08 Маусым, 2010

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР МЕРЕКЕСІ

1003 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Көкшетаудағы “Бірлігіміз жа­рас­қан!” патриоттық акциясы Қа­зақ­стан Республикасының Мем­ле­кет­тік рәміздер күнінен бастау алуы­ның маңызы айрықша. Жалау­лар желбіреген Тәуелсіздік алаңы ай­шықты безендірілуімен көз тар­тады. Мерекелік сән-салтанаттағы қалалықтардың көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын. Дауыс күшейт­кіштер арқылы руҺ көтерер қымбат рәміздеріміздің қадір-қасиетін паш еткен жалынды сөздер ерекше екпінмен қалықтауда. Салтанат Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың биылғы Жолдау­ын­дағы “Саламатты өмір салты мен адам­ның өз денсаулығы үшін ын­тымақты жауапкершілігі қағидаты – денсау­лық сақтау саласындағы және ха­лық­тың күнделікті тұрмы­сындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мә­селесі болуы тиіс” деген тапсыр­масының тиянақтылығын дәріптеген шарамен басталды. “Олим­пиадалық жүгіру күні” рес­пуб­ликалық ак­циясының аясында жарыс жолына жеңіл атлетшілер шықты. Оған облыстың 52 оқу орны мен еңбек ұжымдарынан 600 адам қатысты. Қаланың ең көрікті Абай көшесінің бойымен мектеп оқушылары мен студенттер, жұ­мыс­шылар мен қызметкерлер, зейнеткерлер замана көшін алға сүйрей зымырауда. – Қазақстан жастарының ал­дын­да үлкен міндеттер тұр, – дейді жарыс жеңімпазы, Ақкөл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Александр Червяков. –Сондықтан, біз замандастарымыздың тәні сау, жаны таза болуын қалаймыз. Бұл – жай жүгіріс емес, замана көшінен озық болуды меңзейтін жүгіріс. Жарыс жолында мүмкіндігі шек­теулі жандар табандылық пен батылдықтың, намыс пен жігер-қуаттың қайран қаларлық үлгісін танытты. Оларды жиналған қауым мәре төрінде “бәрекелді” мадақ сөздерімен, алқызыл ықылас гүлдерімен қарсы алды. Одан кейін алаңға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін облыс аумағында на­сихаттаған автожорық мәшинелері келді. Ақмола облысының әкімі Сер­гей Дьяченко “Бірлігіміз жа­расқан!” патриоттық акциясын ашып, жиналғандарды маңызды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, өңір бас­шысы жастар арасында патриоттық тәрбиені өрістетудегі белсенділігі үшін бір топ жасқа “Жыл патриоты” арнайы жүлдесін тап­сырды. Олар­дың арасында соң­ғы Азия ойын­дарында ұзындыққа секіруден алтын медальді жеңіп алған спорт шебері Людмила Гран­ковская да бар. Көкше жастары Мем­лекеттік рә­міздер күні өздерінің жазғы ең­бек семестрін бастауды игі дәстүрге айналдырған. Міне, бүгін де әуеге сту­денттік еңбек отряд­та­рының айырым белгілерін байлаған шарлар ұшы­рыл­ды. Жұртшылық жастар­дың “Бізді биіктен көрі­ңіздер!” деген ишаратына қабыл болсын айтты. Акцияның ресми бө­лімі Тәуел­сіз­дік алаңында Мемлекеттік Ту­дың көтерілуі мен Мемлекеттік Ән­ұранның шыр­қа­луы­мен аяқталды. Салтанатты рәсімді атқару құрметі облыс әкімі Сергей Дьяченкоға, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Же­ңістің 65 жылдығына байланысты Мәскеудегі Қызыл алаңдағы мере­ке­лік парадқа қаты­су­шы Балташ Сейітовке, “Нұр Отан” ХДП Ақмо­ла облыстық фи­ли­алының “Жас Отан” жастар қанаты жетек­шіле­рінің бірі Индира Сүлейменоваға берілді. Мереке облыс орта­лы­ғының мәдениет мекемелері әртістерінің кең көлемді концерттік бағдарлама­сымен жал­ғасты. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. РӘМІЗДЕР – ЕЛДІҢ РУХЫ Кеншілер қаласы Екібастұзда еліміз бойынша республикалық ІІІ пат­риоттар форумы болып өтті. Ота­нымыздың энергетикалық орта­лық­тарының бірі саналатын кен­ші­лер қа­ласында бұл күндері 140 мың халық тұрады. Бірқатар этнос өкіл­дері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Елі­міз­дің түкпір-түкпірінен жеткен қо­нақтар “Мемлекет” “Рәміз” “Пат­риот” тақырыбындағы митингке қа­тысу үшін қаладағы “Қайнар” білім беру және саламатты өмір сал­тын қалыптастыру кешеніне келді. Бұл жасөсіпірімдер мен балаларға ар­нал­ған кешен былтыр “Жол картасы” бағдарламасы аясында 155 миллион теңге қаржы бөлініп, іші-сыртына түгелдей қайтадан күрделі жөндеу, жаңарту жұмыстары жүргізіліп пай­далануға берілген болатын. Балалар үшін 200 орындық жиылыс залы, би залы, кафе ашылып, туристік қызығу­шы­лық­қа арналған скалодром жасал­ды. Жарқыраған кешен іші заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар, жиһаз­дармен жабдықталды. Қонақтар