Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова бірігу KASE базасында жүзеге асырылуға тиіс деп есептейді.
«Өйткені негізгі өтімділік сол жерде шоғырланған. Әрине, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) AIX-ке қатысты реттеуінде кейбір оң аспектілер байқалады және жеке платформа бар. Менің ойымша, бұл мүмкіндіктерді пайдалануға болады, бірақ бәрібір бірігу KASE негізінде болуы керек, өйткені белсенділік әлі де Алматыда», дейді ол.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бірігудің қандай форматта жүзеге асатыны Ұлттық банк, KASE және АХҚО-мен бірлесе отырып шешімін табады. Оның сөзінше, былтыр «ҚазМұнайГаз» IPO-сы кезінде акциялардың 70 пайызы КАSЕ-де, 30 пайызы AIX-те орналастырылды.
«KASE жергілікті инвестициялық алаңның рөлін атқарса, AIX негізінен халықаралық инвесторларды тартуға бағытталған. Қазақстан қор биржасы – операциялардың барлық түрін (money market, РЕПО, облигация, мемлекеттік бағалы қағаздар, акциялар) орындайтын толыққанды биржа. Ол жерде шетелдік компаниялардың да құнды қағаздарын сатып алуға болатын жаһандық алаңқай бар. Қазақстанның капитал нарығы аса үлкен емес, сондықтан тартымдылық үшін өтімділіктің бірыңғай пулын құрған маңызды», деді Агенттік төрағасы.
AIX биржасының басқарма төрағасы Әсел Мұқажанованың айтуынша, биржаларды біріктіру кезінде инвесторларды үркітіп алмау өте маңызды.
«Біздің ойымызша, AIX және КASE биржаларын бірлесіп басқарудың мақсаты отандық бағалы қағаздар нарығын дамыту болуға тиіс. Бұл ретте KASE сауда-саттық көлемінің 5 пайызға жуығы акциялар мен корпоративтік борыштық құралдарға тиесілі екенін, ал AIX-те саудаланатын көлемнің 100 пайызы бағалы қағаздар екенін ескеру қажет. Отандық компаниялар халықаралық нарықтарға (негізінен Лондонға) шыға бастады. Ал шетелдік инвесторлардың жергілікті нарыққа деген ынтасы да, қолжетімділігі де болған жоқ, өйткені біздің еліміздің заңдары мен реттеу тәсілдері әрқашан халықаралық ойыншылар үшін түсініксіз болып көрінді. Нәтижесінде, отандық жария компаниялардың бағалы қағаздары саудасының 65 пайыздан 93 пайызға дейінгі көлемі Лондонда жүзеге асырылады, ал қалғаны жергілікті биржалар арасында бөлінеді. Бұл отандық бизнеске, қор нарығына және жалпы ел экономикасына тиімді жағдай емес», дейді биржа басшысы.
Оның айтуынша, осылайша, AIX шетелдік капиталға есік ашты. Ең ірі жаһандық банктер, атап айтқанда, «J. P. Morgan», «Bank of New York», «State Street», «Citi», «BNP Paribas және Northern Trust» бүгінгі күні 165 трлн долларды құрайтын капиталды басқарады.
Әсел Мұқажанованың сөзінше қос биржаның интеграциясын мейлінше жедел жүзеге асыру керек. Себебі үдерістің кешеуілдеуі нарыққа, инвесторлардың көңіл-күйіне теріс әсер етуі әбден мүмкін.
«Бұл нарықтың өсуіне жақсы ықпал ететін және әлеуетті эмитенттерді, сондай-ақ шетелдік инвесторларды, соның ішінде қазіргі және болашақ инвесторларды «үркітіп» алмайтын өзгерістердің жақсы дамыған жол картасы болуға тиіс. Үдерісті кешіктіру алдағы IPO-ларға теріс әсер етуі мүмкін екенін нақты түсіну керек. Эмитенттер, брокерлер және басқа да нарық қатысушылары, әсіресе жаһандық инвесторлар, нарықтағы перспективалар түсініксіз болған жағдайда уақыт пен ресурстарды зая кетіргісі келмейтіні айдан анық. 2024 жылы бірнеше компанияның жоспарланған IPO-сына байланысты интеграцияны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру қажет. Бұл осы листингтердің табысты болуын қамтамасыз етеді және нарықтық инфрақұрылыммен байланысты тәуекелдерді азайтады», деді.
Қазақстан қор биржасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының қос биржаны қосу бойынша бастамасы ішкі қаржы нарығының өтімділігін және көлемін арттыруға көмектеседі.
«Қазақстан қор биржасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға қатысушы тараптарды тарта отырып және мүдделерін ескере отырып шаралар қабылдайды. Биржа сауда көлемі бойынша ТМД кеңістігіндегі екінші ірі биржа болып қала береді. 8 айдың қорытындысы бойынша KASE-дегі орташа күндік сауда көлемі 1,5 трлн теңге болды. Бір күнде жасалған мәмілелердің орташа саны 5,1 мыңнан асады. Айдың соңына дейін «KASE Клирингтік орталығы» АҚ-ны іске қосу жоспарланған», деп мәлімет береді қор биржасы.
Экономист Бауыржан Мұқановтың айтуынша, шетелдіктер үшін Астана биржасының жұмысы қолайлы болып тұр.
«Астанадағы биржа Дубайдың үлгісімен, ағылшын заңымен жұмыс істейтін болып құрылды. KASE-дегі заң – Қазақстанның заңы. KASE-де дауласып қалған екі компания Алматыдағы аудандық экономикалық сотта мәселесін шешеді. Ал АIX-те дауласқан компаниялар біздің Жоғарғы Сотқа бағынбайтын, Астана биржасының өз сотына барып жүгінеді. Осының арқасында онда Еуропа, АҚШ, Қытай, Ресей және араб әлемінің бірнеше компаниясы тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Астана биржасы болмаса, бұлар KASE-ге келмес еді. Өйткені Қазақстан заңы оларға тиімсіз. Астана биржасы Қазақстанның халықаралық нарыққа шығатын есігі ретінде қабылданып келді. Енді Президент екеуін біріктіреміз дегенде «кім кімді жұтады?» деген сауал туындайды», дейді сарапшы.
KASE 1993 жылы құрылған және Алматыда жұмыс істейді. Биржа акционерлерінің саны – 76. Оның ішінде Ұлттық банк (47 пайыз), Мәскеу биржасы (13,1 пайыз), «Комеск-Өмір» компаниясы (7,6 пайыз), «Қазақстан Халық Банкі» (6,8 пайыз), «Банк ЦентрКредит» (3,2 пайыз), Kaspi (2,6 пайыз) және басқалар бар. Биржада валюталық секция және шетелдік эмитенттер қағаздарының секциясы орналасқан. Ал AIX 2017 жылдан бері АХҚО юрисдикциясында жұмыс істеп келе жатыр. Биржа акционерлері – АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры және NASDAQ биржасы.