Қыркүйек айында Қазақстанның ұлттық құрамасы екі кездесу өткізгені белгілі. Алғашында Финляндиядан ұтылсақ, іле-шала Солтүстік Ирландияны сан соқтырдық. Бұл матчтардың екеуінде де 1:0 есебі тіркелді. Соңғы ойындағы жеңістің арқасында жерлестеріміз рейтингте үш сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 101-орынды иеленіп отыр. Ал үздіктер көшін былтыр әлем чемпионы атанған Аргентина құрамасы бастап тұр. Екінші орында – Франция футболшылары. Үздік үштікті Бразилия түйіндеді. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына Англия, Бельгия, Хорватия, Нидерланд, Португалия, Италия және Испанияның аяқдоп шеберлері енген.
Әрине, Қазақстанның ФИФА рейтингіндегі қазіргі орны жанкүйерлерді қанағаттандырмайтыны анық. Осы орайда ең жақсы нәтижеге Қазақстан құрамасы 2016 жылы қол жеткізгенін айта кеткен абзал. Ол кезде жерлестеріміз 86-орынды иеленген еді.