Ел көлемінде кәсіпкер әйелдерді жан-жақты қолдау жұмыстары түрлі бағдарламалар негізінде, жүйелі жүргізіліп келеді. Соның бір мысалы – алдағы қазан айында бастау алмақшы «TalpynUp» тәлімгерлік бағдарламасы. Алты айға жоспарланған бағдарлама – Imperial College London (Ұлыбритания) профессорлары мен Бизнес-тренерлер қауымдастығының (Қазақстан) бірлескен жобасы. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында жобаны ұйымдастырушылар жаңа қанатқақты жоба және жалпы әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы жайында кеңінен әңгімелеп берді.
Британдық сарапшылар, Imperial College London профессорлары Мишель Роган мен Анне Тер бүкіл әлемде әйелдер ұқсас кедергілерге тап болатынын және тәлімгерлік бағдарламалар оларға networking, яғни пайдалы байланыстар орнатуға көмектесетінін атап өтті. Әйелдер бизнесі, сарапшылар атап өткендей, әрқашан бәсекелестіктен гөрі ынтымақтастыққа негізделген.
«McKinsey Global Institute есебіне сәйкес, әйелдердің экономикалық қатысуы ерлермен тең болатын сценарийді жүзеге асыру 2025 жылға қарай жыл сайынғы әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 трлн долларға (26%) өсуіне әкелуі мүмкін. Еліміз туралы айтар болсақ, Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, республиканың ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесінің өсуі 10 жылда 16% құрап, 2022 жылы 33,5%-ға жеткен. Қазақстанның ШОБ-пен айналысатындардың 31%-ы немесе 1 миллионы әйелдер», деді Бизнес-тренерлер қауымдастығының басшысы Әйгерім Тарбағатаева.
Сондай-ақ спикер ДЭФ-тің «Жұмыс орындарының болашағы – 2023» есебіне сәйкес, жұмыс орындарының 23%-ы 2027 жылға қарай өзгеретінін атап өтті. Ең көп қысқартулар әкімшілік позициялар мен дәстүрлі кәсіптер бойынша болады деп күтілуде. Осы тұрғыда жұмыс істейтін әйелдер еңбек нарығының өзгеруіне байланысты жиі зардап шегеді, өйткені көпшілігі қызмет көрсету және денсаулық сақтау саласындағы әкімшілік жұмыстармен айналысады.
«Әйелдер кәсіпкерлігін және әйелдерді дамыту аясында Қауымдастықта «Әйелдердің даму клубы» ашылды, онда біз тегін негізде түрлі форматта оқытулар өткіземіз. Сондай-ақ қазан айында Imperial College London-мен бірлесіп әйелдер бизнес-дағдылары мен өз бизнесінің жағдайын жақсартуы үшін «TalpynUp» алты айлық тәлімгерлік бағдарламасы басталады», деді Әйгерім Тарбағатаева.
Соңғы жылдары мемлекет елдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға айтарлықтай көңіл бөліп келеді. Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында түрлі қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары қарастырылған. Айталық, 2022 жылдың қорытындысы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау шеңберінде кәсіпкер әйелдердің 6 мыңнан аса жобасы, несиелерге кепілдік беру бойынша 4 мыңға жуық жоба қолдау тапты.
Былтырғы наурыздан бастап ел өңірлерінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары жұмыс істей бастады. Орталықтар арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер ханымдар мен жеке кәсіпті қолға алған қыз-келіншектерге қаржылай емес барлық қызмет түрлерінен қолдау көрсетіліп, жеке бизнес жобаларды іске асыруда тәжірибелік көмек түрлері ұсынылатын болады. Сонымен қатар оқыту тренингтері мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыру, жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына, кооперативтік қозғалыстарға тарту, дайын өнімдерді нарыққа өткізу аясын кеңейту жағынан көмек көрсету көзделген. Елімізде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.