Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Ұлттық экономика министрлігі мен Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесіп өткізілген жиынға тұрақты дамуға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Іс-шара барысында жергілікті деңгейде батыл әрі серпінді қадамдардың қажет екені айтылды.
Брифингте сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори еліміздің орнықты дамуға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанына назар аударды.
«Келесі аптада Нью-Йоркте саммит өтеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының жаңа төрағасы жаңадан сенімді жүзеге асырып, ынтымақтастықты дамыту керегін айтты. Қазақстан мультилатерализмге және орнықты дамуға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Сонымен қатар БҰҰ-ның Жарғысын орындауға үлес қосып келеді», деді М.Фриберг-Стори.
Спикер отырыста еліміздің даму мақсаттары бойынша жеткен жетістіктері туралы сөз болатынын жеткізді. Оның айтуынша, 2015 жылы мемлекет басшылары тұрақты даму бағдарламасын қабылдау үшін жиналған болатын. Қазір әлем орта жолға жетті.
«Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін 7,5 жылға жуық уақыт қалды. Бұл саммит осы мақсаттарға жетуді жылдамдату үшін өткізілгелі отыр. Біз Қазақстанның алға қойған мақсаттарына барынша қолдау көрсетеміз. Бірнеше мысал кетіре кетейін. Мәселен, ана өлімінің төмендегенін көріп отырмыз. Бірақ онымен қоса кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүретін халық бар», деді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі.
Ұлттық экономика министрлігі Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова орнықты даму мақсаттары кедейшілікті жоюға бағытталғанына тоқталды.
«Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы шеңберіндегі Орнықты даму мақсаттары бойынша саммит қарсаңында жиналып отырмыз. Бұл саммит Орнықты даму мақсаттарының жеделдетілген прогресінің жаңа кезеңінің басталуын белгілейді. Өздеріңіз білетіндей, орнықты даму мақсаттарының тарихы 2015 жылдың 25 қыркүйегінен басталады. Дәл сол кезде БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде әлемдік көшбасшылар 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін қабылдады», деді Н.Жанназарова.
Баяндамашы атап өткендей, еліміз халықаралық қоғамдастықтың қатысушысы ретінде 2030 жылға дейінгі кезеңге орнықты даму саласындағы күн тәртібінде қойылған мәселелерді орындауға бел шешіп кіріскен.
«2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты күн тәртібі кедейлікті жоюға, теңсіздікпен күресуге, сондай-ақ климаттық өзгеруіне байланысты мәселелерді шешуге бағытталған 17 орнықты даму мақсатынан тұрады. Біз халықаралық серіктестеріміздің қолдауын жоғары бағалаймыз. БҰҰ-ның қолдауымен 2020-2021 және 2025 жылдарға арналған орнықты даму мақсатында ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Қазақстан орнықты даму қағидаттарын ұлттық бағдарламалар мен стратегияларға интеграциялаудың жоғары деңгейінің арқасында орнықты даму мақсаттарын іске асыру үдерісін жеткілікті, жақсы бастапқы позициядан бастады», деді Н.Жанназарова.
Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары Әділ Құсманов Қазақстан Үкіметі шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жаңа бағдарлама әзірлеп жатқанын жеткізді.
«Микро және шағын бизнеске өте аз салық салып, ал орта бизнеске үлкен салық төлесең, онда бизнес іріленгісі келмейді. Біз бизнестің өскенін қалаймыз. Яғни бұл дамуымыздың реформалар және қолдау аясындағы екінші бағыты деп айтуға болады. Ал мемлекеттік сатып алу жүйесіне келсек, онда да ілгерілеу бар. Шағын және орта бизнес үшін тіпті орта кәсіпорындардың ішінде де әлеуметтік тұрғыдан осал қызметкерлер болуы мүмкін. Оларға да мемлекеттік сатып алу аясында белгілі бір жеңілдік беріледі», деді Ә.Құсманов.
Оның айтуынша, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында Үкімет қазір жаңа бағдарлама дайындап жатыр. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, берілетін субсидия және жеңілдетілген кредит бизнестің ауқымына байланысты болмақ.
Биылғы Тұрақты даму мақсаттары саммиті 18-19 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының Жоғары деңгейдегі апталығы аясында өтеді. Мемлекет және үкімет басшылары тұрақты дамудың 2030 жылға арналған күн тәртібін және Тұрақты даму мақсатын (ТДМ) іске асыру барысын қадағалап, атқарылған шаруаларды талқыламақ. Саммиттің қорытындысы бойынша саяси декларацияны қабылдау жоспарланған.
Тұрақты дамудың 2030 жылғы күн тәртібі – кедейлік, теңсіздік, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның деградациясы секілді әлемдегі ең өзекті мәселелерді шешуге арналған жаһандық міндеттеме. Құжат 2030 жылға қарай әлемді өзгертуге арналған Тұрақты дамудың 17 мақсатынан тұрады.