Халқымыздың «Азамат болу – парызың» деген мағыналы сөзінің шынайы сипатын өзі жоғары білім алған және осы жоғары оқу орнының оқытушысы лауазымынан бастап бірінші басшысына дейінгі барлық деңгейден абыройлы өткен Асхат Сәлімұлының өмір жолынан анық байқаймыз.
Азаматтың тектілігі ата-анасынан дарып, отбасындағы тәлім-тәрбиемен ұштасып, адами келбеті қалыптасады. Иманғалиевтер отбасын атыраулықтар жақсы біледі. Тарихы тереңнен тарайтын Жылыой жерінде дүниеге келген Асхат Сәлімұлының әкесі ұзақ жылдар құқық қорғау орындарында қызмет етіп, осы саланың дамуына еңбек сіңірген құрметті азамат еді.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 12-ректоры Асхат Иманғалиев 2000-2008 жылдары университетке басшылық жасады. Бұл университет дамуының тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы қиындықтарды өткеріп, дамудың жаңа сатысына көшкен кезі еді. Университет жұмысын оңтайландыру бірнеше бағытта жүзеге асырылды. Біріншісі, нарықтық экономиканың және Атырау өңірінің еңбек нарығындағы сұраныстарға орай жаңа мамандықтар ашу, екіншісі – университеттің ғылыми әлеуетін көтеру, үшіншісі – жоғары оқу орнының халықаралық байланысын дамыту арқылы танымалдылығын арттыру, төртінші – материалдық базасын нығайту болды.
Сөйтіп, жаңа талаптарға сай маман даярлау іске асырылды. Жаңадан «Шет тілі (ағылшын тілі)», «Еңбек және бизнес негіздері», «Қаржы және несие», «Психология», «Құқықтану», «Педагогика және психология», «Кеден ісі», «Экономика», «Менеджмент», «Әлеуметтік педагогика», «Журналистика», «Аударма ісі», «Табиғатты пайдалану экологиясы», «Ихтиология, өнеркәсіптік балық аулау кәсібі және балық шаруашылығы», «Актерлік шеберлік», «Агроэкология», «Агрохимия және өсімдіктерді қорғау», «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандықтары бойынша кадрлар даярлау басталды. Осы жылдары Атырау өңіріне шетелдік мұнай компанияларының көптеп келуіне орай ағылшын тілін меңгерген мамандарға сұраныс артқандықтан, шет тілі мамандығы бойынша кадр даярлау ірілендіріліп, жеке факультетке айналдырылды. Атырау облысында жұмыс істеп жатқан «Шеврон», «НКОК» және басқа да шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірлескен жұмыстар жүзеге асырылды.
Университет оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетінің сапасын көтеру мақсатында 2000 жылы «Жалпы педагогика және педагогика тарихы» мамандығы бойынша Диссертациялық кеңес ашылуына ерекше мән беріліп, бүгінде университеттің дамуына еңбек сіңіріп жүрген бір топ жастың ғылым жолына келуіне жол ашылды. Осы кеңесте ғылыми диссертация қорғағандар ғалымның ізін жалғастыратын ғылыми мектептің қалыптасуына үлес қосты.
Университеттің ғылыми әлеуетін көтерудің бір бағыты және өңірлік жоғары оқу орны үшін үлкен жаңалық болғаны – 2000 жылдары жалпы педагогика, философия, Қазақстан тарихы мамандықтары бойынша аспирантураның ашылғандығы. Университетте педагогика ғылымдарының докторы Қадыржан Сейталиевтің, философия ғылымдарының докторы Құрамыс Ермековтің, тарих ғылымдарының докторы Хисмет Табылдиевтің, басқа да ғалымдардың жетекшілігімен жас ғалымдар тобы қалыптасып, ғылыми мектептердің негізі қаланды.
Университет әкімшілігі Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, отандық жетекші оқу орындардың ғалымдарын жоғары оқу орнына жоспарлы шақыруды жүзеге асырды. Алыс-жақын шетелдерден де ғалымдар шақыру, студент алмасу тәжірибесі кеңінен қолданылды. 2000 жылдың өзінде университетте 17 ғылым докторы лекция оқып, жас оқытушыларға ғылыми-әдістемелік көмек көрсетті. Олардың ішінде ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зиманов, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев, Білім академиясының президенті Өмірзақ Озғанбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бейімбет Ермұханов және басқа да ғалымдар болды. Осы жылдары Халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Қабдоловтың университетке жұмысқа орналасып, әдебиеттанудан дәріс оқуы жоғары оқу орны өміріндегі айтулы оқиға болды. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, күйші Әзидолла Есқалиев, ғалым-композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақанов университетімізде жұмыс істеуі ерекше құбылыс болды. Кейіннен осында бейнелеу өнері мамандығында оқып, 76 жасында екінші жоғары білім алған, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов күні бүгінге дейін музыка және өнер кафедрасында еңбек етіп жүр.
