Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2023

Ірімшік сайысынан жүлдемен оралды

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ірімшік дайындау тек аспаздық немесе кәсіптік емес, ірі деңгейдегі сайыстардың да өзегі болып келеді. Газетімізде бұрын Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы аумағында орналасқан «Жеті лақ» фермасы Францияда өтетін «Mondial du fromage – 2023» халықаралық ірімшік және сүт өнімдері байқауына жолдама алғанын хабарлаған едік. Бұдан үш жыл бұрын өз кәсібін бастап, бүгінде пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін шығарып, айына 3,5 тонна ешкі сүтін өндіретін ферма иелері Никита Кобзев пен Александра Григолованың Франциядағы сайыстан қоржыны құр қайтқан жоқ.

Ірімшік сайысынан жүлдемен оралды

Ірімшік өндірушілер арасында маңызды саналатын «Mondial du fromage – 2023» байқауында биыл 250 төреші әлемнің әр түкпірінде әзірленген ірімшіктің 1 600 түрі арасына 150 ірімшікті іріктеп алды. Олардың арасында Маңғыстаудан барған Алек­сандра мен Никитаның «Жеті лақ» фермасының өз өндірі­сіндегі ешкі мен түйе сүтінен да­йындалған ірімшіктің екі түрі бар. «Жеті лақ» фермасы бұл байқауға Қазақстан бойынша әрі тұңғыш қатысушы, әрі тұңғыш жүлдегер болды. Ни­кита мен Александра «Mondial du fromage – 2023» байқауында кү­міс және қола жүлдеге ие бо­лып, халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына қа­былданды.

– Қазақстан тарихында тұң­ғыш рет біздің өндірушілер әлем­дік үздік ірімшік жасау­шылармен конкурсқа қатысып, отандық өнімдерді ұсынды. Біздің мақ­сатымыз – ірім­шік мәдениеті мен ірімшік жасау шебер­лігін дамыту. Біз байқауға алты айдан аса уақыт дайындалдық. Жоғары жетістікке жеткенімізге өте қуаныштымыз және мақтан тұтамыз. Бізді халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына салтанатты түрде қабылдады, бұл – ірімшік әлемінің элитасы. Біз – Қазақстанның осы атаққа ие болған алғашқы ірім­шік жасаушыларымыз. Маң­ғыстау облысының әкімі Нұр­лан Ноғаевқа және Маң­ғыстау облысының кәсіп­керлер пала­тасына жан-жақты қолдау көр­сеткені үшін ерекше алғыс біл­діргіміз келеді, – деді А.Гри­го­лова.

10 гектар жерге жемшөп қой­масы мен сүт өңдеу цехын салып, ешкі өсірумен айналысатын «Жеті лақ» фермасы жаңа шабытпен өз кәсібін жалғастырады.

 

Маңғыстау облысы