Кездесуде тараптар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен тереңдетудің перспективалық бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан бірлескен инвестициялық жобаларды талқылады.
Роман Скляр Қазақстан инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ол Германияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ең маңызды серіктестерінің бірі деп атап, энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика сияқты басым салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделілік танытты.
Өз кезегінде Фолькер Трайер Қазақстан Германия үшін Орталық Азиядағы басты серіктес екенін атап өтті. Германия статистикасына сәйкес, елдер арасындағы сауда 2022 жылы 90,2% артып, жалпы сомасы 9,7 млрд еуроға жетті. Қазақстанның Германияға экспорты да 86,5% өсіп, 6,9 млрд еуроны құрады.
Фолькер Трайер елдердің экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету үшін үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігімен Германияның Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған Қазақстан-Германия бизнес форумына қатысты.
Форум аясында іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту мен кеңейту және екіжақты сауданы ілгерілету перспективалары мен мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы нақты бірлескен жобалар талқыланды.
Форумға Қазақстандағы мемлекеттік органдар мен жеке бизнес өкілдері, сондай-ақ Германия экономикасының 40-тан астам жетекші өкілдері қатысты.