Университет басшылығының нәтижелі жүргізген жұмыстарының барысында шетелдің, атап айтқанда, Иранның, Ресейдің (Қалмақ университеті, Астрахан университеттері) жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жолға қойылды. Ресейдің көршілес Астрахан мемлекеттік университетінде қазақ диаспорасын қолдау мақсатында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ашылып, біздің университет оқытушылары сонда барып студенттерге дәріс берді. Біріккен халықаралық конференциялар ұйымдастырылып, іс-тәжірибелер алмасу жүзеге асырылды. Күні бүгінге дейін аталған университеттермен тығыз қарым-қатынас жалғасын тауып келеді. Осы жылдары университетіміз Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттері қауымдастығына мүше болды. Атырау университеті Америка, Финляндия, Оңтүстік Корея, Түркия, Иран, Польша, Мажарстан, Ресей жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орната бастады.
Асхат Сәлімұлы ректор ретінде университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуды басты міндеттің бірі етіп қойып, бірнеше нысанның іске қосылуына ерекше үлес қосты. 2000 жылы университеттің қазіргі бас оқу ғимараты толық аяқталса, 2004 жылы №4 оқу ғимараты іске қосылды. «Буревестник» стадион да күрделі жөндеуден өткізіліп, қалпына келтірілді. 2008 жылы атыраулық тұрғындарға «Жайық» спорт кешені атауымен таныс мәдени-спорт кешені салынды.
Асхат Сәлімұлы жете назар аударған мәселенің бірі – қызметкерлер мен студенттерді әлеуметтік қолдау. Үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, университет намысын әртүрлі ғылыми сайыстарда, өнер және спорттық жарыстарда абыроймен қорғап, жүлделі орындар алған және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге ректор гранттарын тағайындау тәжірибесін қалыптастырды. Сол жылдары университетте студенттік және қоғамдық ұйымдар жанданып, Жас ғалымдар кеңесі, Тәлімгерлер кеңесі, студенттердің ғылыми қоғамдары, жастар комитеті, студенттер кеңесі, старосталар кеңесі, дебат клубы, КВН командасы, «Сәукеле» қыздар клубы, студенттердің құрылыс отряды облыста ғана емес, республикада да танымал болды.
Білім және ғылым министрлігі өткізген конкурс негізінде Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып сайланған Асхат Сәлімұлы 2011-2018 жылдары көрші өңір университетінің дамуына да елеулі еңбек сіңірді. Екі облыстың іргелі оқу орындарына ойдағыдай басшылық жасаған іскер азамат Атырау және Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттарының депутаты ретінде де қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін шешуге аянбай атсалысты. Жергілікті кадрлар даярлаудың, мамандардың біліктілігін арттырудың маңыздылығына баса мән беріп, жаңашыл да іскер жастарға қолдау көрсетті.
Қазақстанның батыс өңіріндегі екі бірдей жоғары оқу орнын басқарған профессор Асхат Сәлімұлы бүгінде Х.Досмұхамедов университетінде студенттерге дәріс берумен қатар, қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарып келеді. Өз тәжірибесін үнемі жас буынға үйретуден жалықпаған ұстазымыз – Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің, ардагерлер кеңесінің мүшесі. 2022 жылдан бастап облыстық Қоғамдық кеңес құрамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қоғамдық бақылау, азаматтардың құқығын қорғау комиссиясының төрағасы міндетін атқарып жүр.
«Жақсы адам айналасына нұрын шашады» демекші, өнегелі өмірінің 20 жылға жуық уақытын жоғары білім саласында басшылық қызметке арнаған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Сәлімұлы Иманғалиев Атырау университетінің дамуына қосқан елеулі үлесін одан әрі жалғастыра береді деп сенеміз.
Саламат ИДРИСОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті басқарма төрағасы-ректор, педагогика ғылымдарының кандидаты