Президент • 15 Қыркүйек, 2023

Аралды құтқару қорының келесі отырысы Қазақстанда өтеді

282 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің келесі отырысын Қазақстанда өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аралды құтқару қорының келесі отырысы Қазақстанда өтеді

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Бүгінгі саммит тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік жасау және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу арқылы ғана аймағымыздың тұрақты дамуын, қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ете алатынын анық көрсетіп отыр. Біздің кездесуіміз су саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін шешімдерді уақтылы және бірлесе қабылдауға мүмкіндік береді деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі келесі кездесуді өзі бастамашы болған БҰҰ аясындағы Аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.

«Сөзімді қорытындылай келе, Қор қызметін мүлде жаңа деңгейге көтеру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін тағы да растағым келеді. Қор жұмысына барлық құрылтайшы мемлекеттің белсенді араласуы су мәселесін тиімді шешуге және аймақтық интеграцияның одан әрі нығаюына ықпал етеріне сенімдімін», деді ол.

Жиында сондай-ақ Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев сөз сөйледі.