Экономика • 14 Қыркүйек, 2023

Жаңа экономикалық бағдар жолында

254 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында еліміздің дамуына қатысты экономикалық мәселелерге баса назар аударылды. Оның ішінде жаңа экономикалық үлгіге көшу, өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өндірісшілерді қолдау, кен өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын дамыту, еліміздің туристік әлеуетін пайдалану, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі, халықты газбен қамту, су үнемдейтін технологияларды енгізу және салық бақылауы, креативті экономиканы дамыту сияқты еліміздің бүгіні мен болашағы үшін маңызды мәселелер қамтылды.

Жаңа экономикалық бағдар жолында

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Президент «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет», деген еді.

Еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнім бойынша үлесіне көз жүгіртсек, металлургия өнеркәсібі – 42,9%, тамақ өнімдері – 14,8% және маши­на жасау 12,7%-ды көрсетіп, жетек­ші салалардың бастауында тұр. Бұл салалардың жалпы үлесі 70,4% құрайды екен. Сонымен қатар сарапшылар халық сұранысының артуы­на байланысты сусындар, қағаз, былғары және ағаштан жасалған бұйымдарды өңдеу өндірісінің де өсіп келе жатқанын айтады. Өңдеу өнер­кәсі­бінің әлеуеті зор екенін ескерсек, оның эко­но­микаға жаңа өнім­дер­дің, жұмыс орын­дарының пайда бо­­луына, салықтық түсімдердің көбеюі­не, соның ішінде көлік пен қой­ма­лардың, сервистік компания­лар қыз­­меттерінің жетілуі жеңіл өнер­кәсіп­­тің дамуына әсер ететіні сөзсіз. Маман­дардың пікірінше, өңдеу секторы эко­номикалық дамуды қамта­масыз етуші күшке айналуы үшін ІЖӨ-дегі үлесі 40-50%-дан асуы керек. Сон­дық­тан шикізатқа тәуелділікті еңсе­ріп және өңдеу өнеркәсібі секілді жоғары қосылған құны бар салаларға басым­дық берілуі керек. 

Өңдеу өнеркәсібінің шикізатты қолжетімді бағамен алуының маңызы – Мемлекет басшысының назарында. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналып, осы ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға көңіл бөлінуі керек. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру бүгінгі күннің талабына айналып отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауда ұсынылған жаңа экономикалық сая­саттың сапалы әрі толық жүзеге асырылуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты екенін әрі реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап беретінін алға тартты.

Осы ретте өз пікірін білдірген Ин­новациялық экономика инсти­туты­ның сарапшысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мағбат Спанов: «Президенттің халыққа арналған жаңа Жолдауында түрлі атқарушы органдардың алдына бірқатар міндет пен мақсат қойылды. Негізгі екі мақсаты ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру мен халықтың әлеуметтік-экономикалық жақсаруын сезіну үшін тапсырмаларды жүзеге асыруға өте қысқа мерзім берілді. Бірақ, жалпы алғанда, кез келген тапсырманы жүзеге асыру екі факторға – кадрлық құрамдас бөлікке және ұсынылған өзгерістерді қаржылық қамтамасыз етуге негізделген. Кадрлық өзгерістер мен тағайындауларды өте жылдам жүзеге асыруға болады. Дегенмен қар­жы­лық саясатқа келетін болсақ, мұнда бәрі әлдеқайда күрделі. 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан бас­тап бізде макроэкономикалық сая­сат әрқашан қаржылық саясатпен алмастырылғанын атап өткім келеді. Үкімет белгілі бір мәселелерді шешуге жеткілікті қаржы бөле отырып, бұл мәселелерді қысқа мерзімде жедел шешуге тырысатын. Кейіннен, белгілі бір уақыт өткеннен кейін бұл мәселелер одан да үлкен қиындықтармен қайтадан алдыдан шығатын. Сондықтан қазіргі кезде макроэкономикалық саясатқа енгізілген өте сауатты қаржы саясаты қажет. Бұл валюталардың негізгі қор­жынына қатысты теңгенің тұрақты бағамын, төмен инфляция, отандық кәсіп­орындардың негізгі капиталына инвестиция салуға жағдай жасау, «сауат­ты» Салық кодексі мен бірнеше жыл бойы әлеуметтік шығындарды «қатырып тастауды» білдіреді дер едім», деді.

Оның айтуынша, ел дамуының экономикалық моделі 180 градусқа өзгеруі керек. Бір жағынан, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылудың басты бағдарынан ауытқымай, екінші жағынан халықтың әл-ауқатын ұдайы көтеріп отыруға тиіспіз.

«Елдегі инфляциялық үдерістерге түсініктеме беру өте қиын. Ұлттық банк пен Ұлттық экономика министрлігі мүлдем басқаша жұмыс істейді. Оған дәлел Ұлттық банкте 2024 жылға инфляцияның бір болжамды көрсеткіші бар, бұл 16,9% болса, ҰЭМ болжамы бойынша 6-8%. Өкінішке қарай, кейінгі бес жылдағы инфляцияға әсер ететін және Ұлттық банктің 2022 жылға арналған жоспарына сәйкес инфляцияның 3-4%-ға төмендеуіне әкелетін экономикалық саясат тиімсіз болып тұр. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылы бұл 21%-дан асты. Егер ал­дағы уақытта бұл саясат өзгеріссіз осылай жалғасатын болса, нақты инфляция 20% деңгейінде сақталады.

Сонымен қатар өз өндірісімізді дамытпайынша, экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу мүмкін емес. Ал бұл жерде тек өзіміздің шикізат пен ресурстарға, кадрларға ғана сенуіміз керек. Бұл жақын арада теңге бағамын бір долларға 500 теңгеден аспайтын деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.

Халықтың проблемасы көбі­не­се қар­­жылық сауатсыздықтан туын­дайды. Жалпыға бірдей деклара­ция халықтың көпшілігі үшін қар­жы­­лық мәселелерді түсінуде оң рөл ат­қара алуы мүмкін. Экономиканы цифр­­­ландыру қарқындап келе жат­қа­­нын ескерсек, цифрлық теңгенің пай­да болуы және оны қолдану аясын кеңей­ту алдағы жылдары ел экономикасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді», дейді М.Спанов.