Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазір университеттерде жатақханалардың жетіспеуі, ЖОО-ны бітірген жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселелерінің өзекті екенін ескеруіміз қажет. Жұмыс істейтін жас отбасыларға Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей араласуымен мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана мәселесін шешу де маңызды мәселе. Сондай-ақ жоғары оқу орнын бітірген студенттерден «жұмысқа орналасты» деген өтірік анықтама алдыртуды шектейтін уақыт жетті. Өкінішке қарай, бүгінде бұл үрдіс белең алып тұр. Осындай олқылықтарды шешетін болсақ, елімізде білімді жастар тұрақтайтын еді. Өйткені білікті, білімді, ойы ұшқыр көптеген жастың шетел асып кетіп жатқаны баршамызға белгілі. Осының барлығы жас буынға жағдай жасаудың салғырттығынан туындап отыр.
Тағы бір айта кететін мәселе мемлекеттік идеологияның нашар жұмыс істеуімен байланысты. Біз жастарды отансүйгіштікке, мемлекетке деген адалдыққа үйретуіміз қажет. Оның барлығы балабақшадан басталуға тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастар саясатына қатысты бірқатар мәселеге тоқталды. Солардың бірі жастарды дамыту мен оларды қолдауға арналған бағдарлама қажет екенін айтты. Ендігі міндет – осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге байланысты.
Тимур ӘПЕНДИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, PhD