Конституциялық сотта Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған «Конституциялық сот төрелігі: баршаға қадір-қасиет, бостандық пен әділдік» атты халықаралық конференция өтті. Президент көмекшісі Ержан Жиенбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференция қатысушыларына құттықтауын оқып берді.
Мемлекет басшысы Конституциялық сот төрелігі демократиялық қоғамның маңызды элементтерінің бірі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі екенін атап өтті. «Конференцияның бүкіл әлем үшін іргелі құжат – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қабылданғанына 75 жыл толу қарсаңында өтуінің символдық мәні зор. Декларация адам құқықтарын қорғау және насихаттау саласындағы кең ынтымақтастықтың қажеттілігін көрсетеді. Қазақстан бұл тәсілді толығымен қолдайды», делінген жеделхатта.
Диалог алаңына әлемнің 30-дан астам елінен, соның ішінде Еуропа, Азия және Африка елдері конституциялық соттарының судьялары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдері және құқық қорғаушы мекемелердің өкілдері жиналды. Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың басшылығы, Парламент депутаттары, Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, кәсіби заң және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венеция комиссиясы), БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО, Еуропа Кеңесі, Германия халықаралық құқықтық қоры ынтымақтастығы (IRZ), Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың өкілдері және басқалар қатысты.
Жиынды Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова ашып, қатысушыларды өткен Конституция күнімен және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығымен құттықтады. Ол мемлекет, қоғам мен адам мүдделері арасында мөлшерлес, тұрақты және бейбіт теңгерімдікті табу, қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге сай келетін, адамды және тумысынан тиесілі құқықтарын қорғайтын құқық үстемдігін қамтамасыз ету ортақ міндет, сондай-ақ конференцияның басты тақырыбы екенін атап өтті. «Конституциялық бақылау органдары Негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз ете отырып, адам мен азаматтың осы құқықтары мен бостандықтарын қорғауда», деді ол.
Конференция барысында қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау құндылықтарын насихаттаудағы конституциялық бақылаудың рөліне байланысты өзекті мәселелерді талқылады. Эльвира Әзімованың айтуынша, қазіргі уақытта азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну және құқықтық актілердің заңдылығына дау айту мүмкіндігінің арқасында қазақстандық конституциялық бақылау органы 40-қа жуық құқықтық норманың конституциялылығын қараған. Оның 7-еуі конституциялық емес, ал 13-і Конституциялық соттың түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес деп танылғанын атап өтті.
Сондай-ақ конференция аясында Конституцияға, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына және ҚР Конституциялық сотының құрылуына арналған пошта маркаларын айналымға шығарудың салтанатты рәсімі өтті.
Айта кетсек, осы жылдың басынан бері елімізде жаңа құқық қорғау органы – Конституциялық сот жұмыс істеп жатыр. Ол бұрынғы Конституциялық кеңестің орнына келгенімен, қызмет ауқымы одан әлдеқайда кең және оған қарапайым тұрғындар да өтініш бере алады. Өткен 8 айдың ішінде Конституциялық сотқа азаматтардан 4050 өтініш келіп түсті. Дегенмен, Конституциялық сотқа жүгінудің нысаны, мазмұны және шарттары бойынша талаптардың сақталмауына байланысты 3779 өтініш қайтарылды.