Президент • 14 Қыркүйек, 2023

Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті - Мемлекет басшысы

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті - Мемлекет басшысы

Фото: akorda.kz

«Бұл сала, шын мәнінде, аймақтың қарқынды дамуы үшін тірек бағыты бола алады. Біз әлемде жаңа экономикалық географияның қалыптасып жатқанына куә болып отырмыз. Қытай, Еуропа, Ресей, Таяу Шығыс бағыттарындағы сауда-саттық ауқымы ұлғаяды деген болжам бар. Орталық Азия Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын жаһандық жолдардың торабында орналасқан. Бұл – аймақтың келешегіне кең жол ашатын елеулі артықшылығымыз. Қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше рөл атқарады», деді Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіндегі баяндамасында.

Мемлекет басшысының айтуынша, орта мерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін. Осы тұста Қазақстан тарапы цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы оның өткізу қабілетін жоспарлы түрде арттыруға ниет білдіріп отыр.

«Бізге бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңір ішіндегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды. Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары, сондай-ақ «Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы» автомобиль жолы туралы сөз болып отыр. Жалпы, Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті», деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.