Мемлекет басшысы Жолдауда осы бағытта 15 ірі жобаны дайындауды тапсырды. Рас, еліміздің табиғаты тамаша, тарихы терең. Туристік нысанға айналдыруға әбден лайық орындар жетерлік. Алыс-жақын шет мемлекеттердің кейбірі тек туризмнен түскен қаржының есебінен бюджетін түгелдеп отырғанын ескерсек, біздің де туризмді дамытуға мүмкіндігіміз мол.
Қаныш Сәтбаевтан бері жалғасып келе жатқан тау-кен ісі, геология ғылымының кейінгі кезде тоқырап қалғаны жасырын емес. Осыны ескерген Президент жаңа қазба байлықтар кенін тауып, кеңейтуді тапсырды. Қойнауы қазынаға толы даламыз бен тауымыздың сырын ұққанға, тілін білгенге берері ұшан-теңіз. Бұл ретте осы сала ғалымдарына артылар жауапкершілік салмағы орасан. Жер астындағы қазба байлықтарымызды шикізат күйінде сатып, шетелден оның өңделген түрін бірнеше есе қымбат бағаға сатып алудың тиімсіздігін уақыт көрсетіп отыр. Ендеше, өнімді өңдеу және өндіру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Көрші елдерде болып жатқан геосаяси жағдайлар, түрлі қақтығыстар мен дау-дамайлар қазаққа етек-жеңін жиып, қымтану қажеттігін тағы бір еске салғандай. Елімізде болған орман өрті, су тасқыны сынды табиғи апаттар да ойландырмай тұрмайды. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Бәрі жақсы, бәрі керемет дегеннен ешкімнің маңдайы жарқырап, жұлдызы жанбасына отыз жылда көз жетті. Ауыл шаруашылығын дамыту, отандық өнімді өндіру, оны қолдау – мемлекеттік деңгейде қадағаланып, жіті бақылауда болатыны да көңілге қуаныш сыйлады. Ауылдағы қарапайым шаруаның жанайқайы биліктің мінберінен қозғалып, Президент назарында болуы көп жайды аңғартады. Біле білсек, бұл тек қарапайым шаруаның мәселесінің көтерілуі емес, ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырған барлық келеңсіздіктерге қарсы үлкен күш. Қажетті техникалардың жаңартылуы, соған сай мамандардың сұранысқа ие болуы жұмыссыздықты да шешуге оң ықпал етері сөзсіз.
Егемен еліміздің іргесі бекем, шекарасы мығым болуы әркез қырағылықты ғана емес, қорғаныс техникаларының заманауи талапқа сай жаңарып, жабдықталуын да талап етеді. Осы ретте Мемлекет басшысының қорғаныс техникаларын жаңартуға қатысты тапсырмасы айбынды армиямызды қуатты күшке айналдырады деп санаймын. Қорғаныс мәселесін өз деңгейінде заман талабына сай талқылайтын уақыт жетті. Бұл мәселеге үлкен мән беру керек, әйтпесе біз кешігеміз.
Газбен қамтамасыз ету жұмыстарының қарқынды жалғасуы халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартып, тұрмысын оңалтады. Кейінгі жылдардағы көмір тапшылығынан туындаған оның бағасының өсуі халықтың қалтасына оңай түспей тұр. Сондықтан барлық елді мекендерді газбен қамтамасыз ету маңызды.
Халқымыз әуел бастан суды ысырап етпеген. Оны үнемдеп жұмсап, суға қатысты түрлі ырым-тыйымдарды, адам сенгісіз аңыз-әңгімелерді шығарған. Мұның барлығы көшпелі халықтың судың киесі бар деп ұғынуынан туған. Бүгінде Орталық Азия халықтарының ортақ мәселесіне айналып отырған су тапшылығы жыл өткен сайын айқын аңғарыла бастады. Суды үнемдеп жұмсауға қатысты отбасы тәрбиесінен бастап, балабақша, мектеп қабырғасында тұрақты түрде айтылып, жұмыс жүргізілуге тиіс.
Цифрлық сауаттылықты арттыру, цифрлы Қазақстан, сандық технология туралы ұғымдар өткен онжылдықтың еншісінде қалып, енді жасанды интеллект ұғымы белсенді қолданылып келеді. Тіпті жасанды интеллекті меңгерген адамның әлеуеті өзгелерге қарағанда әлдеқайда артық және қоғамға пайдалы болатыны да ашық айтылып, жазылып жүр. Президент Жолдауындағы «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», деген жолдар біздің ұжымда тың идеялар туғызды. Бұл тұрғыда арнайы жоба дайындауды бастап кеттік.
Ауыл-аймақта, Астанадан алыс моноқалаларда, шағын кенттерде замандастарынан ойы озық, дәуірінен оза туған қаншама креативті азаматтар бар. Олардың бойындағы талантын танып ұштау, жол көрсетіп қолдау, ашқан жаңалықтарын ел игілігіне қолдану – биліктің ғана емес, ел алдында жүрген әрбір белді, беделді азаматтардың парызы.
Бала – болашағымыз. Оларды қолдау, қорғау – еліміздің ертеңін ойлау, келешегіне қамқор болу. Жас бүлдіршіндердің өміріне қауіп, денсаулығына зиян тигізетін әрбір теріс ойлының қатаң жазаланатыны «тәртіпке бас иген құл болмайды» дегенді еске түсірді. Біз баршамыз болып, жас ұрпаққа мейірім төгіп, шексіз қамқорлық көрсетуіміз керек. Сонымен қатар басты жауапкершілік ата-анада екенін ұмытпайық.
Қарапайым халықтың жоғын жоқтап, мүддесін көздейтін, қамқорлық танытып, бюрократизмді болдырмауға бағытталған Жолдау жұртшылықтың қолдауына ие болды. Қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалануды Үкіметке міндеттеген Президенттің: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады», деген сөзінің де жаны бар. Өйткені халқымыз «Тәрбие басы – талбесік», «Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең», «Өнегенің өрісі кең» деген тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бекер жасамаған. Әрбір отбасы бала тәрбиесін үнемі назарда ұстап, оның дамуына жағдай жасаса, тұлға болып қалыптасуына ықпал етсе, сөзімен де, ісімен де үлгі болса, осының өзі мемлекет дамуына үлкен үлес қосқаны. Себебі, бүгінгі жас – ертеңгі ел басқарар үлкен азамат. Осы ретте ата-анамен қатар барлық деңгейдегі білім беру мекемелеріндегі әріптестерім де бала тәрбиесін үнемі назарда ұстап, елтұтқа болар азамат қалыптастырып шығарса игі. Бұл біздің Отанға еткен еңбегіміздің өлшемі болмақ.
Оңалбай АЯШЕВ,
Ж.Тәшенов университеті
директорлар кеңесінің төрағасы,
ҰҒА академигі