Қаржы вице-министрінің айтуынша, 2024 жылға түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Аталған қаражат әлеуметтік маңызды және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады.
– Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысан салу, – деді А.Бейсенбекұлы.
Бюджет шығыстары 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Оның 40 пайыздан астамы әлеуметтік салаға тиесілі. 2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 5,3 трлн теңге, халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,5 трлн теңге көзделген.
Отырыс барысында депутаттар бірқатар өзекті мәселені көтеріп, сұрақтарын қойды.
* * *
Мәжілісте Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиевтің жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы таныстырылды.
Заң жобасы бойынша Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин баяндама жасады. Ол кепілдік берілген трансферт мөлшері 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, одан кейінгі жылдары барреліне 40,2- 41,8 долларды құрайтын бюджеттік ережелерге сәйкес кесімді бағамен анықталатынын атап өтті.
– Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2 трлн тенге мөлшерінде айқындалды. Сондай-ақ Ұлттық қор параметрлерінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырылатын «Ұлттық қор балаларға» жаңа әлеуметтік бағдарламасы бойынша балаларға төлемдер міндеттемелері ескерілді, – деді А.Әмрин.
Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд доллар, 2025-2026 жылдары 80,7-93,3 млрд доллар деңгейінде болжанып отыр.
Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобына Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мархабат Жайымбетов жетекшілік етеді. Отырыс барысында айтылған ұсыныс-пікірлер одан әрі талқыланып, қарастырылады.