Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
«Бүгін екі бауырлас ел – Казақстан мен Түркия қарым-қатынастарындағы тарихи күн деп айтуға болады. Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мырзамен түркі әлемінің атажұрты – қазақ жерінде алғашқы рет жүздесіп, мағыналы әрі нәтижелі келіссөз өткізгенімізге дән ризамын. Алтай мен Анадолы арасы алшақ болса да, тағдырлас халықтарымыздың тілегі мен ықыласы ортақ, арманы бір.
Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы маңызды әрі ең сенімді серіктестерінің бірі. Ажырамас достығымыздың тағы бір айқын дәлелі – биік деңгейде орнатылған сындарлы диалог. Атап айтқанда, екі ел көшбасшылары, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайип Ердоған арасындағы бауырлас әрі өзара қолдау рухындағы кең пейілді ықпалдастығы. 2022 жылы өткен Қазақстан Президентінің Түркияға және Түркия Президентінің Қазақстанға өзара мемлекеттік сапарлары екіжақты қарым-қатынастарға үлкен серпін бергені сөзсіз», деді М.Тілеуберді.
Сала басшысы өткен жылы қабылданған кеңейтілген Стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен мәлімдемені ерекше атап өтті. Оның айтуынша, аталған құжат екіжақты қатынас қана емес, бауырлас халықтарымыздың болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарасын бір арнаға салды.
«Биыл Түркия Республикасының 100 жылдығымен және Түркия дипломатиясының 500 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – мемлекеттілік дәстүрінің терең тамырларының айғағы. Қазір Анкараның әлемдегі беделі мен рөлі жылдан-жылға артып келеді. Түркия жаһандық дағдарысты және аймақтағы шиеленіскен мәселелерді шешу ісінде ерекше белсенділік танытып отыр. Біз Түрік елінің экономика, технология, білім беру, сыртқы саясат және басқа салалардағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы ортақ мың жылдық тарих пен рухани мұраға негізделген ынтымақтастық нығайып, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді», деді М.Тілеуберді.
Сыртқы істер министрі келіссөз барысында ықпалдастықтың тың бағыттары айқындалғанын атап өтті. Қазіргі өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, диалогті одан әрі жалғастыруға уағдаласқанын жеткізді.
«Көптеген жаһандық үрдістер төңірегіндегі екі елдің ұстанымы өте жақын екенін баса айтқым келеді. Қазақ-түрік серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамып келеді. Көп жақты форматтағы ынтымақтастыққа қатысты өзекті мәселелер де талқыланды. Олардың қатарында Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бірлескен жобалардың өрісін кеңейтуге баса назар аударылды», деді М.Тілеуберді.
Сала басшысы 3 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммитіне Президент Режеп Тайип Эрдоғанның келетінін жеткізді. Бұл – серіктестіктің стратегиялық рухта дамытудың тағы бір жолы.
«Екіжақты байланыстардың өзегі – сауда-экономикалық ынтымақтастық. Түркия Республикасы – Қазақстанның төртінші орындағы сауда әріптесі. Өткен жылы тауар айналымының көлемі 6,3 млрд долларға жетсе, осы жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 3,6 млрд долларды құрады. Алдағы меже – осы алған екпінді жоғалтпай, тауар айналымын арттыру.
Орта және шағын кәсіпкерлер құрған кәсіпорындар бойынша да елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Түркияның капиталымен елімізде 4300-ден астам компания жемісті жұмыс атқарады. Осы уақытқа дейін Түркия Қазақстан экономикасына 4,7 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция құйып, ең ірі инвесторлардың ондығына кірді. Бүгінгі таңда 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оған қоса 50 жаңа жоба пысықталып жатыр», деді М.Тілеуберді.
Министрдің сөзіне сүйенсек, биыл бұл үрдіс жалғасқан. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша елімізге келген түрік капиталы 112 млн долларды құрады. Екі мемлекет болашақта инвестиция көлемін ұлғайтуға мүдделі. Қазақстанда жасыл экономика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалардың әлеуеті зор. Сондықтан Қазақстан тарапы елге келуге ынталы түрік компаниялары мен кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
«Біз көлік-транзит саласындағы мүмкіндіктерді әрі қарай арттыруға баса назар аудардық. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің («Орталық дәліз») әлеуетін толық пайдалану арқылы тасымалды ұлғайту қажет деген байламға келдік. Бұған қоса, транзиттік бағдарлардың әртараптандырылуы ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Түркия теміржолын түрік тарапы пайдалану мүмкіндігін ортаға салдық.
Тағы бір өзекті мәселе – ол әскери және қорғаныс өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде бұл бағыттың маңызы өте зор. Тарихы, тілі және құндылықтары бір елдеріміздің мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтіп, нақты іс-шаралар өткізу маңыздылығын атап өттік. Түркияның жетекші университеттерінің филиалдарын елімізде ашу мәселесі пысықталып жатыр. Қос дипломды бағдарламаларды іске асыру бойынша Түркия жоғары оқу орындарымен тиімді өзара іс-қимыл жасалады», деді М.Тілеуберді.