Аталған сыйлық 2012 жылдан беріліп келеді. Осы уақыт аралығында 400-ден астам адам қатысып, тілге жанашырлық танытқан озаттар марапатталды. Биыл «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаттарын іріктеу жөніндегі комиссия 8 аталым бойынша қатысуға ниет білдірген 35 адамның жұмысын қараған. Салтанатты шарада Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов құттықтау сөз сөйледі.
«Бұл мереке – еліміз үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын маңызды құрал», деп атап айтты. Елімізде барлық этнос өкілдерінің ана тілін дамытуға барынша жағдай жасалып келеді. Оның ішінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту шаралары жүйелі өтіп келеді. Мемлекеттік тілге деген сұраныс жоғары. Заман талабына сай тіл оқыту жұмыстары, жаңа технология, үздік әдістемелермен жетілдірілді. Аймақта қазақ тілінде тәлім-тәрбие, білім беретін балабақшалар мен мектептердің саны жыл сайын артып келеді. Тіл саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктерге облысымыздағы тіл жанашырларының да қосар үлесі мол», дей келе, облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қоңырбайұлы мереке күні өңіріміздегі тіл саясатын жүзеге асыруда, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге зор үлес қосып, айрықша еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары «Тіл жанашыры» сыйлығының ең басты жүлдесі «Тіл майталманы» аталымының лауреатын марапаттады. Бас жүлде Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің мүшесі, Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игеноваға бұйырды. Марапат иесіне «Тіл жанашыры» сыйлығының арнайы мүсіншесі, диплом және 1 млн теңге сертификат тапсырылды.
«Еңбектің бағаланғаны қуаныш, әрине. Бұл, ең алдымен, жауапкершілік. Осы жеңіс менің ғана емес, әріптестерімнің де жеңісі. Өйткені біз үлкен жобаларды әріптестерімізбен бірге жасаймыз. Осы байқауға соңғы үш жылда жарық көрген еңбектерімізді, жетістіктерімізді ұсындық. Бағдарламасы Жоғары сотта мақұлданған сот саласының қызметкерлеріне арналған 3 деңгейлі оқу-әдістемелік кешен жасадық, аудиоқұралымен бірге. Республика бойынша барлық сот жүйесінде біз шығарған оқу құралымен оқытады. Сондай-ақ Қарағанды облысында ғана бар өзіндік баламасы жоқ жобалар жасалды. Сауда, медицина, банк, нотариат саласына арналған оқу құралдары жарық көрді. Тіл комитетінің сараптамасынан өткен біз дайындаған оқу құралдары республика бойынша мың данамен тегін шығарылды. Оқу құралдарының веб нұсқасы бар. Қазірдің өзінде үлкен жобалар қолға алынды», дейді бас сыйлықтың иегері.
Сонымен қатар мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелерін жүйелі әрі сапалы жариялағаны және материал беру бірегейлігі үшін берілетін сыйлықтың «Тіл жаршысы» аталымымен әлеуметтік желіде 54 мың оқырманы бар блогер, журналист Айсұлтан Жақып марапатталды. Тіл мәселесін өткір көтеріп хабар дайындаған өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берілетін «Үздік телехабар» аталымы «Saryarqa» телеарнасының шеф-редакторы, журналист Гүлбақша Ақажановаға бұйырды.
«Мемлекеттік тіл – бизнесте» аталымы бойынша BioHumus ғылыми білім беру орталығының жетекшісі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, PhD Арайлым Серікбай жеңімпаз атанды. Ал «Тіл білгірі» аталымымен мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілі, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ольга Тим марапатталды. Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенова «Үздік оқытушы» аталымында лауреат атанды. Шет ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзада Махмұтова «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Жас полиглот» аталымында Теміртау қаласы №9 лицейінің шет тілі пәнінің мұғалімі, І санатты педагог Данияр Жаңабаев жеңіске жетті.
Жеңімпаздарға «Тіл жанашыры» сыйлығының мүсіншесі, арнайы диплом және 500 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.
Қарағанды облысы