы террористік қа­уіп­тің жоғары деңгейінің сақталуы ШЫҰ кеңіс­тігінде экспорттау ық­ти­­мал­дығын бол­жауға мүм­кін­дік береді. Бұл жағдай ШЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттерде барлау, ше­кара және құ­қық қорғау орган­да­ры­ның өзара іс-қимыл жасау әдістерінің практикалық ны­сан­­дарын жетілдіруді қа­жет ете­ді», деді Р.Сейсембаев.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) қаты­сушыларының құрамы ке­ңейіп келеді. Бұл – ұйым­ның тұ­рақты өсіп келе жатқан халық­ара­лық беделі мен ықпалының дәлелі. Өңір­лік терроризмге қарсы құры­лым кеңесінің жұмысына ШЫҰ то­лық­қанды мүшесі ретінде Иран Ислам Республикасының өкілі алғаш рет қа­тысты. Келер жылы ШЫҰ-ға Беларусь пен Моңғолия то­лық­­қанды мүше атануы мүмкін.

«Бүгінгі кеңесте терроризмге, экстремизмге және сепаратизмге қарсы күрес мәселелері бойынша бұрын қа­былданған шешім­дер­дің іске асырылу барысы қа­ралды. Лаңкестік әрекеттерге қарсы іс-қимыл және са­рап­­тамалық топтар­дың өзекті мәсе­лелер бойынша жұмыс жос­парлары бекітілді. Әуе жолаушылары туралы алдын ала ақпарат жүйелерін пай­да­л­а­нудың халықаралық тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ ШЫҰ мемлекет­те­рінің осы саладағы ұлттық тәжіри­бе­сін талдау қорытындылары мақұл­дан­ды», деді Р.Сейсембаев.

Мәлімдемеде терроризмді қар­жы­­лан­дыру арналарының жолын кесу және анықтау, сондай-ақ қарудың заңсыз ай­на­лымына қарсы іс-қимыл жөніндегі ын­ты­мақтастық мәселелері көтерілгені айтыл­ған.

«Үндістан аумағында прак­ти­ка­­лық ынтымақтастықты күшей­ту үшін интер­нет желісін тер­рористік және экстре­мистік мақ­сат­­тарда пай­да­­ланудың жолын кесу бойынша прак­­тикалық семинар мен терроризмге қарсы оқу-жаттығу жоспарланған. 2024 жылы ҚХР аума­ғын­да терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығу өткізу туралы шешім қабыл­дан­ды. Экстремистік идеологияға қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен ынты­­мақ­тастық бағдарламасын әзір­­леу басталды. ШЫҰ елдерінің лаң­кестік тақы­ры­бы­на арналған кезекті отырысты Қытайда өткізуді жоспарлап отырмыз», деді Руслан Сейсембаев.

Айта кетерлігі, Шанхай ынтымақ­тас­­тық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылым Кеңесіне Үн­дістан, Иран, Қытай, Қыр­ғызстан, Пәкістан, Ресей, Тә­жікстан, Өзбек­стан құзыретті орган­да­рының және ШЫҰ ӨТҚҚ Ат­қа­рушы комите­тінің деле­гациялары қатысты. Байқау­шы­ ретін­­де Беларусь және Моңғолия өкіл­дері шақырылды.

Форумда терроризмді қаржы­лан­дыру арналарын анықтау және жо­лын кесу, сондай-ақ қарудың заң­сыз айна­лымына қарсы іс-қи­мыл мәселелері қарал­ды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ын­ты­мақ­­тастығының 2022-2024 жыл­дарға арналған бағдарламасын орын­дау­дың ара­лық нәтижелері шыға­рыл­ды.

Алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды. Осылайша, Үндістан Республикасының аума­ғын­да интернет желісін террористік, сепаратистік және экст­ремистік мақсаттарда пайдалануға жол бермеу бойынша семинар мен бір­лес­кен оқу-жаттығу өткізу көзделген.

Сондай-ақ тараптар өңірде тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздікті сақтауға бағыт­талған бірлескен жобаларды және өзге де шараларды іске асыру туралы қорытынды құ­жат­­қа қол қойды. Қытай Халық Рес­пуб­­ли­­ка­сының аума­ғында ШЫҰ ӨТҚҚ кезекті отырысын өткізу туралы уағ­даластыққа қол жеткізілді.