Руханият • 18 Қыркүйек, 2023

Дәстүрге айналған жәрмеңке

286 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде кітап жәрмеңкесі жиі өтіп жүр. Қазақ баспалары ерекше қарқын алып, кітап саудасында бой көрсете бастады. Әсіресе қазақтілді оқырманның қазақтілді кітап нарығындағы белсенділігі де артып келеді. Жылда ұйымдастырылатын кітап жәрмеңкелері дәстүрге айналып, кітап мерекесі деген ұғым қалыптастырды. Бұл, әрине, бұрнағы кезеңдегі жәрмеңкесіз жылдарға қарағанда едәуір нәтиже.

Дәстүрге айналған жәрмеңке

Кітап мерекесі биыл да дү­бірлеп, жалғасын тапты. Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауымен Ұлт­­тық академиялық кітап­ха­нада «KitapTime – 2023» ІІ жалпы республикалық кітап фестивалі өтті. Жоба ұйымдас­тырушыларының айтуынша, аталған іс-шара – кітап оқуды кеңінен насихаттау, интеллектуалды жастарды ынталандыру, мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ кітап мерекесі республиканың көпшілік кітапханаларының қолдауымен еліміздің әр өңірінде бір уақытта қатар тойланды.

Фестивальдің алғашқы бө­лігінде «Руханият жолы» флэшмобы мен келушілер үшін көр­­­ме-жәрмеңке ұйымдас­ты­­­рылды. Жәрмеңкеге «Эль­до­­­радо», «Steppe&World», «Абай», «Пай­далы кітап», «Fox books»,

«Kitapal» кітаптар үйі, «Отбасы хрес­томатиясы», «Маз­­мұн­дама», «Qasym», «Qyr balasy, «QAZ­BILIM» бас­палары, «Сені­мен Болашақ», «Marfu Press» баспа үйлері мен рес­пуб­ликалық ата-аналар қо­ғамдық бірлестігінің кітаптары қойылды. Астанадағы Үндістан, Түрікменстан, Өзбек­стан, Әзер­байжан, Беларусь, Мы­сыр ел­шіліктері ұлттық павильон­дарын құрып, өз кітаптары мен танымал шығармаларын таныстырды.

сми

Сонымен қатар «Art-vision» қолөнер шеберлері мен су­рет­ші­­лердің павильоны, book­crossing, «Photo zone», балалар шығар­ма­­шылығына арналған алаңда ер­­тегілер қойылымы, шеберлік са­ғат­тары, интерактивті, ұлт­тық ойын­дар, балалар әде­биеті­нің кейіп­керлерінің шеруі жинал­ған­дарға жағымды көңіл күй сыйлады.

Фестивальдің ашылуына Мә­дениет және ақпарат министр­лігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төр­ағасы Қу­­ат Бораш, жазушы, Мем­ле­кет­тік сый­лықтың лауреаты Әлі­бек Асқар, Парламент Сена­ты­ның депутаты Нұртөре Жүсіп, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, өзге де зия­­лы қауым өкілдері қатысты.

Мәдениет және ақпарат министр­лігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төр­ағасы Қуат Бораш бүгінгі фес­тивальдің мәдени-рухани ма­ңызына тоқталып, барлық өңірде жалғасатынын жеткізді.

«Жалпы, министрлік тарапынан бұл бағытта көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Оқитын ұлт» жобасы аясында 2025 жылға дейін елдегі оқырмандар санын 40 па­йызға дейін көтерсек деген жос­пар бар. Бұл қолдан жасалатын науқан емес, осындай көпшілікке арналған іс-шаралар арқылы жүр­гізіледі. «Ұлттық электронды кітап­хана» негізінде республика бойынша бірыңғай барлық жерде іске асырылатын жаңа ақпараттық жүйе жасау жоспарланып отыр. Ол іске асса, кез келген кітапханада отырып, елдің барлық өңіріндегі кітапханалар қолжетімді болып, оқырман қалаған кітабын алып оқи алады. Бұл бағытта баспагерлер қауымымен, кітапханалармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл да қазіргі заман талабына сай жасалатын жоба деп ойлаймыз», деді Қуат Бораш.

Ұлттық академиялық кітап­ханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы кейінгі 5 жылда оқырман кітапханаға жиі келе­тінін, кейде тіпті орын болмайтынын айтты.

«Біздің кітапханаға күніне 500-800 адам келеді. Жалпы, 1,5 миллион кітап қорымыз бар. Элек­трондық порталда 70 мыңға жуық кітап бар, олар әртүрлі әлем­дік базалардан қолжетімді. Қазір қазақ әдебиеті де, шетел әдебиеті де сұранысқа ие. Бүгінгі оқырман, әсіресе танымдық, мотивациялық, психологиялық, философиялық кітаптарды жиі оқитынын байқаймыз», дейді ол. Сондай-ақ IT технология, дизайн және сәулет саласындағы кітаптар да жиі сұралады екен.

«Бірақ бәрібір бірінші орында көркем әдебиет тұрады – Абай, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Ма­ғауин, Шыңғыс Айтматов, ал шетелдік авторлардан – Толстой, Чехов, Достоевский, Ремарк, Золя көп оқылады. Оған қоса жаңа авторлар мен прозашылар – Бақытгүл Сәрмекова, Әлішер Рахат, Жадыра Шамұратова, Қанат Тілеухан, Мақсат Мәлік жақсы танылып келеді. Ілияс Омаров атты жас талантымыз орыс тілінде жазады және өте белсенді жұмыс істейді. Қазіргі маркетинг заманында авторлар қоғамға өздері шығуы керек. «Мен кітап жаздым, енді өздерің сатыңдар» деп мемлекетке қарап отыратын уақыт емес. Қазір әдеби агенттер қажет. Сондықтан авторлар кітаптардың сатылғанын күтіп отырмай, әлемнің, жастардың не оқып жатқанын зерттеуі керек. Мысалы, жас жеткіншектер комиксті көп оқиды, оларға за­манауи әлем туралы қысқа әңгі­мелер керек», дейді Ғазиза Құдай­бергенқызы.

«Жұлдызбен кітапханаға жол» жобасында танымал актерлер мен тележүргізушілер кітапханаға келушілерді тіркеді. Сондай-ақ қазақ тілінде көпшілік алдында еркін әрі тартымды сөйлеу, харизманы күшейту, басқару психологиясы сынды шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. «Алқа» әдеби-мәдени клубы «Қуыскеуде» кітабының тұсаукесерін өткізді. Биылғы фестивальдің ерек­ше­лігі, кешкілік фестивальге жи­налғандар «Кітапхана түні» мә­дени іс-шарасының куәсі болды. «Кітапхана түнінде» бизнес-коучинг, «Musikal party» клас­сикалық музыка кеші, «Quiz» интеллектуалдық алаңы, поэзия кеші, Астананың түнгі аспанын телескоппен тамашалау, түнгі карао­ке, Антикафе «Book & Сoffee» сынды түрлі қызықты, жан-жақты іс-шаралар ұйымдастырылды. Бір қуантарлығы, дәл осы күні 5 000-ға жуық адам кітапханаға аяқ басып, кітап мерекесіне қатыс­ты. Еліміздің әр аймақ, ауы­лында қатар өткен кітап фестиваль­дерінің де биылғы қар­қынды жұмысы көңіл қуантады. Түркістан об­лысының өзінде бір мезетте 396 кітапхананың осы жобаға атсалысуы рухани кітап мерекесінің маңызын арттыра түскендей.