кешен ішін аралап көрді, балалар өз өнерлерін көр­сет­ті. Кезек-кезек туристік-альпи­нис­тік скалодромға шығып, спорттық жігерліліктерін байқатты. Сонымен қатар, балалардың қадағалаусыз қал­мауларын, кәмелетке толма­ған­дар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу, бос уақыттарын маз­мұн­ды өткізу, азаматтық сана-се­зімді, патриотизм мен отан­сүй­гіш­тікке баулу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, балалардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру бұл кешенді орталықтың негізгі мін­деттері болып табылады. Балалар әр сала бойынша елімізде өтетін барлық байқаулар мен конкурс­тар­ға қатысады. Митингте форумның мәртебелі қонақтары еліміздің Парламенті Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрі­мов, академик Ғарифолла Есім, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген сәулетші, Мемлекеттік Ел­таңбаның авторы Жандарбек Мәлі­беков, Екібастұз қаласының әкімі Нұрлан Нәбиев, “Екібастұз МАЭС-2” стансасы” АҚ-тың жұмысшысы Се­рік Заңұлы сөз сөйлеп, жинал­ған­дарды тәуелсіздігімізді асқақта­тар рәміздерді құрметтеуге, елдің жар­қын болашағы үшін халқы­мыздың ынтымақ-бірлігін қастер­леу­ге шақырды. Егемен елдің рухы – Мем­ле­кет­тік Әнұран шырқалып, елдің тұтастығын паш ететін Елтаңбасы жарқыраған, көкте асқақ байрағы – Туы желбіреген салтанатты ша­рада екібастұздық өнерпаздар Ләз­зат Шушаева, Александр Верещак, Қуат Құдайқұлов, “Арман” вокал­дық тобы патриоттық әндерді әуелетті. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы, Екібастұз қаласы. МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – БИІК МЕРЕЙІМІЗ Биылғы табиғат таңғаларлық­тай. Жазымыз жаңбырлы, қала­мыз да, даламыз да жасанып-ақ тұр. Ал, маусымда өткен жылы пай­далануға берілген әсем Ақ­тау­дағы “Мемле­кет­тік рәміздер” ала­­ңы барлық күні дерлік сал­та­натты шараларға толы болуда. Оны бәрі де жаңа алаңда алыстан менмұн­да­лап тұрған  тәуел­сіз Қазақ елі­нің алып Көк байрағының астын­да әсем де әсерлі өтіп жатады. Кеше ғана “Нұр Отан” ХДП Маңғыстау облыстық филиалы Ел пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың “Жасыл ел” бағ­дарламасын жүзеге асыру мақса­тын­да ақтөбе­ліктердің “Ауылдың көр­кеюі – елдің көркеюі” атты марафон-эстафетасын аймақта “Жасыл бақты Маңғыстау” деген атаумен жалғастырған ауқымды акция өткізген-ді. Онда жинал­ған­дар көпшілікті өлкемізді көк же­лек­ке бөленген аймаққа айнал­ды­руға шақырды. Барша тұрғын­дарға, жастарға үндеуде әрбір ауылда “Бал­бөбектер бағын”, “Жас ұлан­дар бағын”, “Мектеп түлек­тері­нің аллеясын” құруға ұсыныстар жа­салды. Ал бұл күні акция басталғанға дейін көшедегі радиодан пат­риот­тық әндер шырқалып тұрды. Өйт­кені, шара мақсаты жастары­мыз­ды қазақстандық патрио­тизм­ге тәрбие­леу, достық, тату­лыққа, респуб­ли­ка­мыздың Мем­лекеттік рәміздерін құрметтеуге шақыру болды. Еліміз­дің бой­тұма­рындай Туымыздың, Елтаң­бамыз бен Ән­ұра­нымыздың мән-маңызын, қа­дір-қасиетін терең­дете насихаттау еді. Сон­дық­тан да орталық алаңнан “Мем­ле­кет­тік рәміздер” алаңына бет алған­дар “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты­ның жастары, “Ақтау” студенттер альянсы, “Жа­сыл ел” жасақтары, жоғары, арнау­лы оқу орындары­ның студенттері болды. Олардың бәрі өздерінің Қазақстанның азаматы екендік­те­рін, тәуелсіз Қазақ елінің мем­лекет­тік рәміз­дерін, тіліміз бен мә­дениетіміздің алып берген ең асыл жақұттары екендігін ән мен жырға қоты. Түс ауа жастар шеруі орталық көшедегі әйгілі ақын Қашаған Күржыманұлының ескерткіші тұсынан басталып, “Мемлекеттік рәміздер” алаңына келді. Бұл жерде ел болашақтарын облыс, қала бас­шылары, қоғамдық ұйымдар өкіл­дері мен Ақтау қаласының құрметті азаматтары қар­сы алды. Облыс әкімінің орын­басары Қаныбек Жұмашев:  “Мемлекеттік рәміздер елдігіміз­дің бейнесі, егемендігімізді әйгілейтін ерекше ұлттық қастерлі белгілер. Оларды қастерлей білетін сіздер, жастар – еліміздің бола­ша­ғы, тәуелсіздігіміздің тірегісіз­дер”, – деді. Салтанатта “Нұр Отан” ХДП жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Қарасаев, Ақтау гума­нитарлық колледжінің озат студенті С.Панова, әскери қызметкер Б.Ес­мағанбетов, т.б. сөз сөйледі. “Жас Отан” жастар қанатына мүшелер салтанатты түрде қабылданды. Үлкен өрлеу үстінде өткен патриоттық акция соңы облыстың белгілі көркем­өнер­паздарының концертіне ұласты. Жоламан БОШАЛАҚ, АҚТАУ.