Жоба • 17 Қыркүйек, 2023

Ұлттық тележобалар таныстырылымы

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымдағы жобаларының таныстырылымы өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, телевизия ардагерлері, БАҚ жетекшілері мен журналистер қатысты.

Ұлттық тележобалар таныстырылымы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі маусымын ұлттық жобаларға арнады. Осы бағытта «Алтын қақпа» викториналық телесайысы, дәстүрлі әнші, күйші, жыршы-термешілердің қатысуымен өтетін «Інжу-Маржан» жобасы, «Мергендер мекені» телеви­зиялық садақшылар сайысы, қазақ жырларының тарихын бейнелеп көр­сететін «Жыр-аманат», ұлттық тағам түрлеріне арналған «Дала дәмі», Алаш тақырыбындағы теледәрістер топтамасынан тұратын «Ашық академия» жобалары эфирге шығады.

– Ұлттық арна соңғы жылдары ұлттық бояуын сақтай отырып, қоғам­дық-саяси телеарна ретінде қалып­тасты. Сапа, жаңа заманауи тренд­терді енгізу бойынша біздің ұжым нарықта көшбасшыға айналды. Осының арқасында аудиториямыз қатарына жастар көптеп қосылды. Соңғы деректер бойынша, арнаның жастар аудиториясы 32 пайыз­ды құрайды. Енді бұл санаттағы көрерменге салт-дәстүрлеріміз, ән-күйі­міз, дәстүрлі дастарқанымыз, жалпы айт­қанда, ұлттық құндылықтарымызды жаңа телевизиялық сапада, жаңаша форматта ұсынамыз, – деді басқарма төрайымы Ләззат Танысбай іс-шараның ашылу салтанатында.

«Інжу-Маржан» бағдарламасында еліміздің әр өңірінен жиналған 180 өнерпаздың орындауында 300-ден аса шығарма жазылып алынды. «Жыр-аманат» жобасында халық ауыз әде­биетінің бай мұрасы «Ер Қар­мыс», «Алпамыс батыр», «Жантай батыр» және «Батыр Баян» эпостары көрер­менге киноформатта жол тартады. «Мергендер мекені» ұлттық реалити жобасында еліміздің барлық айма­ғынан 2 мыңнан астам кәсіби және әуес­қой садақшы бақ сынап, жеңімпаз демеушілер есебінен Астана қаласынан пәтер иеленді. «Дала дәмі» көрерменді ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі дәм түрлерімен таныстырады.

Бұдан бөлек, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл 11 телехикая, түрлі тақырыптық бағытта 137 де­ректі фильм, 20 анимациялық жо­ба түсірді. Телехикаялар ішінде Қаз­ақ теле­визиясының 65 жылдығына ар­нал­ған «Парыз», ХХ ғасырдың 30-жыл­­дарындағы қазақ мәдениеті мен руха­ния­тының даму дәуірін суреттейтін «Ер­те көктем», түркі халықтарына ор­­тақ тұлға Қорқыт атаның өміріне ар­­налған «Қорқыт» тарихи сериалдары бар.

– «Қазақстан» телерадио корпорациясы тарихи сериалдар өндіруді, жалпы сериал нарығын дамытуды өзінің маңызды миссиясы ретінде жолға қойды. Та­рихи туындыларымыз арқылы ұлт тұлға­ларының өмір жолын дәріптеп келеміз. Биыл эфирге шығатын «Па­рыз» сериалы ұлттық арнаның негізін қалап, 65 жылдық тарихында ерекше қолтаңбасын қалдырған аға буын ал­дындағы парызымыз, – деді Л.Та­нысбай.

Ал 21 қыркүйектен бастап еліміз­дің барлық кинотеатрларында кор­­по­рацияның «Міржақып. Оян, қа­зақ!» то­лықметражды фильмі про­катқа шығады.

Маусымның спорттық басты жа­ңалығы – 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында «Qazaqstan» және «Qaz­sport» телеарналары Қытайдың Ханч­жоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойын­­дарын тікелей эфирде ұсынады. Әлем­дік бәсекенің ел аумағындағы транс­ляциялар құқығы тек «Қазақстан» телерадиокорпорациясына тиесілі. Ал дид­житал бағытында бұл маусым­ның басты оқиғасы – жақын күндері корпорацияның «Birge» деп аталатын онлайн кинотеатры іске қосылады.