US open додасының жартылай финалында жеңіліс тапқан әлемнің бірінші ракеткасы Карлос Алькарас өз орнын Новак Джоковичке босатты. Қоржынында 8535 ұпайы бар 20 жастағы Испанияның асқан дарын иесі қазіргі кезде екінші орынды еншілеуде. Аталған турнирде топ жарған Сербияның саңлағы олжалаған ұпайлар санын 11795-ке жеткізіп, қайта өз тұғырына қонды. Дүбірлі доданың финалына дейін жеткен Даниил Медведев үздік үштікті түйіндеді. Ресейдің өкілі 7280 ұпай иеленіп отыр. Сондай-ақ ТОП-10 ойыншының қатарына Хольгер Руне (Дания, 4710 ұпай), Стефанос Циципас (Грекия, 4615), Андрей Рублев (Ресей, 4515), Янник Синнер (Италия, 4465), Тэйлор Фритц (АҚШ, 3955), Каспер Рууд (Норвегия, 3560) және Александр Зверев (Германия, 3030) енді.
Қазақстанның теннисшілері арасындағы ең үздік көрсеткіш Александр Бубликке (1349 ұпай) тиесілі. 26 жастағы жерлесіміз АТР рейтингінде 29-орында тұр. Өзге ойыншыларымыз мынадай сатыларға жайғасты: Тимофей Скатов (498) – 123-орын, Михаил Кукушкин (250) – 244, Денис Евсеев (229) – 261, Бейбіт Жұқаев (186) – 283, Дмитрий Попко (103) – 434 және Григорий Ломакин (29) – 811.
Осы күнге дейін әйелдердің бәсекесінде алдына жан салмай келген Ига Свентек (8185) АҚШ-тың ашық біріншілігінің төртінші кезеңінде сүрінді. Соның салдарынан 22 жастағы Польшаның өкілі бір саты төмен сырғыды. Оның орнын Арина Соболенко (9266) басты. 25 жастағы Беларусьтың беткеұстары Нью-Йоркте финалда ұтылғанына қарамастан, бүгінгі таңда әлемнің бірінші ракеткасы атанып отыр. Ал Нью-Йорктегі дүбірлі додада бас жүлдені олжалаған Кори Гауфф (6165) үздіктер тізімінде үшінші орынға көтерілді. Жалпы, 19 жастағы АҚШ теннисшісінің бұл табысына таңдануға болмас. Ол уақыт озған сайын дара талантымен оқшаулануда. Былтыр Гауфф Ролан Гарростың ақтық сынына дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста Ига Свентекке жол берді. Биыл «Үлкен дулыға» санатындағы турнирде тұңғыш рет топ жарды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (5665) US open турниріндегі сәтсіздіктен кейін бір саты төмендеп, қазіргі кезде бесінші орынды қанағат тұтуда. Төртінші орынға америкалық Джессика Пегула (5755) көтерілді. Нью-Йоркте Елена үшінші айналымда жеңілістің кермек дәмін татса, Джессика төртінші кезеңге дейін жетті. Сондай-ақ үздіктер тізімінде Маркета Вондроушова (Чехия, 3830), Онс Жабер (Тунис, 3772), Каролина Мухова (Чехия, 3765), Мария Саккари (Грекия, 3525) және Мэдисон Киз (АҚШ, 2940) бар.
Елена Рыбакинадан бөлек, Қазақстанның өзге теннисшілері қазіргі кезде мынадай орындарды иемденуде: Юлия Путинцева (767) – 83-орын, Жібек Құламбаева (101) – 492-орын, Гозаль Айнитдинова (62) – 621 және Анна Данилина (25) – 864.
Жұптық сайыстарда да көшбасшылар өзгерді. Ерлер арасында ұлыбританиялық Нил Скупскиді (6950) америкалық Остин Крайчек (7750) пен хорватиялық Иван Додиг (7240) жылы орнынан ығыстырды. Төртінші және бесінші орындарды нидерландтық Уэсли Коольхоф (6800) пен АҚШ-тың тағы бір өкілі Раджив Рам (5597) өзара бөлісуде. Біздің Александр Недовесов 46-сатыға тұрақтады. Әйелдер арасында Американың қос жұлдызы – Джессика Пегула (6035) мен Кори Гауфф (6035) иық тіресіп тұр. Екеуінің де жиған ұпайлары бірдей. Оларды бельгиялық Элиза Мертенс (5975), чехиялық Катерина Синякова (5625) және аустралиялық Сторм Хантер (5490) өкшелеп келеді. Қазақстанның өкілі Анна Данилина 32-орынды иеленуде.