Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Таза шығын – 100 млрд теңге
Алғашқыда қаражат табу емес, жай қызық көру, достарымен бірге көңіл көтеру, демалу мақсатында ғана ойнаудан басталатын бұл кесел екінің бірін өзінің құшағына қалай тартып алатынын көп адам біле бермейді. Бұл жердің есігін ашпау керек. Ашып, ішіне кірдің бе, қайта шығуың екіталай. Ол бүкіл өміріңді, отбасыңды, бала-шағаңды, туған-туысыңды, жұмысыңды – бәрін де ұмыттыратын жер. Оның жас талғамайтыны өз алдына, тіпті адамның материалдық жағдайына да қарамайды. Өйткені құмар ойынға елітіп, бүтін байлығын казиноға қалдырып немесе онлайн бәске тігіп жатқандардың бәрі жағдайы төмен адамдар емес, олардың арасында танымал әртістер мен бай-бағландар да жетерлік.
Өткен жылы Парламент депутаттарының Премьер-министрдің орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында келтірілген мәліметтерге көз жүгіртсек, қазіргі күні елімізде 350 мыңдай лудоман бар екен. Өкінішке қарай, басым көпшілігі – жасөспірімдер. Олардың жалпы қарызын әрбір ойыншыға шаққанда, 10 млн теңгеден келеді. Елімізде дәм-тұзы жараспаған 10 отбасының 7-еуі құмар ойындардың салдарынан ажырасады. Ойынқұмарлықтың кесірінен жасалатын қылмыстар мен суицид оқиғалары көбейген. Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, кейінгі екі жылда құмар ойын нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, отандастарымыздың ең көп қаражат жұмсайтын «жетекші» салаға айналған. Осы жылдың бірінші жартысында ойынға кеткен халықтың таза шығыны 100 млрд теңгеден асыпты. Бұл – ІТ қызметтерге жұмсалған шығыннан бес есе, жылжымайтын мүлік операцияларына қарағанда екі есеге көп көрсеткіш.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық ауру деп танып, оның кесірі жоғарыда аталған жайттарға әкеп соғып жатқанына қарамастан елімізде құмар ойындардың жарнамасына заңды түрде тыйым салынған жоқ. Демек, өз өмірін құрбандыққа шалушылар кезекте тұр...
Лудомандар не дейді?
Ойнап көрем деп от басқан жандардың бәрін білімсіз, ақылсыз деуге ауыз бармайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бір басына жететін байлығы бар адамдар да, жоғары білімді, өмір көрген жандар да кейде құмархананың тұрақты клиентіне айналып жататынын көріп жүрміз. Ондай адамдар дер кезінде өз-өзін тоқтатпаса, біртіндеп бүкіл дүние-мүлкін, көлігін, тіпті жалғыз баспанасын сатып, ақшасын құмар ойынның «құдығына» құяды. Таныстарынан қарызға ақша алып, оны қайтармай жексұрын болады. Ұрлық-қарлық жасайды. Ең соңында тақырға отырып, барар жері, басар тауы қалмағанда кейбірі қылмыс жасап түрмеге отырады, не суицидке барады, енді бірі «осындай жағдайға қалай түстім, қайтіп құтыламын?» деп өз ішінде жаман мен жақсы, ақыл мен нәпсі арпалысқа түсіп, тығырықтан шығар жол іздейді.
Қазір интернетте ойынқұмарлыққа салынып, өмірін талқан қылған адамдар өз оқиғаларымен бөлісетін форумдар бар. Оқып отырсаң, әрқилы тағдыр, бірақ бәрінде ұқсас бір проблема. Біраз уақыт бұрын Мәжіліс депутаты әрі блогер Дәулет Мұқаев өз парақшасында ойынқұмарлық туралы жазба қалдырғаннан кейін оның жеке чатына көп адам өз оқиғалары мен бөліскен. Солардың бірі – мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, университетті үздік аяқтаған жас жігіттің оқиғасы. Ол да онлайн-казиноға бір рет бәс тігіп көрем деп оның басыбайлы «тұтқынына» айналған...
«Алғашында таныстарыма 150-200 мың теңге көлемінде қарыз болып жүрдім. Қайтаруға шамам келмей, қадірім кетті, абыройым төгілді. Қашқан кездер болды. Кейін жұмысқа кіргенде қарызым тіпті миллиондаған теңгеге өсіп кетті. Әріптестерім өмірімнің «көлеңкелі жағын» білмейтін. Кейін банктерден жұмыс орныма хат келе бастағаннан кейін, бір жерде ұзақ жұмыс істей алмайтын жағдайға жеттім. Бір ауылдың үміт күттірген баласы едім. Ақыры Астанаға қаштым. Сонда жұмыс істеп жүріп, ойынқұмарлықты бәрібір тоқтата алмадым. Букмекерлік кеңседе қонған күндерім көп болды. Қайыршының күйіне түстім. Бір күні қарным ашып отырып, «Осы маған не жетпейді? Неге мен осындай күйге түстім?» деп көп ойландым. Ауылға барып, анама бар шындықты айттым. 27 жасқа дейін ойынқұмарлықпен өмірімді өткізгеннен кейін, миллиондаған қарызымды жабу үшін құрылысқа жұмысқа кірдім. Шүкір, 1 миллион теңге ғана қарызым қалды. Мен бұл бәледен құтыламын», деп жазыпты ол.
Осындайда Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» деп басталатын жыр жолдары еске түседі. Біз бұған дейін бұл өлеңді тек ғылым-білім тақырыбын қозғаған шығарма деп түсінгеніміз рас. Шын мәнінде, мағынасына үңіліп қарасақ, ол жерде қазіргі лудомания проблемасы ашық айтылғанын көруге болады.
