Биыл көктемде Отан алдындағы борышын өтеу үшін Қарағанды облысынан шақырылған 30-дан астам мерзімді қызметтегі сарбаз түрлі жәдігерлермен толыққан музей экспозициясымен танысып, олардың тарихын сұрап білді. Көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлер туралы жан-жақты айтып берген музей қызметкерлері сарбаздар қойған сұраққа тұшымды жауап қайтарды.
«Әрбір сарбаз – ұлттың ұстыны. Оның тек елдің қорғаныс саласына ғана емес, рухани өміріне де араласуға құқығы бар. Біз жас сарбаздарға кітап оқуға, театр тамашалауға, музейлерді аралауға мүмкіндік береміз. Бір жыл ішінде бірнеше кітап оқыған жастар да бар. Өңірдегі музейлер алыстан келген жігіттерге осы өлкеден шыққан алып тұлғалардың өмірінен сабақ алуға мүмкіндік береді. Әрі Жетісудың тарихымен танысуға жол ашпақ», дейді Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор Жанат Сембаев.
Қазіргідей жаhандану кезеңінде мұражайлар тарихи мұраны сақтау, өскелең ұрпақты патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, жастардың тарихи санасын қалыптастыру сынды аса маңызды бағытта ерекше рөлге ие. Осыған орай әскерилер өздерін толғандырған пікірлерін ортаға салып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Солардың бірі – әскери бөлімнің сарбазы, қатардағы жауынгер Темірлан Қуатбек. «Музейге жасалған экскурсия қатты ұнады. Біз бұл жерден көне тарихи ескерткіштерді көрдік. Осындай іс-шаралар сарбаздардың рухтарын көтеріп, танымдық деңгейін арттыратынына сенімдімін», дейді ол.
М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде сарбаздар Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған мылтық, зеңбірек, граната секілді қару-жарақ пен сол кездегі әскери киім үлгілерін тамашалады.
«Бүгінгі күні қоғамда музейдің алатын орны ерекше. Музей – кешегі тарих, бүгінгі ғылыми-зерттеу орталығы, ертеңгі кемел болашағымыз. Музей – тарихи-мәдени және ғылыми құндылықтарды сақтауға, жәдігер заттар арқылы мәліметтерді жинақтап таратуға, өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан қалған мұралар жөнінде тәлім-тәрбие беруге арналған, тарихи қалыптасқан көпқырлы әлеуметтік ақпараттар институты», деген 15603 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, бөлім бастығы, майор Бекен Асылбеков мерзімді қызметтегі сарбаздардың дүниетанымын кеңейтіп, білімін жетілдіру үшін осындай экскурсиялар ұдайы ұйымдастырылып тұратынын айтты.
Жетісу облысы