Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл проблема Алматы, Астана қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысында өзекті. Студентпен қоса ата-аналарды да әуре-сарсаңға салатын түйткілдің түйіні тарқауы үшін де мемлекет жыл сайын қыруар қаржы бөлуден аянбайды. «Бірақ жаңа оқу жылы қарсаңында мәселенің ушыға беретіні алаңдатады», дейді Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы.
«Жыл сайын жаңа оқу жылында қозғалатын маңызды мәселе – жатақхана тапшылығы. Өкінішке қарай, Үкімет бұл мәселені түбегейлі шеше алған жоқ. 2021 жылы студент жастарымыздың тек 16 пайызы ғана жатақханамен қамтылды. Одан кейінгі жылдарда да дәл осындай жағдайға тап болдық. Жоғары оқу орындарында орнаған бір тенденция бар: алдымен 1-курс студенттері ғана жатақханаға жайғастырылады. Орын қалып жатса, өзге студенттер қамтылады. Бұл қаншалықты әділетті? Пәтер жалдауға халықтың жалақысы жетпейді. Соған қарамастан жауапты органдар осы мәселеге күні бүгінге дейін атүсті қарап келеді. Біз мәселені құр көтеріп қана қоймай, шешу жолын қарастыруымыз керек», деді ол «Аmanat» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің отырысында.
Осы ретте кеңесте Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры Медет Ақтанжанов ЖОО-мен колледждердегі жатақхана мәселесін шешу үшін бюджеттен бөлінетін қаражатқа тоқталды.
«ЖОО студенттерін жатақханаларда 14 532 орынмен қамту мақсатында, 2023 жылға арналған республикалық бюджетте Ғылым және жоғары білім министрлігіне 5 млрд 257 млн теңге қарастырылды. Ал колледж студенттерін 5 273 орынмен қамту үшін Оқу-ағарту министрлігіне 1 млрд 849 млн теңге бөлу көзделді. Бүгінде 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралып жатыр. Осы үш жылдық кезеңде Ғылым және жоғары білім министрлігіне студенттерді 15 138 жатақхана орнымен қамтамасыз ету үшін – 19,2 млрд теңге, ал Оқу-ағарту министрлігіне жастарды 6 762 жатақхана орнымен қамтамасыз етуге 8,6 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», деді департамент директоры.
Елдегі жатақханалардың жағдайы да мәз емес. Партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты 389 жатақхананың жағдайын тексерген. Нәтижесінде, біраз олқылықтың беті ашылды. Бұл туралы жиында партия хатшысы Шолпан Каринова айтты.
«Заңға сәйкес ЖОО-дағы барлық білім алушы жатақханамен қамтылуға тиіс. Алайда іс жүзінде олай болмай отыр. Партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты студенттердің жатақхана тапшылығы мен оларға лайықты жағдай жасау мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Мәселен, жастар қанаты биыл 14 тамыздан бері 389 жатақхананың жағдайын тексерді. Оның 149-ы – жоғары оқу орындарына, қалғаны техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына тиесілі. Нәтижесінде, санитарлық және қауіпсіздік нормаларының сақталмауы, су крандарының жұмыс істемейтіні, сынық кафельдер, оқу залдарының өз мақсатында пайдаланылмауы, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындардың болмауы анықталды», деді партия хатшысы.
Бүгінде еліміздегі 104 жоғары оқу орнында 198 жатақхана бар. Ондағы сыйымдылық тек 106 мың орынды құрайды екен.
«Өкінішке қарай, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін бір күнде шешу мүмкін емес. 58 білім ордасындағы жатақхана тапшылығын шешу мақсатында жекеменшік 182 жатақхана мен хостелді жалға алу туралы шешім қабылданды. Онда 24 560 орын бар. Меншік иелерімен бірнеше келіссөз жүргізіліп, Алматыдағы хостелдерді жалға алу құны айтарлықтай арзандатылды. Нәтижесінде, бір жатын орынның бағасы» 30-50 мың теңге аралығында белгіленді. Келісімге сәйкес онда тек студенттер ғана орналастырылады. Қауіпсіздік мәселесіне де мән беріледі. Жалпы, 2018-2022 жылдары елімізде студентерге арналған 26 390 орындық 99 жатақхана пайдалануға берілген. Биыл 8 854 орынға негізделген 32 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланыпты. Бүгінде оның алтауы жастарды қабылдап үлгерді. Қалғаны жыл соңына дейін жұмыс істей бастайды», деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Қазір республикада 1 миллионнан астам студент бар. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның сөзінше, ел аумағындағы 776 колледжде 517 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Ал биыл 190 мың талапкер оқуға қабылданған.
«Еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы 523 жатақханада 54 мыңнан астам студент тұрып жатыр. Алайда 6 312 орын әлі де тапшы. Әсіресе Ақмола облысы мен Алматы қаласында жатақхана тапшылығы бар. Сондықтан биыл колледж студенттері жатақханаларда қосымша 2 359 орынмен қамтылады. Соның ішінде жаңа оқу жылы басталғалы бері 6 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1 269 орынға негізделген тағы 6 жатақхананы пайдалануға беру көзделіп отыр. Сондай-ақ 19 колледждің студенттері хостелдер мен қонақүйлердегі 1 327 орынмен қамтылды», деді ол.
Отырыста Ұлттық экономика министрлігі Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Алмаз Құсайынов мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылып жатқан жатақханаларға тоқталды.
«Мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде Қызылорда қаласында 400 орынға негізделген жатақхана құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне арнап 3 310 орындық жатақхана салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек Президент тапсырмасы аясында әлеуметтік салада мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленіп жатыр. Осы кешенді жобаны пысықтау барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі 7 950 орынға арналған 4 студенттік жатақхана салу бойынша 3 жоба ұсынды», деді Алмаз Құсайынов.
Мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері және кеңес мүшелері мен құзырлы органдардың өкілдері қатысқан жиын қорытындысында кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы бұл мәселеге алдағы уақытта да ерекше мән берілетінін айтып, барлық ұсыныс назарға алынатынын атап өтті.