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге...»
Бұл жердегі ақиық ақынның «құмарланып шаттану», «ойнап босқа күлу», «бекер мал шашу» деп отырғаны – бүгінгі ойынқұмарлық кеселін дөп басып тұрғаны ақиқат.
Психологтер не дейді?
Мамандардың айтуынша, кез келген тәуелділік адамға жағымды көңіл күй сыйлау арқылы пайда болады. Ал ойынқұмарлықтың жағымды тұсы – ұтыс. Қолында нақты ұтқан ақшасы болмаса да, ол адамға үміт сыйлайды. Жоққа алдандырады.
Психологтер адамның құмар ойынға салынуының бірнеше себебі бар екенін айтады. Біріншісі – жалғыздық сезімі. Құмархана табалдырығын аттаған жан сол жерде уақытын өткізіп, ниеттес достар тауып, жалғыздығының орнын толтырғандай болады. Құмар ойын барысында алған әсері оны қайтадан осы жерге алып келеді. Осылайша қалай тәуелді болып қалғанын аңғармайды.
Екінші себеп – адамның өз-өзіне көңілі толмауы. Отбасында, жұмысында, достары ортасында, жалпы өмірде толыққанды жолы болмаған адам өзін құмар ойын арқылы көрсеткісі келеді. Ол жерде жеңіл жолмен қомақты пайда тауып, шынайы өмірге қарағанда «жеңімпаз» болып шығуды көздейді. Қолына аз-маз ұтыс түскен сайын одан да үлкен қаражат ұтармын деп «қарыздың тұңғиығына» бата береді...
Үшінші себеп – оңай ақша табу. Ешқандай маңдай терін төкпей, саусағын ғана қимылдатып отырып олжаға кенелу – қиялдағы «миллионерлердің» басты арманы.
Төртінші себеп – адамның түрлі тәуелділіктерге оңай берілгіштігі. Қазіргі тілмен айтқанда, «сынғыштық». Ойынқұмарлық – қызылды-жасылды дүниеге, жаңа сезімдерге еліктегіш адамдар үшін қатерлі. Мұндай жандар құмар ойынның «дәмін» бір татып көрсе, оған қайта айналып келуі әбден мүмкін. Сонымен қатар түрлі психикалық ауытқушылықтар да ойынқұмарлыққа берілуге итермелейтін себептердің бірі.
Құмар ойнау – ежелден келе жатқан «кәсіп». Сондықтан әлемдік діндерде оның зияны туралы көп айтылған. Жалпы қандай да кәсіп адал саналуы үшін оны жасаушыға және қоғамға пайдасы болуы керек. Екеуінің бірі болмаса, ол жұмыс адал емес. Ал құмар ойында екеуі де жоқ. Өйткені ойнаушы белгілі бір табысқа кенелсе де, оның тапқанынан ұтылғаны көп. Сонымен қатар бұл «кәсіптен» қоғамға, мемлекетке ешқандай да пайда жоқ екені түсінікті.
Қалай емделу керек?
Мамандар лудоманиядан арылу және емделу үшін ең алдымен сол адамның өз қалауы мен еркі болуы керек екенін айтады. Егер өзі қалап тұрмаса, оның бетін бері қарату қиын. Дегенмен, бұл жазылмайтын ауру, шешілмейтін түйін емес. Калифорнияның ойынқұмарлық проблемалары жөніндегі кеңесі бұл тәуелділіктен арылу үшін ең бастапқы қадамдар ретінде мынадай ұсыныстарын жасаған:
- Ойынға қанша қаражатыңды және уақытыңды жұмсайтыныңды алдын ала шешіп ал;
- Қазір ұтамын деп емес, ұтыламын деген сеніммен ойна;
- Құмар ойынды табыс көзі емес, көңіл көтеру ретінде сана;
- Егер қандай да бір ұтысқа қол жеткізсең, қуан, бірақ мұндай олжа енді қайталанбауы мүмкін екенін өз есіңе сал;
- Шаршап, көңілсіз немесе ашуланып тұрғанда ойнама;
- Құмар ойынға қанша уақытың мен ақшаңды жұмсағаныңды тұрақты түрде жазып жүр;
- Достарыңның көзқарасына көңіл аудар. Егер олар сенің ойыныңды ұнатпаса, олар сен көрмеген бір себепті көріп тұр;
- Тек өз ақшаңа ойна. Қарыз алма;
- Құмар ойын белгілі бір заңға бағынбайтынын, ұтыс кездейсоқ болатынын және сен оған әсер ете алмайтыныңды есіңде ұста;
- Ойын арасында үзіліс жасап, көшеге шығып жүріп қайт;
- Ойын барысында спиртті ішімдік ішпе, санаң сау болсын;
- Құмар ойын мен басқа да демалыс түрлерін тең ұстауға тырыс;
- Құмар ойынға барғанда қасыңда ойынқұмарлыққа салынбаған досың болғаны жөн;
- Ұтылыстың орнын толтырам деп жағдайды қиындатпа;
- Құмарлыққа қатты беріліп бара жатсаң, өзің сенетін адамдармен ақылдас...
Жоғарыда айтылғандай, бұлар – лудоманиядан арылу үшін ең бастапқы қадамдар. Егер мұның пайдасы болмаса, дереу психолог мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Өйткені ойынқұмарлық – нашақорлық, маскүнемдік секілді салдары өте ауыр дерт.