Жартылай финалда Даниил Медведев әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарастан айласын асырғанда барша сарапшы мен жанкүйер ақтық сында ол Новак Джоковичке лайықты қарсылық көрсетіп қана қоймай, бас жүлдені олжалауы да әбден мүмкін деп топшылаған еді. Бірақ олай болмады. Финалдық сайыс Сербия саңлағының айқын басымдығымен өтті. Бәсеке барысында ресейлік ойыншы бірде-бір рет брейк жасаған жоқ. Ал Новак болса, бірнеше рет Даниилдің берген добына иелік ете алды. Нәтижесінде, үш сеттік сайыс 6:3, 7:5, 6:3 есебімен аяқталды. Бұл кездесу 3 сағат 17 секундқа созылды.
Естеріңізге сала кетейік, Новак биылғы US Open турнирінде Даниил Медведевтен бөлек, Александр Мюллер (Франция), Бернабе Сапата-Миральес (Испания), Ласло Дьере (Сербия), Борна Гойо (Хорватия), Тейлор Фриц (АҚШ) және Бен Шелтонды (АҚШ) шаң қаптырды. Ресейдің өкілі Карлос Алькарастан бөлек, Атилла Балаж (Мажарстан), Кристофер О’Коннелл (Аустралия), Себастьян Баэс (Аргентина), Алекс де Минор (Аустралия) және Андрей Рублевтен (Ресей) басым түсті.
Осылайша, Новак Джокович «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда жеңіп алған жүлделер санын 24-ке жеткізді. Бұл – ерлер арасындағы рекордтық көрсеткіш. Тарқатып айтсақ, ол US Open додасында төрт мәрте дараланса, Ролан Гарросты үш рет ұтты. Уимблдонның жеті дүркін жеңімпазы атанса, Аустралияның ашық біріншілігінде 10 рет алдына жан салмады. Новак аталған жарыстардың финалында барлығы 47 рет өнер көрсетті. Бұл да рекордтық нәтиже. Салыстырмалы түрде алсақ, испаниялық Рафаэль Надальға бұл белес 22 рет бағынса, швейцариялық Роджер Федерердің 20 мәрте мерейі үстем болды. Ал әйелдер арасында Маргарет Корттың шоқтығы биік. Өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары атой салған Аустралияның өкілі де «Үлкен дулыға» додаларында 24 рет топ жарды. Десек те Джоковичтің бұл рекордты жаңартуына әлі де мүмкіндігі бар. Өйткені Корт үлкен спорттан әлдеқашан қол үзіп кеткен, ал 36 жастағы сербиялық теннисші бұл күндері бабында. Осы табысының арқасында Новак әлемдік рейтингте қайта көш бастады.
Әйелдердің жұптық сайысы Габриэла Дабровски (Канада) мен Эрин Рутлифтің (Жаңа Зеландия) жеңісімен аяқталды. Финалда олар Лаура Зигемунд (Германия) пен Вера Звонареваны (Ресей) ұтты – 7:6, 6:3. Ерлердің жұптық бәсекесінде Раджив Рам (АҚШ) мен Джо Солсберидің (Ұлыбритания) бағы жанды. Шешуші тұста олар Рохан Бопанна (Үндістан) мен Мэттью Эбденді (Аустралия) сүріндірді – 2:6, 6:3, 6:4.
Қазақстан теннисшілер жайында айтар болсақ, АҚШ-тың ашық біріншілігінің жекелеген сайысындағы ең үздік көрсеткіш Елена Рыбакинаға тиесілі. Ол Марта Костюк (Украина) пен Айла Томляновичті (Аустралия) ұтып, үшінші кезеңде Сорана Крыстяға (Румыния) есе жіберді. Юлия Путинцева тұсаукесер кездесуінде тізе бүкті. Италиялық Мартина Тревизанды алғашқы сетте 6:0 есебімен ұтқанымен, одан кейін екі рет тай-брейкте ұтылды. Ерлер арасында сынға түскен Александр Бублик пен Тимофей Скатовтың екеуі де алғашқы айналымнан аса алмады. Бублик Доминик Тимге (Аустрия), Скатов Алекс де Минорға (Аустралия) жол берді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, есесіне Қазақ елінің жанкүйерлері Анна Данилинаның жеңісіне ерекше шаттанды. Аралас жұптар сайысында жерлесіміз финляндиялық Харри Хелиёваарамен бірге қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады.